Атырау, 26 сәуір 10:40
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

«Армян» көліктері: миллион теңгенің орнына - 12 мың

4 295 просмотра

Жыл басынан бері елімізде және Атырауда армян нөмірлері бар көлік иелерінің  митингілері өтті. Естеріңізге сала кетсек, бұған осы көліктерді Қазақстанда тіркеу үшін төленетін соманың көптігі (миллион теңгеден астам) себеп болды. Наразылық білдірушілер жергілікті билік пен мемлекет басшысынан бұл соманың мөлшерін азайтуды талап етті. Бұл мәселені шешумен президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов айналысты.

Сөйтіп, 20 мамырда «ҚР азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстанға әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысы шықты. Соған сәйкес, Армениядан 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көліктердің барлығы есепке қойылуы тиіс.

Армян нөмірі бар сол жақ рульді көлікті уақытша есепке қою 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін жалғасады.

Көлік иелері барлығы 11 946 теңге төлейді: тіркеу алымы - 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж салығы  - 3473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж салығы - 7378 теңге.

Қандай құжаттар қажет:

- жеке куәлік;

- мемлекеттік тіркеу үшін 0,25% АЕК көлемінде төлем жасалғанын және ҚР Салық кодексінің 615-бабына сәйкес, мемлекеттік баж салықтары төленгенін растайтын түбіртектер;

- Армения Республикасының уәкілетті органдарында берілген көлік құралын тіркеу куәлігі (техникалық төлқұжат) мен мемлекеттік нөмірлер;

- мемлекеттік не орыс тілінен өзге тілде жазылған құжаттар мемлекеттік не орыс тіліне аударылып, аударманың дұрыстығы туралы нотариустың қолтаңбасымен куәландырылуы қажет;

- «Айрықша белгілер» бөліміне «ТСРА» және «басқа тұлғаға тіркеуге болмайды» деп жазылады.

- Қазақстан Республикасында көлік құралына берілген берілген көлік құралын тіркеу куәлігі (техникалық төлқұжат) және (немесе) мемлекеттік нөмірлер жоғалған жағдайда, олардың жоғалу жағдайлары жазбаша түрде көрсетіледі;

- мемлекеттік нөмірлер жоғалған жағдайда телнұсқасы Бірыңғай ақпараттық жүйеге өзгеріс енгізбестен дайындау арқылы беріледі.

Армениядан Атырау облысына әкелінген автокөлікті тіркеуге қатысты сұрақтарға жауап алу үшін 9:00-ден 19:00-ге дейін 8 (775) 056-94-68, 98-10-55 нөмірлері бойынша Call-орталығына хабарласуға болады.

Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Мырзәлі ӨТЕҒАЛИЕВ түсіндіргендей, Қазақстан Республикасына 2020 жылдың 1 ақпанынан кейін әкелінген көлік құралдарын тіркеуге рұқсат берілмейді. Бұдан басқа, Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында меншік иесі ретінде көрсетілмеген адамдарға тіркеу жүргізілмейді.

- «Көлік әкелуші» өз атына бірнеше автокөлікті тіркей ала ма, өйткені олар бірнеше көліктен әкеледі ғой?

- Иә, тіркей алады.

- Сақтандыру бойынша басқа адам тіркелген көлікті басқара ала ма?

- Иә, басқара алады.

Айтпақшы, барлық көлік құралдары Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сай келе ме, жоқ па, тіркелуі тиіс.

Армениялық машиналарға В литерасы бар, 18-аймаққа тиесілі сары нөмірлер беріледі. Көлікке техникалық төлқұжат әзірлеу барысында «Айрықша белгілер» бөліміне «Басқа тұлғаға тіркеуге болмайды» деп жазылады.

Жақында О. Құдайбергенов әлеуметтік желіде жазғандай, уақытша есепке қою алғашқы тіркеу, баж салығы мен утилизациялық алым үшін төлемеуге және көлікті әбден тозғанша пайдалануға мүмкіндік береді. Алайда иеліктен шығаруға құқығы жоқ. Барлық алымдар мен төлемдерді төлегеннен кейін тұрақты есепке тұра алады.

Оң рөлді көліктерге келер болсақ - рөлді өзгертіп (бұл қиын болса да), сол уақытша тіркеуден өтуге немесе көлікті шетелге немесе қосалқы бөлшекке сатуға болады.

Дайындаған Нұргүль ХАЙРУЛЛИНА

25 мамыр 2020, 00:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.