Атырау, 20 сәуір 11:21
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Балабақша не болмақ

6 862 просмотра

20 мамырда Атырау облысында меншік нысанына қарамастан барлық балабақшада кезекші топтар ресми түрде ашылды. Жеке балабақша басшылары карантин кезеңінде ұжымының бір бөлігі мен клиенттерін жоғалтқанына қынжылыс білдіруде.

КІМДЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Темірбек МҰСАҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, кезекші топтар ашылған кезде балабақшаларға бірқатар талаптар қойылады. Жас ерекшелігі бойынша біреуден ашылған кезекші топтың әрқайсысында 15 баладан аспау керек.

Ұйықтайтын бөлмелердегі кереуеттер кемінде 1 метр қашықтықта орналасуы керек. Бөлмелер желдетіліп, кварцталуы қажет. Күн сайын таңертең балабақша қызметкерлері мен балалар түгел тексеріледі - өткір респираторлық инфекция белгісі бар қызметкер жұмысқа жіберілмейді. Осындай белгілері бар балалар да қабылданбайды. Баланың денсаулығы туралы анықтамадан басқа, ата-ананың екеуінде немесе қамқоршыда және асырап алушы ата-анада өздері жұмыста болғандықтан баланың шынымен мектепке дейінгі білім беру қызметіне мұқтаж екендігін растайтын құжаты болуы керек.

- Covid-19 жұқтырған науқастармен байланыста болған адамдарға, сондай-ақ соңғы 14 күнде вирус жұқтырғандар көп тіркелген шетелден немесе Қазақстан облыстарынан келгендерге мектепке дейінгі мекемелерге балаларды ертіп апармаған жөн. Жүкті әйелдерге, 65 жастан асқан адамдарға балабақшаға келуге болмайды, - деді Т. Мұсағалиев.


ЖЕКЕ БАЛАБАҚШАДАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕН КЛИЕНТТЕР КЕТІП ЖАТЫР

Бұл күнді мектепке дейінгі жекеменшік мекеме басшылары ұзақ күтті. 11 мамырда бірнеше спорт секциясы мен білім беру жобалары ашылды. Осыған байланысты «Знамус» жеке балабақшалар шағын желісінің жетекшісі Зейнеп АСТРАХАНЦЕВА «балабақшалар жұмыс істеуге құқылы ма?» деген өз сұрағына жауап іздей бастады. Алайда, берілген ақпарат қарама-қайшы боп шықты. Нәтижесінде ол біздің өңіріміздегі жекеменшік балабақша мәселесіне назар аударту үшін ел президентіне хат жолдады.

- Біз экономикалық тұрғыда құрып жатырмыз, қызметкерлерімізді де жоғалтудамыз. Олар төтенше жағдайдың жойылуына байланысты енді 42 500 теңге төлемдерін ала алмайды - олар балаларын асырау үшін басқа салаға кетіп жатыр. Негізгі қызметіміз бала бағу болғандықтан, жұмысты қашықтан жасай алмаймыз. Еліміз мықты және тәуелсіз болып қалуы үшін ұрпақ дүниеге келуі керек. Ал олар дүниеге келуі үшін әр ана өз баласына сапалы күтім мен бақылау жасалатынына сенімді болған дұрыс. Аналар бұған сенімді болуы үшін біз, жекеменшік балабақша мен орталықтар қазір жойылып кетпеуіміз керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің бизнесімді және қаламыздағы 5 мыңға жуық бала тәрбиеленетін мектепке дейінгі 60 жеке меншік мекеменің бизнесін құтқарыңыз! – дейді Астраханцева.

Бастапқыда ол президентке барлық әріптестерінің атынан ұжымдық хат жолдамақ болған. Бірақ оның бастамасын 14 мекеме басшылығы ғана қолдапты. Сол кезде ол проблеманы ауызша жеткізбек болған.

- Екі ай - сәуір мен наурызда менің жұмысшыларым мемлекеттен 42 500 теңгеден алды. Мамырда төтенше жағдай аяқталды, енді оларға бұл көмекті алуға негіз жоқ. Бізде 4 филиал болып, 60 адам жұмыс істеді - деді «АЖ» тілшісіне Т. Астраханцева. -  Карантинге байланысты екі үлкен проблемаға тап болдық -  қызметкерлеріміз жұмыстан шығып, клиенттеріміз кетіп қалды. Қызметкерлер - отбасылы адамдар, балаларын асырауы керек, сондықтан олар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Пандемияның екінші толқыны болу қаупіне байланысты, біреуі қоғамдық тамақтану саласынан бизнесін ашуға шешім қабылдады, біреуі мемлекеттік сектордан тұрақтылықты іздеді. Мен оларды түсінемін. Бір филиалды жабуға мәжбүрміз. Біздің кейбір тәрбиеленушілеріміздің ата-аналары - шетелдік компаниялардың қызметкерлері, жұмыс берушілер оларды күзге дейін қашықтан жұмыс істеуге жіберген. Олар үйлерінде болғасын балаларына өздері қарайды, сондықтан біздің қызметіміз қажетсіз болып қалды.

Әріптестерінің көбі осындай жағдайға тап болды. Әсіресе, банкте несиесі барларға қатты әсер еткен. Олар несиені кейін төлеуге өтініш берген. Бірақ ерте ме, кеш пе, несие «демалысы» аяқталып, осы уақыт үшін толық төлем жасауға тура келеді.

- «Қайнар» мектебі қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Біз ұстаздар үшін барлық жұмыс орындарын сақтап қалдық. Бірақ қашықтан оқыту күндізгі оқу бөліміне қарағанда арзан. Сондықтан бизнес табыстылығы да, оқыту сапасы да төмендеді. Бұдан басқа, несиелер бойынша міндеттемелеріміз бар, оларды ерте ме, кеш пе орындауымыз керек. Қазір балалар мен ата-аналарға ұнайтын жазғы лагерьлердің жұмысына үлкен үміт артып отырмыз, - дейді «Қайнар» жеке мектебінің басшысы Индира ЖҰМАҒАЗИЕВА. - Бірақ мен ашуға асықпаймын, бастысы - балалар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі. Біз облыстың бас санитарлық дәрігерінің рұқсатынан кейін ашамыз.


ЖАЛАҚЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕНЕДІ

Қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде 1055 бала мемлекеттік балабақшаның, 157 бала жеке меншік балабақшаның кезекші тобына барады. Қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлімшесінің бас маманы Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА мемлекеттік балабақшада кезекші топтар ашылып, тәрбиешілер мен бала күтушілердің бір бөлігі жұмыс істей бастағанын растады. Қалған қызметкерлер әзірге үйлерінде. Бұдан бұрын Білім және ғылым вице-министрі Шолпан КАРИНОВА карантин кезінде мектепке дейінгі барлық мекеменің қызметкеріне меншік түріне қарамастан жалақы төленуі керек деп мәлімдеген еді.

- Балалардың бару-бармауына қарамастан мектепке дейінгі мекемелердің барлығында мемлекеттік тапсырыс орналасуы керек деген мемлекеттік комиссияның шешімі бар. Сондықтан педагогтардың жалақысы сақталады, - деп мәлімдеді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Алайда, шын мәнінде, толық жалақыны ұстап тұру мүмкін болмады.

- Мәжбүрлі жұмыс тоқтаған кезде тәрбиешілер Еңбек кодексінің 112-бабының 1-тармағына сәйкес ақша алуы тиіс. Осы құжатқа сәйкес, жұмыс берушіге және қызметкерге байланысты емес себептер бойынша жұмыстың тоқтағанын ресімдеу тәртібі мен еңбекақы төлеу шарттары еңбек немесе ұжымдық шарттарда белгіленеді және ол ең төменгі жалақыдан аз болмауы тиіс. Еңбек кодексінің осы бабының негізінде мектепке дейінгі мекемеде жалақы ұжымдық шартқа сәйкес төленеді. Әдетте, бұл 42 500 теңге көлеміндегі ең төменгі жалақы, - деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Әмина МҰХИТОВА.

Алайда, күзде пандемияның екінші толқыны болуы мүмкіндігін ескеріп, білім беру басқармасы бұл мәселені қызметкерлердің мүддесін барынша қорғап шешуге тырысуда. Қазіргі уақытта мемлекеттік балабақша қызметкерлеріне мәжбүрлі жұмыс тоқтаған кезде жалақы мөлшерінде ақы төлеу мүмкіндігі қарастырылуда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

22 мамыр 2020, 05:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.