Атырау, 21 желтоқсан 03:16
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Балыққа оттегі жетпеді дейік. Негізі қаншасы қырылды?

Сурет Бейнежазба
4 314 просмотра

«Ақжайық» МТР басшысы Нұрболат КЕРІМОВТЫҢ айтуынша, балық оттегі жетпегеннен қырылды деген қорытындыны олардың ихтиологы  орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы (балықты қорғау) мамандарымен бірлесіп, «Қазгидромет» РМК Атырау филиалынан алынған зерттеулер негізінде жасаған:

- Балық тұншықты, судағы оттегі мөлшері 4,5 болған, ал норма 6-дан жоғары.

- Бірақ балық әлі де қырылып жатыр, сіздер апта бойы күн сайын олардың өлексесін жинап отырсыңдар – сонда бәрі сол бір кезде қырылып қалғандар деп ойлайсыз ба?

- Әлі қырылып жатқан жоқ, олар тек қалқып шығып жатыр. 21 сәуірде табиғаттың әсері тиді, бұл факт.

- 21 сәуірден бастап барлығы қанша жиналды?

- Шамамен 1700 кг, - деп сендірді Керімов.

Лауазымды тұлғаның пікірінде сәйкес келмейтін тұстары бар.

1.Балықтың қырылу жағдайы бір рет болды.

Арнадағы суды зерттеу тапсырысын орындаған ресми қатысушы «Қазгидромет» РМК мәліметтері керісінше келтірілген.  «21 сәуірдегі балықтың қырылуының алғашқы жағдайына қатысты  5 тәулік ішінде оттекті биохимиялық тұтыну нәтижесі бойынша норманың шегінде (2,5-3,1 мг/дм3) болғанын хабарлаймыз» делінген компанияның сайтындағы баспасөз хабарламасында. Яғни, 21 сәуірде оттегі қалыпты жағдайда болғанын зертхана дәлелдеп отыр.

2. Балық әлі қырылып жатқан жоқ.

Керімовтың бұл пікіріне сол ресурста жарияланған факті қайшы келеді: «24.04.2020 күні «Ақжайық» МТР аумағындағы Приморский каналы бойында балықтың  қырылу фактісі қайталанғаны анықталып, «Қазгидромет» филиалының мамандары жоспардан тыс су сынамасын алуды ұйымдастырды».

3. Жиналған балықтың жарияланған көлемі - тек бір жарым тоннадан сәл артық - менің ойымша, өте аз көрсеткен сияқты.

Бұл жолы мен зертхана растаған деректерге сілтеме жасай алмаймын. Тек өзім көріп болжағаныма және куәгерлердің  айтуына қарағанда, өте көп балық қырылған болу керек. Судың бетіне қалқып шыққан балықтарды бірнеше күннен бері бақылап келемін. Біріншісінде резерват орналасқан Пешнойда еш кедергісіз өтіп шықтым. Түсірген бейнежазбам «АЖ» сайтында 25 сәуірде жарияланды. Бірақ біріншісінде теңізден ағынмен келген балықтың негізгі бөлігі жиналған жерді таба алмадым. Кейін табылды – Приморск каналына құятын  жерде бірнеше қатар ау құрылған екен. Оларды құрған адамдар резерватқа кіре берісте көпірден өлі балықты көрінбейтіндей жасап қойған, ал балық  жоғары, қалың қамыстың арасында жиналған, бұл жерге кез-келген адам бара бермейді. Сол жерден өлген балықты күнделікті жинап алуда. Кешегі бейнежазбалардың бірінде балықшылардың өлген балықты үлкен қайықтарға толтырып жатқанын көруге болады. Оны сол резерват аумағындағы үлкен шұңқырларда көміп жатыр. Объективті өлшеніп жатыр ма – белгісіз. Бірақ мендегі бейнежазба мен суреттер  бойынша соңғы екі күн ішінде 1700 келеден артық жиналды. Телефон арқылы Керімов видеода көрсетілген қайықтың біреуіне қанша балық сиятынын «дайын емеспін деп» айта алмады. Тәжірибелі балықшылар мұндай бір қайыққа бірден бір жарым тоннаға жуық балық сиятынын айтады. Енді өлген балықты шығару үшін экскаватор мен самосвал көліктерін жұмысқа тартты. Бір күнде ол жерден он тонна көтеретін екі көлік шықты.

Әлбетте, бұл әдеттегідей жағдай емес. Жайық пен Каспийде балықтың қырылуын қалыпты жағдай деуге болмайды. Өйткені өзен мен теңіздің әл-ауқатына адам өмірі мен денсаулығы тікелей байланысты. Бірақ жергілікті билік пен жауапты сала мамандары өз әдетінше әліптің артын бағып отыр. Оқиға туралы алғашқы күннен бастап бірде-бір ресми мәлімдеме болған жоқ.

Ақпаратты тек журналистер ғана, атап айтқанда, «АЖ» жариялап, назарға алып отыр. Жауапты тұлғалар халық үшін маңызды ақпаратты жасырудың смартфон дәуірінде тиімсіз әдісін не үшін таңдаған? Құдай ақы, бірдеңе бүлдіріп, белдіктен қорыққан бала секілді.

Айта кетейік, алдыңғы мақала шыққаннан кейін резерват қызметкерлері қызметтік қырағылық танытып, тіпті өз өкілеттік шеңберінен асып түсті. Мен бірнеше сурет түсіріп алу үшін Приморский каналының үстіндегі көпірге еркін шықтым, бірақ кенет қайдан шыққаны белгісіз  форма киген екі  адам пайда болды. Олар меннен суреттерді жоюды талап етті, әйтпесе телефонды тартып аламыз деп қорқытты. Жеке куәлік (кіре берісте өзіңізбен бірге ID-құжат болу қажеттілігі туралы хабарлайтын тақтайша ілініп тұр) пен қызметтік куәлікті көрсеткенімнен ештеңе  өзгерген жоқ. 

Бір инспектор көліктің есігін ұстап қозғалуға мүмкіндік бермеді, ал екіншісі шлагбауымды түсіріп қойды, сөйтіп, мен қоршауда қалдым. Мен экологиялық сипаттағы ақпаратты жасыруға болмайтынын және олар менің тікелей кәсіби міндетімді атқаруға кедергі келтіріп, тек БАҚ туралы заң емес, ҚК талаптарын бұзып отырғандарын ескерттім. Сонымен қатар олар маска және қолғапсыз маған өте жақын тұрып, Ковидпен күреске байланысты ТЖ режимі ережесін бұзды. Осы сөздерден кейін біреуі қалтасынан  бүктелген маска шығарып, екіншісі дүңгіршекке қарай жүгірді. Сол кезде мен олардың басшылығы - резерват бастығының орынбасары Әлімғали ДАУЫЛБАЕВПЕН телефонның дауысын шығарып хабарласып үлгердім, ол журналистті дереу босатыңдар деп қысқа қайырды. Кейін телефонмен сөйлескенде, МТР басшысы Керімов «алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берілмейді» деп уәде етті. 


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

28 сәуір 2020, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.