Атырау, 21 желтоқсан 03:35
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Приморскде балық әлі қырылып жатыр

Сурет Бейнежазба
5 142 просмотра

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы Приморск каналында балықтар әлі қырылып жатыр.

Балықтардың қырылғаны туралы алғаш рет 21 сәуірде ресми хабарлады. Бірақ куәгерлер балықтың әлі қырылып жатқанын айтады. Бұған өз көзім жетті. Канал бойында өлі балық өте көп екен, олар тек су жиектеріне немесе қамыс сабақтарына кептеліп қалған. Олардың қаншасының батқаны немесе жинап алынғаны белгісіз. Алайда жағалаудан шіріген балықтың күлімсі иісі сезіліп тұр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, күнде таңертең теңіз жақтан соққан жел өлі балықтарды үйіп тастайды екен. Ал оны күнде ертемен жинауға кіріседі. Жиналған балық сол жерге асығыс қазылған шұңқырларға еш белгі қойылмастан көміледі екен.

- Жоқ, біз балықты тек 21 және 24 сәуірде жинадық, -  дейді резерват басшысының орынбасары Әлімғали ДАУЫЛБАЕВ.

- 21 сәуірде 27 келі балық жиналды деп айтылды. 24 сәуірде қандай және қанша балық жиналды?

- 750 келі, негізінен қаракөз, табан балықтар.

- Балықтың қырылу себебі анықталды ма?

- Білмейміз, балықтың жай-күйі туралы анализдер бар. Мамандар ешқандай уланған, күйген, зақым келген белгілер таппады. Бәрі дұрыс, желбезектері таза. Балықтың 70 пайызы уылдырық шашқан, яғни, әлсіреген.

- 25 сәуірде каналға аяқтай барып, камераға түсірдім. Балықтың бәрі шабақтар. Меніңше, шабақтардың уылдырық шашып, әлсіздіктен өлуі мүмкін емес.

Дауылбаев жауап бермеді.


Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек ҒАЙСИН де оның себептерін білмеді. Дүйсенбіде талдау қорытындыларын күтіп отыр екен. Ол бір рет болған оқиға нұсқасын ұстанады. Оның айтуынша, 21 сәуірде қырылған балықтың қалдықтары әлі су бетіне шығып жатыр екен.

Ал талдау жасау тапсырысын орындаушы – «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы өз сайтына: «21 сәуірдегі балық қырылған бірінші жағдай бойынша, 5 тәулік ішінде оттегіні биохимиялық тұтыну нәтижелері норма шегінде (2,5-3,1 мг/дм3) екенін хабарлаймыз» деген алғашқы сынама қорытындысын шығарып қойыпты. Яғни, балық: а) уланбаған; б) тұншықпаған. Ендеше неден қырылып жатыр?

Спойлер: «Қазгидромет» қайтадан сынама алатындығы жөнінде жариялаған. Ал «Приморск каналында балықтардың қырылу фактісінің қайта анықталуына байланысты» 24 сәуірде су сынамалары алынды.

Метеорологтардың пікірінше, 23-25 сәуір аралығында Жайық өзенінің арнасына желдің әсерінен Каспий теңізінен су келіп, соның салдарынан болжам бойынша өзенге балық келген (су деңгейі тәулік ішінде 14-30 см-ге көтерілген).

Су сапасын талдау басты иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдарды қоса алғанда, 39 көрсеткіш бойынша жүргізіледі.

Су температурасы, сутегі көрсеткіші, ерітілген оттегі, оттегімен қанығуы, мөлдірлігі, түсі қалыпты болған, табиғи суға тән емес иіс табылмаған.

Гидрохимиялық көрсеткіштерден жалпы темір бойынша: «Ақжайық» резерваты постының жанында және посттан ағыс бойынша 4 км төмен нүктеде 1,1-1,2 есе асқандығы байқалған.

29 сәуірде «оттегіні биохимиялық тұтыну» талдауының нәтижелері жарияланады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

26 сәуір 2020, 14:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.