Атырау, 21 желтоқсан 03:29
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Балыққа тағы не болған?

Толықтырылды Бейнежазба
6 269 просмотра

Бүгін, 21 сәуірде оқырмандарымыздың бірі «АЖ» редакциясына қара балықтың қырылып жатқаны туралы бейнежазба жолдады.

Куәгер бейнежазбаны 21 сәуірде таңертеңгі сағат 7-де Жайық өзенінің Приморск каналында түсіріп тұрғанын растайды. Кадрда өлі балықтың теңізден Жайыққа қарай құйылатын ағынды су бетінде қалқып жүргені анық көрінеді.

Тиісті органдардан түсініктеме күтеміз.

Біраз уақыттан кейін, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Приморск каналында балықтың қырылу фактісі тіркелгендігі туралы ақпарат таратты.

«2020 жылдың 21 сәуірінде таңғы 7-ден кешкі 10-ға дейін Приморск каналында теңізден Жайыққа қарай ағатын саласынан шалажансар қара балықтың жүріп жатқаны байқалды.

Балық арасында ірі табан балығы мен жетілген қаракөздер басым. Зертханалық зерттеу жүргізу үшін бірнеше нүктеден су сынамалары алынды.

Жедел талдау әдісімен суда ерітілген оттегі концентрациясы анықталды: Жайық өзенінің өзінде 9,7 мг/л, Жайық өзені мен Приморск каналының түйіскен жерінде 3,5 мг/л және Приморск каналының ортасында 1,5 мг/л.

Айта кету керек, шалажансар балықтың көбі Жайық өзеніне түскен соң тіріліп, су айдынында жоғалды. Өлі балықтар жинап алынды, қазіргі уақытта өлі балықтардың мөлшері есептеліп жатыр.

Өлі балықтың сынамалары алынып, қырылу себебін анықтау үшін ветеринариялық инспекцияға сараптамаға жіберілді. Балықтың қырылғаны анықталған жерде қаракөз бен табанның бірнеше данасы тексерілді. Тексеру кезінде қаракөздің көбі уылдырық шашқандығы, ал табанның 4-сатыдағы пісіп жетілу кезеңінде екендігі анықталды.

Балықтардың қырылу себептері зертханалық зерттеулерден кейін белгілі болады», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Балықтың қырылуына қатысты жағдайға «Ақ Жайық» табиғи резерваты комментарий берді. Оның өкілі Зүлпан ИМАНҒАЗИЕВАНЫҢ айтуынша, таңертеңгілік сағат 7 шамасында Приморский каналында Жайыққа кірер бағытта шала-жансар балықтың жүріп бара жатқаны байқалды. Сол уақытта судан жағымсыз иіс болған жоқ, бірақ лай болды. Балықтың көбі өзенге шыққанда тіріліп кетті.

Атырау облысы бойынша экология департаменті және «Қазгидромет» РМК филиалының мамандары судың сынамасын алды.

Өлген балықтың 27 келесі жиналып, «Тілекші» ЖШС-не тапсырылды. «Бұл көктемгі су көтерілген кезеңдегі табиғи құбылыс» деді резерваттағылар. 


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

21 сәуір 2020, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.