Танысып қойыңыз: Нұржан ДҮЙСЕНӘЛИЕВ – Google компаниясындағы жерлесіміз. Бүгінде атыраулық жігіт компанияның Лондондағы кеңсесінде бағдарламашы-инженер болып жұмыс істейді.
Кез-келген табысқа жету хикаясы секілді, жас жігіттің әлемдегі бүкіл IT мамандарының арманындағы компанияға барар жолы өте қарапайым екен: телефон арқылы бірнеше рет сұхбаттасқан, кейін Лондонда бетпе-бет әңгімелесіп кездескен, содан соң Қазақстан-Британ техникалық университетінің төртінші курс студенті Google компаниясынан шақырту алады. Оқуын тәмамдауын күтіп, Ұлыбританиядан курстан өту ғана қалады.
Шын мәнінде, ол бұған дейін көп жылдар бойы оқып-тоқыған еңбегінің жемісі еді.
- Егер Google, Facebook немесе осыған ұқсас компанияларда жұмыс істегіңіз келсе, математиканы, спорттық бағдарламалауды және ағылшын тілін меңгерген жөн. Leetcode.com, hackerrank.com сияқты сайттар бар. Бұл жерде онлайн түрінде сұхбат барысында болатын тапсырмаларға ұқсас есептерді шешуге болады. Жоғарыда аталған сайттардан күніне 3-4 сағаттан бірнеше жыл тынымсыз шұғылдансаң, орташа және күрделі есептерді шешіп, тәжірибеден өтуге немесе толық ставкада жұмысқа қабылдануға жақсы мүмкіндік береді, - деп кеңес береді Нұржан. - Әр компания қайта тапсыру үшін бірнеше мүмкіндік береді, сондықтан бұл өте тамаша нәрсе.
Нұржан – Жилгородок тумасы, №20 мектепке бірінші сыныпқа барған. Орта сыныптарда, ағасымен бірге қазақ-түрік лицейінде оқып жүргенде бағдарламалауға қызығушылығы оянған.
Оқушылардың бәрі пәндік олимпиадаларға қатысуға дайындалып жүргенде, Нұржан бағдарламалауды таңдайды. Өйткені бала кезінен бастап математикаға мықты болды. Аналитикалық ойлауы, табиғи қабілеті және үнемі жаттыққанның арқасында ҚБТУ-ға оқуға түсті. Ал төртінші курсқа келгенде Google компаниясында қатаң іріктеуден сәтті өтеді.
Америка оған өте ұзақ болып, ал Силикон алқабы – зеріктірердей көрінді. Сұхбаттасуға келген кезде тұманды Альбион бірден атыраулық жігітке жылыұшырайды: әдемі қала, жағымды атмосфера.
ӘЖЕЛЕР КЕЗЕКПЕН КЕЛЕДІ
- Бұл жерде жұмыс істеу өте ыңғайлы, кеңседе барлық жағдай жасалған, тек еңбек етсең болды. Бірақ артық жұмыс істегенді құптамайды. Басшылық кеңседе кешке дейін қалуға қарсы. Мұндай режим кейін денсаулық пен жұмыстан тыс өмірге кері әсерін тигізеді деп саналады. Әріптестерімнің барлығы өз ісінің шеберлері, көбі басқа жерден келгендер, негізінен еуропалықтар. Жұмыста икемді кесте белгіленген, сондықтан жеке істеріңе, хоббиіңе, отбасыңа көңіл бөлуге уақыт жеткілікті, - дейді Нұржан.
Бейімделу аса қиындықсыз өткен, бастапқыда басқа елде тіл жағынан ғана болған. Бүгінде жерлесіміз Ұлыбритания астанасында өзіне толық сенімді, тек туыстары мен достарын сағынады. Асылған ет пен Қазақстаннан жолданған қазы сағынышын арттыра түседі. Лондондық қазақтардың өздері де бас қосып тұрады: аптасына бір рет жерлестер түскі ас ішуге немесе кеңседе шай мен кофе ішуге міндетті түрде жиналады екен. Нұржанның жанында сүйікті жары Бақытгүл және кішкентай қызы бар. Өткен көктемде сәбиі дүниеге келген кезде компания жас әкеге бала күтімі үшін 3 ай демалыс берген. Осы уақыт бойы отбасы әжелерімен бірге болған - алдымен Нұржанның анасы, содан кейін Бақытгүлдің анасы келіпті. Олар кеткеннен кейін балаға қатысты барлық күтім жас анаға жүктелген.
БАЛАМЕН СӨЙЛЕСКЕНДЕ, СӨЗІҢЕ АБАЙ БОЛ
- Мен тез үйреніп кеттім. Тек Нұржан екеуміз бір жерге барғымыз келсе, қызымызды тастап кететін ешкім жоқ. Сол қиындау. Бірақ біздің достарымыздың бәрінде де осы проблема. Сәби балабақшаға аптасына 5 рет барса, біздің ақшамен, шамамен, айына 800 мың теңге төлейсің. Басқа режимді, мысалы, аптасына 2 рет баруды да таңдауға мүмкіндік бар. Балаларды 2 айдан бастап бөбекжайға беруге болады, бұл жұмыс істейтін аналарға үлкен көмек. Бала өскен кезде, сәл жеңілдейді - 3 жастан асқан сәбилерге мемлекет балабақшаға 15 сағат тегін баруды қарастырады. Сонымен қатар, балаларға арналған мемлекеттік орталықтар жұмыс істейді, онда баламен күніне екі сағат - тегін уақыт өткізуге болады. Біз бұл қызметті жиі қолданамыз. Күн жылынғанда балалар саябақта ойнайды, өлең жаттап айтады, - дейді Бақытгүл.
Ол да Атыраудың тумасы. Нұржанмен бірге бір факультетте оқыған. Бұрынғы Одақ кезінде өмір сүрген адамдар секілді, жас ана да біздің және ағылшындардың медицинадағы айырмашылықтарын әңгімеледі. Мысалы, дәрі-дәрмектерді тағайындау өзгеше. Шетелде оларды нағыз болмай жатса ғана тағайындайды, дәрігерлер көбіне ағзаның өзі жеңе алатын нәрсемен өзі күресу керектігін қолдайды екен. Бұл жерде жаңа туған нәрестенің кіндігін өңдемейтін көрінеді. Бірақ босанған әйел мен сәбиге бүкіл медициналық көмек жоғары деңгейде және ақысыз көрсетіледі. Себебі бұл қызметтерге көп салық төленеді.
Ағылшындар үшін бала құқығы - қасиетті ұғым. Олар ата-ананың баланы ұрғанын немесе оған дөрекілік танытқанын көрсе, дереу полиция шақырады. Полиция бала отбасында қысым көріп жүр ме, жоқ па, тергеу жүргізеді. Бала мектепке барар алдында үйіне арнайы қызметтен өкілдер келеді. Олар отбасында оның білім алуына жағдай жасалған ба, жоқ па, соны тексереді.
- Таныстарымыздың бірі, ересек әйел университетте тентек болған баласына ашуланып: «Сен баланы өлтірем» деген екен. Полицейлер бұл көрініске куә болған. Олар жақындап келіп, анасының не айтқанын сұрайды. Бала сөзбе-сөз «I will kill you» деп, тікелей мағынасында аударып, айтып береді. Сол күні үйлеріне полиция барып, жауап алу үшін әйелді алып кеткен, - дейді Бақытгүл.
Сондықтан, Google-де жұмыс істегіңіз келсе, бағдарламалаумен айналысыңыз, басқа елде өмір сүргіңіз келсе, оның заңдарын үйреніңіз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Нұржан Дүйсенәлиев ұсынған суреттер