Дүкендер мен супермаркеттердің сөрелері босап қалып жатыр. Бұл орайда Премьер-министр Асқар МӘМИН әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) және тұрақтандыру қорларының ресурстарын белсенді пайдалану қажеттілігін атап өтті. Біздің «Атырау» ӘКК-де қалай екен?
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 қаулысына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне 19 тауар түрі кіреді. Атап айтқанда: 1-сұрыпты бидай ұны, 1-сұрыпты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, асханалық сәбіз, пияз, ақ қауданды қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), жұмсақ орамдағы майлылығы 2,5% пастерленген сүт, жұмсақ орамдағы майлылығы 2,5% айран, сары май (тұздалмаған, толтырғыштар мен өсімдік майлары жоқ, майлылығы кемінде 72,5%), 1-ші санаттағы тауық жұмыртқасы, ас тұзы («Экстра»-дан басқасы), майлылығы 5-9% сүзбе.
Биыл тұрақтандыру қорына қанша тонна өнім жиналғаны туралы сұраққа, облыстағы тұрақтандыру қорының операторы «Атырау» ӘКК: «Тұрақтандыру қорында 1513,1 тонна тауар бар, оның ішінде: картоп - 563,8 тонна, пияз - 110 тонна, сәбіз - 89,5 тонна, қырыққабат - 129,8 тонна, ұн - 620 тонна», - деп, тек көкөністер мен ұнды санамалап шықты.
Үкімет қаулысында көрсетілген жарма, ет, майлар туралы бірде-бір сөз жоқ.
- Бағалар шарықтап, сөрелер бос қалды делік, қалай әрекет етесіздер?
- Бүгінде жоғарыда аталған жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстағы экономикалық жағдайды тұрақтандыру және бақылау үшін жедел әрекет ету штабы құрылды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ