Атырау, 23 қараша 02:25
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Резерватты тікұшақтан сөндіру тиімсіз»

3 293 просмотра


Неге балалар Жайыққа батып кетеді, суға кеткен адамның денесін іздеуге неліктен көп уақыт жұмсалады? Неліктен «Ақжайық» резерваты өрт жиі өртенеді және оларды өшіру қаншалықты қиын? «АЖ»-ның осы және басқа да сұрақтарына Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ жауап береді.

- Жыл басынан бері 6 адам суға кетті, оның үшеуі бала, - дейді С. Өмірзақов. - Биыл облысымызда айтарлықтай қыс болған жоқ, мұз да қатпады. Балалардың көбі демалыс күні суға кеткен. Ата-ана балаға бас-көз болып, қараусыз қалдырмау керек. Балаға тәрбиені мектеп немесе балабақшадан емес, үйден беруі керек қой. Өзім ұл-қыздарымды өсіріп, 10 немере тәрбиелеп отырмын. Әрқашан қауіпсіздік туралы айтып отырамын. Біздің қызметкерлер қазір мектептерді аралап, балаларға қауіпсіздік туралы дәріс оқуда. Бірақ, қайталап айтамын, ең үлкен жауапкершілік – ата-анада болу керек.

2019 жылы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 1760 рет жедел шақыртуларға шығып, 174 адамды құтқарып, 446 адамды эвакуалацияласа, 26 жарақаттанған адамға көмек көрсеткен.

- Суға кеткен адамдарды іздеуге бір тәулік, кейде екі тәулік не одан да көп уақыт кетеді. Неліктен?

- Штатта 27 құтқарушымыз бар. Өкінішке орай, біздің Жайық Көкшетаудың көлдері сияқты мөлдір емес. Су астынан адамды іздегенде, қолмен сипап іздеп, «зиг-заг» әдісін қолданады. Сосын эхолоттың камерасын қолданамыз. Онда да толық көре алмаймыз, бірақ бір нәрсе көрінсе, сол жерге сүңгуір барады. Іздеу жұмыстары өте қиын болғанымен, барынша табуға тырысамыз.

- Атырауда қазір шомылуға тыйым салынған және қауіпті неше учаске бар?

- 2019 жылы 58 қауіпті учаскені анықтап, «Суға түсуге тыйым салынады» деген 143 белгі қойдық. Өкінішке орай, балалар мен жастар бұл тыйымды елемейді.


РЕЗЕРВАТТАҒЫ ӨРТ ОҚИҒАЛАРЫ: «АРКТИКАНЫ» КҮТЕМІЗ

- Бізде «Ақжайық» резерватында әлсін-әлі өрт шығып тұрады. Оны сөндіру бірнеше күнге созылады. Неліктен?

- Иә, бұл проблема. Резерваттағы өрт батпақты жерден шығады, ол жерге жету өте қиын. Біз «МИ-8» тікұшағымен су шашып та жүрдік, алайда тиімсіз болды. Департамент Атырау облысы әкімдігіне техника бара алмайтын жерлердегі өрттерді сөндіру үшін «Арктика» кешенін сатып алып беру жөнінде хат жолдады. «Арктика» кешені – мұзбен де, батпақпен де, құрлықта да жүре алады. Егер осы кешенді алсақ жақсы болар еді.

Жалпы біздің өңірде өткен жылы 297 өрт тіркеліп, 8 адам қайтыс болған, 3 млн 538 мың теңге материалдық шығын келген.

- Кадр тапшылығы проблемасы бар ма?

- Иә. Республикадағы штаты ең аз өрт сөндіру бөлімі – Атырауда. Жастардың көбі мұнай компанияларында жұмыс жасағанды жөн көреді. Құтқарушы айына 95-100 мың теңге жалақы алады. Бұл жалақы біздің аймақ үшін аз екені белгілі. Оңтүстікте офицер болу үшін жас мамандарға кезек күтуге тура келеді, бізде 41 орын бос тұр.

- Өрт сөндірушілер кейбір шақыртуларға кешігіп және сусыз келеді деген шағымдарды жиі естиміз?

- Депоға шақырту түскен бойда, өрт сөндірушілеріміз бірден шығады. Өкінішке орай, атыраулық жүргізушілер үнемі жол бере қоймайды. Сусыз келеді деген – қауесет қана. Шақыртудан келген көлікке бірден су толтырылады. Ол келесі шақыртуға әзір болуы керек.

- Атырауда жаппай құлақтандыру жүйесі орнатылған ба?

- Иә, «Вестник» аппараты арқылы барлық қаланы төтенше жағдай кезінде жаппай құлақтандыра аламыз. Бұл жүйе Махамбет пен Индер ауданына да таралады.

Фархат ӘБІЛОВ

16 наурыз 2020, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.