Атырау, 23 қараша 02:45
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ауруханадағы күмәнді келісімшарттар

3 450 просмотра


Облыстық балалар ауруханасында (ОБА) әртүрлі тауарлар мен қызметтерді бір көзден алу тәсілімен келісімшарттар жиі жасалған. Аурухана көбінесе жеткізуші ретінде келісімшарт жасар алдында ресми тіркеуден өткен немесе тіпті мүлде өтпеген фирмаларды таңдапты. Бұл айтарлықтай күмән тудырады.

Арнайы мониторинг тобының мүшелері, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы, денсаулық сақтау басқармасы мен қалалық мәслихат өкілдерінің қатысуымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство ұйымдастырған мәжілісте облыстың денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық қауіптері талқыланды.

Атырау облысындағы арнайы мониторинг тобының мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Салтанат РАХИМОВАНЫҢ айтуынша, 2018-2019 жылдары ОБА-ның мемлекеттік сатып алулар бойынша келісімшарттарының басым бөлігі бір көзден жасалған. 2018 жылы бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесі 107 665 340 теңге (бұл жалпы көлемнің 74%-ы), 2019 жылы - 92 989 158 млн теңге (72%) болған. Мәселен, өткен жылдың 5 маусымында ОБА 1,2 млн теңге сомаға кондиционерлерді жөндеу және сервистік қызмет көрсетуге ЖК-мен келісімшарт жасаған. Бір қызығы, ЖК-нің өзі 19 мамырда, яғни, келісімшарт жасау қарсаңында тіркелген. Сол күні мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру қызметін алу үшін ОБА 6 312 500 теңге сомаға басқа ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Ал ЖШС келісімшарт жасалғанға дейін 20 күн ішінде құрылған.

Аурухана қызметкерлері үшін пәтерлерді жалға алу қызметі тікелей бір көзден алынған. Пәтерлерді жалға алу қызметі бойынша хабарландыру мемлекеттік сатып алулар порталына жарияланбаған. Яғни, бәсекелес ортаға шығарылмаған. Жалға алу құны – 175 мың, 160 мың теңге. Кейбір пәтерлерді таңдау қызметі сол кезде өз кәсіпорнын заң бойынша әлі тіркемеген кәсіпкер ұсынған.

- Аурухананың бас есепшісіне, қаржылық директорына қымбат пәтерлер, заңгер үшін 160 мың теңгеге, ҚТ инженері үшін 120 мың теңгеге жалға алынған. Неліктен мұндай пәтерлер жоғары білікті дәрігерлерге емес, Атыраудан табуға болатын профильдік емес мамандарға жалданған? Атырауда «Ақ Жайық» сайтынан айына 70-80 мың теңгеге жалдауға болатын лайықты пәтерлер табуға болады ғой, - дейді депутат.


ӨЗДЕРІ ЕСЕПТЕП - ӨЗДЕРІ ТЕКСЕРЕДІ

Аурухананың консультациялық қызметтері мен қаржылық қызмет аудитін аффилирленген кәсіпорындар жүргізген, бұл - өрескел заң бұзушылық.

- 2018-2019 жылдары стационар бухгалтерлік, салық есептілігі, еңбекақы есептеу тәртібі бойынша түрлі консультацияларды төлеген. Бухгалтерлік консультацияларды төлеу сомасы 3 720 000 теңге, аудит қызметін алу 1 480 000 теңге болған. Осы екі фирманың басшылары - бір тұлға. Аффилирленген нысандардың консультациялық қызмет көрсетіп, аудиторлық тексеру жүргізуі заңнамаға қайшы. Көптеген қызметтер бойынша шот-фактуралар келісімшарт жасалған күні шығарылып, сол сәт төленген. Олар №1 және 4 емханалармен де сол схемаға сәйкес жұмыс жасаған.

Консультация беретін компания мен аудит жүргізетін компания басшылығы бір екенін, шот-фактуралардың келісімшарт жасалғаннан кейін бір күн ішінде шығарылғанын ескерсек, бұл қызметтердің көрсетілгені күмән тудырады, - дейді С.Рахимова.

ОБА есепшілеріне консультацияларды, неліктен екені белгісіз, мамандандырылған фирмалар емес, жылжымайтын мүлікті бағалаушылар, өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын жылжымайтын мүлікті сататын және жалға беретін делдалдар, сондай-ақ, көтерме-бөлшек саудамен айналысатын ұйымдар ұсынған.


АУТСОРСИНГ НЕ ҮШІН?

2019 жылдың 22 мамырында облыстық балалар ауруханасының есеп бөлімі аутсорсинг шарты бойынша сол жылдың 29 сәуірінде құрылған бір ЖШС-ге берілді. Біздегі медициналық мекемелердің көпшілігі құрылғанына бір жыл толмаған осы ұйыммен бірнеше миллион теңгелік келісімшарттар жасаған және қызметтерді бір көзден сатып алу жүзеге асырылған. ОБА-да осы қызметтер үшін орташа айлық төлемақы 1 миллион 200 мың теңге болған. Ал осы стационарда бұрын жұмыс істеген 4 есепшінің еңбекақысын төлеу қоры 500-600 мың теңгеден аспаған. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру қызметі аутсорсингке берілгеннен кейін оларды төлеуге айына 970 мың теңге жұмсала бастады. Ал бұған дейін осы мәселелермен айналысқан маман айына 90-100 мың теңге алған.

Аутсорсингтің басты мақсаты - кәсіпорынның қаржылық қызметін оңтайландыру екенін ескерсек, ұйымдастырушылар бұл мақсатқа жете алмады деп айтуға болады. Керісінше, шығындарды азайтуы тиіс шаралар іс жүзінде оларды көбейткен.

Осыдан бөлек бухгалтерлік қызметтерді аутсорсинг атқаратын болғаннан кейін 2019 жылдың мамыр айынан бастап аурухана қызметкерлерінің зейнетақы жарналары төленбей қалған. Зейнетақы аударымдарына қатысты мәселе қызметкерлер «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне шағым түсіргеннен кейін шешілген. Аутсорсинг компаниясын басқаратын әйел туралы мәлімет 2018 жылы аурухананың қаржылық жұмыстарына аудит жүргізген ЖШС-да байланысатын адам ретінде көрсетілген. Қаржы саласының мамандары бірін-бірі жақсы біледі. Бұдан басқа да сәйкес келетін тұстар жетерлік. Сайттарға жүргізген шағын мониторинг нәтижесінде, ауруханаға бір ЖШС атынан аудит жүргізген адам, басқа аутсорсинг компаниясының есепшісі және ҚР Қаржы министрлігінің қаржылық есеп депозитарийінде Атырау облыстық балалар аурухананың есепшісі ретінде көрсетілгендердің бәрі бір адам екені анықталды.

- Тексеру қорытындысымен сыйбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосына депутаттық сауал жолданды, одан әрі ол ішкі аудит басқармасына жіберілді. Сәуір айына облыстық балалар ауруханасына ішкі аудит жүргізу жоспарланды. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармасына бұзушылықтардың барлығын жою туралы депутаттық сауал жолданды, - деп қорытындылады Салтанат Рахимова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

13 наурыз 2020, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.