Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) іске қосылғаннан кейін КТ, МРТ, ПЦР және ИФА-анализдері секілді қымбат тексерулер сақтандырылған пациенттер үшін тегін көрсетіледі. Осыған байланысты КТ және МРТ қызметтерін тұтыну көлемі 54%-ға, ультрадыбыстық тексеру 21%-ға артты. Бұл туралы брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Атырау филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК хабарлады.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын пациенттер - балалар, мүгедектер, зейнеткерлер және т.б. қымбат диагностикалық тексерулерден тегін өтетін.
Ал тегін стоматологиялық қызметтерге келсек, бұл ереже өз күшінде қалады.
- Стоматологиялық қызметтер бұрынғыша халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана тегін қызмет көрсетеді. Бірақ бұл жерде де жаңа жүйенің арқасында оң өзгерістер қарастырылған. Медициналық сақтандыру енгізілгенге дейін жеңілдік алушыларға стоматологиялық көмек тек олар бекітілген емханада көрсетілді. Ал енді олар бұл медициналық қызметті еліміздің кез-келген қаласында ала алады. Мәселен, қаңтарда Атырау облысының пациенттері Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тістерін емдеді. Ақша да осы қалаларға кетті, - дейді Сәбит Құралбек.
Қазіргі уақытта Атырау облысында тұрғындардың 94 пайыздан астамы сақтандырылған. Тіркелген тұрғындар тізілімінде 655 104 адам бар, 38 650 адам сақтандырылмаған күйде қалған. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының жартысынан көбін (380 мың адам) мемлекет автоматты түрде (балалар, зейнеткерлер және т.б.) сақтандырған. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2020 жылдың 28 ақпанына дейін республика бойынша Міндетті медициналық сақтандыру қорына (ММСҚ) 276,7 миллиард теңге, оның ішінде біздің облысымыздан - 17,7 миллиард теңге (оның 16,9 миллиарды өз қызметкерлері үшін жұмыс берушілерден түскен аударымдар) аударылды.
Өткен жылы Атырау облысының денсаулық сақтау жүйесіне 26,9 млрд теңге бөлінді. Ал 2020 жылға 39,1 миллиард теңге жоспарланған. Оның 26 миллиарды - тегін медициналық көмек үлесі, 13,1 млрд-ы - медициналық сақтандыру үлесі. Яғни, биыл жаңа реформа мен тарифтерді теңестірудің нәтижесінде өңірімізде денсаулық сақтау бюджеті бір жарым есеге жуық өсті. Медициналық оңалтуға және сауықтыруға 1,6 млрд теңге бөлінді. Бұрын мұндай шығындар бабы болған жоқ, сәйкесінше медициналық мекемелермен келісімшарттар жасалмады. Енді пациенттерді оңалтумен 25 мекеме, оның ішінде жеке мекемелер айналысады.
ММСҚ-мен облыстағы 58 медициналық мекеме келісімшарт жасады, оның 19-ы - жекеменшік ұйым.
Зульфия ИСКАЛИЕВА