Атырау дәріханаларында 8400 медициналық демперде бар, оның жетіспеуіне байланысты 15 наурызға дейін тағы 100 000 данасы жеткізілуі тиіс. Бұл туралы коронавирусқа қатысты ахуал бойынша өткізілген брифингте тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ мәлімдеді.
- Алайда дүрлігудің қажеті жоқ, мектептер мен балабақшаларда демперде тағуды талап ету дұрыс емес, - деді А. Жұмағалиев. - Өйткені біздің елде коронавирусты жұқтыру оқиғалары әлі тіркелмеді. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі мұндай ұсыныстар берген жоқ. Білім беру мекемелерінде таңертеңгілік тексеру жұмыстары жүргізіліп, балаларда өткір респираторлық вирус инфекциясы белгілерінің бар-жоғын тексеріп, медицина қызметкері шара алуы тиіс. Мұндай ережелер қазір ғана емес, үнемі жасалуы керек.
Қазіргі ахуал қандай: 1 наурыздан бастап ҚР ДСМ Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «коронавирустық инфекцияның профилактикасы шараларын одан әрі күшейту туралы» қаулысына сәйкес, республикада төртінші күшейту кезеңі енгізілді. Жұқтырылған ауру тіркелген елдер 3 санатқа бөлінген:
1 А санаты – Қытай мен Ираннан келген адамдар 14 күнге оқшаулау үшін стационарлық карантинге орналастырылады. Содан кейін олар 10 күн медициналық бақылауда болады.
1 Б санаты – Гонконг, Макао, Тайвань, Оңтүстік Корея, Жапония, Италиядан келген адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауымен тұрғылықты жері бойынша өз үйлерінде 14 күнге оқшауланады.
2-санат – Сингапурдан, Таиландтан және Әзірбайжаннан келген адамдар тұрғылықты жері бойынша бақылауда болады.
3-санат – Германиядан, АҚШ-тан, БАӘ, Ұлыбритания, Франция, Бахрейн, Кувейт, Испания, Малайзиядан келген азаматтар 24 күн ішінде қоңырау шалу арқылы тұрғылықты жері бойынша медициналық бақылауда болады.
Бүгінде Атырау облысында 1А санаты бойынша 2 шетелдік азамат карантинге; 1Б санаты бойынша – 31 адам (25 шетелдік, 6 ҚР азаматы); 2-санат бойынша – 20 адам (8 шетелдік және 12 ҚР азаматы); 3-санат бойынша 175 адам (130 шетелдік және 45 ҚР азаматы) бақылауға алынған.
- Бұлар науқас адамдар емес, олар жоғарыда аталған елдерден келген немесе ол жаққа барып келген адамдар, - деп нақтылады Жұмағалиев. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қытаймен және Иранмен барлық қатынас түрлері жабылған. Шетелдік жұмыс күштерін әкелуге шектеу енгізілген, шетелдік компанияларға тиісті хабарландырулар жіберілген. Келушілердің барлығы әуежайда тепловизор арқылы өтеді, ал жоғарыда аталған шет елдерден келген азаматтар сауалнама толтырып, бақылауға алынады. Қазір бізде жұмыс жасап жатқан Қытай азаматтары 6 қаңтарға дейін келгендер.
- Қазір халық арасында мектеп каникулдары әдеттегіден ертерек басталады деген әңгіме жүріп жатыр.
- Мұның бәрі жалған ақпараттар, үкіметтің вирус шыққан немесе күдік туған жағдайда әзірлеген жоспары бар. Сәйкесінше, тек сол кезде ғана шектеулер басталады. Жақында мессенджер арқылы Қарабатаннан коронавирус жұқтырған қытайлықтарды туберкулезге қарсы диспансерге орналастырды деген жалған қауесеттер таралған болатын. Бірнеше уақыттан кейін сол қауесетті таратушы адамды тауып алды. Мұндай әрекеттер үшін адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- Қалалық дәріханалардағы медициналық демперделердің жетіспеушілігі қалай болмақ?
- Демперделер жетпей жатыр, өйткені, сұраныс көп. Қазір біздің аймақта күнде демперде тағып жүретіндей ахуал туындаған жоқ, дегенмен, олар тыныс алу органдарын жұқпалы аурулардан қорғайды. Демпердені тек сырқат адам айналасындағы адамдарға жұқтырмау үшін тағады. Қазақстанда демперде шығарумен 4 кәсіпорын ғана айналысады, материал сырттан келетін болғандықтан әзірше халықты толық қамту мүмкін болмай отыр. Егер осыдан бір ай бұрын біздің облыстағы 310 дәріханада 300 мыңнан аса демперде болса, ал қазір барлығы 8400 дана ғана. Тағы да еске саламын, үкіметте бұған қатысты жоспар да, материалдық қор да бар.
Жұмағалиев алдағы мерекелерге қатысты көпшілік шараларды шектеу бойынша хабарламалар болғанын, бірақ мүлдем тыйым салынбағандығын айтты.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА