Асқан ет, қазы-қарта, кәмпит пен печенье, манты мен палау, шоколад пен газдалған сусындар – бұл той дастарханына қойылатын тамақтардың тізімі емес, Атырау тергеу изоляторына (УГ-157/1 мекемесі) тергеуде отырғандардың туыстары күн сайын алып келетін сәлем-сауқат. «АЖ» тілшісі бір күнін тергеу изоляторының қабылдау бөлімінде өткізді.
Қазір тергеу изоляторында 190 адам сотын күтіп отырса, 17 сотталған шаруашылық қызметінде жұмыс істейді. Түзету колонияларындай емес, мұнда тамақты күнде қабылдайды, тек 36 келіден аспауы керек.
Тергеудегілерге сәлем-саухат беру үшін туыстары таңғы жетіден бастап кезекте тұрады. Осыдан кейін мекеме басшысына арыз жазады. Арызда сәлем-саухат беруші мен алушының аты-жөні, әкелген тамақтар мен заттардың тізімі жазылып, тиым салынған заттар табылған жағдайда ҚР ӘҚБТК 481-бабына сәйкес жазаға тартылатындығы туралы хабардар екендігі жазылады.
Диляра ЗМРАТҚЫЗЫ тергеу изоляторының күзет және режим бөлімінің бақылаушысы болып жұмыс істейді. Қаршадай қыз ауыр пакеттерді кішкентай ғана терезеден қабылдап, мұқият тексереді.
- Мәселен, 2019 жылы газдалған сусынды ашып, иіскеп қараған кезде оның виски екені анықталды. Кейін осы жөнінде рапорт жазылып, істің материалдары сотқа жолданды, - деп Диляра 1 минутта бірнеше 1,5 литрлік бөтелкелерді оп-оңай ашып тастады. - Қаймақтың ішінде телефон болуы мүмкін, сол себепті мұқият тексеру керек. Мекеме аумағында ұялы байланыс желісін бұғаттайтын құрылғы орнатылғанымен, тергеуде отырғандар телефон пайдаланғысы келеді. Өткен жылы да қаймақ шелегінен ұялы телефон таптық.
Кішкентай терезенің ар жағында өз кезегін күткен туыстар. Олардың айтуынша, барлығы бір-бірін танып, туыс болып кеткендей.
- Ұлымның осында отырғанына 5 айдан асты. Бүгін таңертең ертемен тұрып, бешбармақ дайындап әкелдім. Ыссылай жеп алсын, - дейді егде тартқан әйел.
Тағы бір келіншек тамақтармен қоса сотталушының екі қызының суреттерін әкелген. Айта кету керек, тергеуде отырған азаматқа 3 суреттен артық беруге болмайды. Суреттің артында жазу болмауы керек. Талап сондай.
Мекемеге ең көп әкелінетін тауар – темекі. Әр апта сайын туыстары 1 блок темекі мен сіріңке әкеледі. Бірақ, темекі тергеудегі азаматтарға емес, шаруашылық бөліміне жөнелтіледі. Кейін олар ауа жұтуға шыққан кезде осы бөлімнен ала алады. Сонымен қатар, шаруашылық бөлімінде ұстара да сақталады.
- Абақтыда отырғандарға туыстары 3-4 дорба тамақ әкеледі. Бұл көп емеспе?
- Кейбір тергеуде отырған азаматтарға ешкім келмейді. Олар да үйдің тамағын аңсайды ғой,- дейді Диляра. - Сол себепті тамақ көп алатындар олармен бөліседі. Бұл – үлкен жанұя секілді. Бір-бірлеріне көмектесіп отырады.
Диляра әңгімесін аяқтай салысымен, терезенің арғы жағынан «Апа, ала қоясыз ба?» деген жас жігіттің дауысы шықты. Ол тамақты өзінің мектепте бірге оқыған 21-жасар досына әкеліп тұр екен.
- Ол кола мен печеньені жақсы көреді. Кейде донер сұрайды, бірақ бұл жаққа алып келгенше суып кетеді. Осы аптаға шұжық пен кетчуп, батон нан сұрады. Соған қарағанда хот-дог жасайын деп отқан болар, - деп күлді Азамат.
Мекеме басшылығының айтуынша, жаздыгүні ыстық және тез бүлінетін тамақтар алынбайды. Өйткені тез бұзылып, адамдар уланып қалуы да мүмкін.
Тамақ түскі 12:30-ға қабылданды. Түстен кейін темекі мен сіріңке шаруашылық бөліміне тапсырылып, тамақтарды жеткізу жалғасады.
... Қайтар жолда қалаға жаяу бара жатқан қарт ананы көріп, көлікке отырғыздық.
- Келіп жүргеніме жарты жылдан асты. Жаңбыр, қарға қарамай «Стройконтора» аялдамасынан жаяу 2-3 сағатта жетемін. Кейде жолшыбай көліктер де алып кетеді, - дейді қарт ана. - Әр дүйсенбі сайын осында келіп, балама тамақ тасимын. Ол үшін таңғы төртте тұрып манты немесе бешбармақ, сорпа пісіремін. Балам ұрлық жасаған. Жұмыссыз болды, ақшадан да таршылық көрдік. Оның сотталатынын да білемін, өйткені жақсы адвокатқа ақшамыз да жоқ. Бірақ ана жүрегі баласын тар қапасқа қимайды. Әзірше оның сүйікті тамағын әкеліп, қуантып жүрмін,-деп мұңымен бөлісті.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор