«Нұр-Али Капитал» ЖШС басшылығының алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар тергеудің баяу жүргізілуіне наразылық білдірді. Олар ломбард директоры Әліби СЕКСЕНБАЕВ шет ел асып кетті деген сенімде. Қазір оларды өз ақшаларын, көлігін, жылжымайтын мүлігін қалай қайтарып аламыз деген ой мазалайды. Толығырақ «АЖ» материалында.
Бейресми ақпарат бойынша, «Нұр-Али Капитал» ЖШС-не алданып қалған салымшылардың саны 300-ден асады, ал келтірілген шығын жарты миллиард теңге. Бұл ақпарат полиция департаментінде әзірге расталған жоқ.
-Біз 18 ақпаннан бері дабыл қақтық, бірақ полиция тексеруді 20 ақпанда бастады. «Нұр-Али Капитал» ЖШС директоры Әліби Сексенбаевтың елден шығып кеткеніне күмән жоқ, себебі ол туралы ешкім ештеңе білмейді. Басқа ломбард басшылары ұсталды деп естідік, ал «Нұр-Али Капитал» ЖШС директоры қайда? Оны біреу жасырып отыр ма? – деп сұрайды алданғандардың бірі.
Жылой ауданынан өзін Ләззат деп таныстырған әйелдің айтуынша, оның ломбардқа кепілге салған көлігін 18 ақпанда Ақтөбе облысынан есептен шығарған.
-Менің көлігімнің 18 ақпанда Ақтөбе облысында есептен шыққанын тергеуші айтты. Соған дейін ол Ақтөбе облысында болған. Енді ол Алматы облысына қарай бет алды, - дейді Ләззат. - Бір қызығы, Ақтөбе облысының есебінен тек менің емес, басқаларының да көлігі шығарылған. Ал ЖШС директоры дәл сол күні ізін суытқан еді.
Айтуынша ол полицияға арыз жазып, сұрақтарына жауап берді. Полиция қызметкерлері күтесіз деген.
-Енді не боларын білмеймін. Мен көлігімді және 2 млн теңге салдым. Бар жинағым сол еді. Олар өздері маған ұсыныс жасағасын, сеніп қалып едім, - деп налыды Ләззат.
Жәбірленушілер құрылтайшы - бір адам, ал директорлары - жалдамалы тұлғалар деп күдіктенеді. Бұдан басқа, олар: «Жергілікті тұрғындар бұл ломбардтарда менеджер, бағалаушылар ретінде жұмыс істеді. Қайда олар?» дейді.
ЗАРДАП ШЕГУШІЛЕР ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗЕДІ
Кейбір зардап шегушілер кепілге салынған көліктерін өздері іздей бастаған. Мәселен, Зоя КӨПБЕРГЕНОВА көлігін Исатай ауданының тұрғыны сатып алғанын анықтап білді.
- Мен полиция қызметкерлерінен менімен бірге барып, көлігімді ұстап беруді өтіндім. Оны автобөлшекке тапсыра ма немесе бөлшектеп сатуға шығара ма деп қауіптенемін. Алайда полицей қызметкерлері менімен бірге жүруден бас тартып, көлігімді өзім тапқан бойда «102»-ге қоңырау шалуға кеңес берді. Сонда тергеу әрекеттерін өзім жүргізуім керек пе?
Ал Қуаныш өз көлігін Атыраудан көріп, дереу «102»-ге қоңырау шалған. Сол жерге келген полиция қызметкерлері тергеушінің қаулысын көрсетіп, бүкіл жайт анықталғанша көлікті арнайы тұраққа қойыпты.
Chevrolet Cruze көлігін 3 млн теңгеге кепілге салған Алтынбек мүлігін Ақтөбедегі Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан тапқан.
- Полицияға арыз жаздым. Көлігімді сол жақтан көрдік деген соң, өзім Ақтөбеге бардым. Ақтөбедегі Мамандандырылған орталыққа барған кезде, кенет өз «Шевролетімді» көрдім. Дереу «102»-ге хабарластым, көлігімді ұстады. Енді қашан кері қайтарылатынын күтіп жүрмін, - дейді Алтынбек.
«БӘРІ ТЕРГЕУ МЕН СОТҚА БАЙЛАНЫСТЫ»
Танымал атыраулық адвокат Руслан ЖАҚЫПОВТЫҢ айтуынша, «ломбард» істері бойынша залалды өндіріп алу оңай шаруа емес екен.
Барлық эпизодтар бойынша тараптардың құқықтық қатынастары жазбаша келісімдермен рәсімделген. Егер тергеу барысында және сотта осы келісімдерді жасау кезінде тұлғалардың қылмыстық мақсатты көздегені дәлелденсе, онда мұндай мәмілелер заңсыз деп танылады.
- Азаматтардың жылжымайтын мүлігі немесе көлік құралы бөліп төлеу арқылы «сатып алынса», бұл азаматтардың өз мүлкін қайтаруға барлық мүмкіндігі бар (сәйкесінше, олар алған ақшаларын қайтаруы тиіс), - дейді Р. Жақыпов. - Бұл жерде мен кейін осы пәтерлер мен көліктерді арзанға сатып алған «адал» сатып алушылар «зардап шегеді» деп ойлаймын. Бір қарағанда, олар заңды бұзған жоқ. Бірақ бәрі де, қылмыстық іс бойынша тергеу нәтижелері мен шығарылған үкімге, бастапқы келісімдер жасау кезінде қылмыстық ниеттің болғаны растала ма, соған байланысты.
Адвокаттың айтуынша, кез келген жағдайда, жәбірленушілердің барлығы келтірілген залалды өндіріп алуға құқылы. Бірақ «құқық» пен «өндіріп алу» арасында ұзақ жол бар. Көбінесе сот үкімінде келтірілген залал сотталушылардың жеке мүлігі болмағандықтан өтелу уақыты ұзаққа созылады.
- Тағы да қайталаймын - көп нәрсе тергеу нәтижелеріне, мүлікті анықтау бойынша жедел шаралардың алынуына (осы бойынша өндіріп алуға арыз беріледі) және тағы басқа жәйттарға байланысты болады. Ломбардқа ақша апарған азаматтарға келер болсақ, кінәлі тұлғалардың кінәсі дәлелденсе, олар сот үкімі бойынша ақшаларын өндіріп алуға құқылы, - деп түйіндеді Жақыпов.
ЕЛДЕ ЖӘНЕ ӘЛЕМДЕ
ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжар ӘДІЛОВ хабарлағандай, қылмыстық ломбардтардың қызметін жарнамалаған танымал блогерлер мен әншілердің барлығын полиция жауапқа тартпақ. Қазіргі уақытта бүкіл Қазақстан бойынша 6 мыңнан астам адам зардап шеккен. Ломбардтың 13 қызметкері қамауға алынды, тағы тоғыз адамға, оның ішінде үш негізгі құрылтайшыға мемлекетаралық іздеу жарияланды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор