Бұдан бұрын «Tasyapi Insaat…» компаниясы келісім-шарттардың бұзылуына байланысты Комитеттің әрекетін заңсыз деп тану жөнінде талап арыз берген болатын, яғни, келісім-шарт міндеттерінің бұзылу фактілері жоқ деп есептеді. Талап арыз сомасы 6,5 млн долларды құрады.
Комитет арбитражды сотта өз әрекетінің дұрыстығын дәлелдеп, арызданушының талаптары қабылданбады. Комитет талап арыз берушіге 6,7 миллиард теңге көлемінде қарсы талап арыз берді, мұны арбитраждық сот қолдады. Бұдан басқа, түрік тарапы Қазақстан Республикасына тексеру барысында жұмсалған заңгерлер мен арбитрлар қызметінің шығындарын өтеуге тиісті.
Бұл дауға 2017 жылы тамызда Комитет пен талап арыз берушінің арасында жалпы сомасы 18 млрд теңге болатын ұзындығы 120 шақырым «Ақтөбе-Мақат» автокөлік жолдарын салу және қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін жасалған келісімнің шарттары себеп болды.
Құрылыс жұмыстары барысында талап арыз беруші келісім-шарт талаптарын жосықсыз орындаған, жол-құрылыс техникалары мен жол материалдарын өз уақытында жұмылдырмаған. Қарсы шара ретінде Автокөлік жолдары комитеті банктік кепілдемелерді кері қайтарып алмақ болып, соның салдарынан жобаны лайықты деңгейде аяқтауды қамтамасыз ету мақсатында келісім-шарттар бұзылды.
Бұл іс бойынша ҚР Әділет министрлігі үкімет кеңесшісімен - халықаралық «Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP» заңгерлік фирмасымен бірлесіп, мемлекет мүддесін қорғап шықты.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ