- Бір ай ішінде Каспий теңізінде және Жайық өзенінде балық аулау мерзімдерін ұзарту, сондай-ақ түнгі уақытта балық аулауға рұқсат ету бойынша ұсыныстарды әзірлеу қажет. Балық шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын арттыру және балық шаруашылығын экономиканың басымдықты салаларының қатарына жатқызу керек, - деді премьер. Содан соң биыл 1 сәуірге қарай ҚР Балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасының жобасын дайындауды тапсырды.
- Өзендердің суы қорғалатын аймақтарында жұмыс істеуге балық шаруашылықтарына тыйым салуды алып тастау, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін жасайтын төлемдерін қысқартып, тек нақты су шығындары үшін төлемдерді қалдыру мәселесін қарастыру қажет.
Балық шаруашылығының жалпы жай-күйі туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ пен «Балық шаруашылығы қауымдастығы – BD» ЗТБ атқарушы директоры Нұржан ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ, өңірлердегі проблемалық мәселелер туралы Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарының балық бизнесінің өкілдері, ҚР-да балық шаруашылығын дамыту туралы ресейлік профессор Александр ЛИТВИНЕНКО мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ баяндады.
Қазақстанның балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі - 66 мың тонна, оның 45 мың тоннасы - балық аулау кәсібіне, 7,4 мың тоннасы балық өсіру саласына тиесілі. 30 мың тоннасы экспортқа шығарылса, 43,5 мың тонна балық өнімі импортталады.
Орта мерзімді келешекте отандық нарық көлемін 120 мың тоннаға дейін арттыру мүмкіндігі бар. Бұл алабалық пен Атлант ақсеркесін өсіру арқасында импорт көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлемдік нарықтарға, атап айтқанда, Қытайға, Ресейге және Еуропаға экспорт көлемін арттырады.
ҚР-да балық шаруашылығының 1 мыңнан астам субъектісі кәсіпшілік балық аулаумен айналысады, оларға 1646 балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаскелері бекітілген. Бұл салада 11 мың адам жұмыс істейді.
Балық аулау негізінен Каспий және Арал теңіздерінде, Балқаш және Зайсан көлдерінде, Бұқтырма, Қапшағай және Шардара су қоймаларында, Алакөл көлдер жүйесінде, Жайық және Қиғаш өзендерінде қолға алынған. Кәсіпшілікпен айналысатын негізгі өңірлер — Атырау – 13,1 мың тонна (29,2%), Шығыс Қазақстан – 8,2 мың тонна (18,3%), Қызылорда – 7,4 мың тонна (16,4%), Алматы – 6,6 мың тонна (14,6%), Маңғыстау – 2,3 мың тонна (5,2%) және Түркістан облыстары – 2 мың тонна (4,5%).
Бұдан басқа, Мамин балық шаруашылығы мелиорациясын тұрақты жүргізу мақсатында су түбін тереңдету техникасын сатып алу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ балық өсіру зауыттары мен балық шаруашылығының аумақтық инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды қаржыландыру туралы ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Жұмыс сапары аясында А. Мамин Атырау бекіре балығын өсіру зауытына, «Амангелді атындағы», «Caspian Royal Fish» ЖШС кәсіпорындарына барды, сондай-ақ ҚР балық шаруашылығы саласындағы жетістіктер көрмесін аралап көрді.
Естеріңізге салсақ, бұл кеңеске бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кіргізбеді, ақпаратты премьер-министрдің баспасөз қызметі ұсынды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА