Атырау, 23 қараша 07:58
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Науқас балаларға қол ұшын беретіндер көбейеді

2 775 просмотра


«БолашақК» қоғамдық қоры балалар мен ересектердің денсаулығын оңалтуға жәрдемдесетін 400-ге жуық адамды тегін оқытуға ниет білдірді. Осы тақырыпқа арналған кездесу қордың кеңсесінде өтті. Оған жергілікті оңалту орталықтарының басшылары, сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары, дәрігерлер мен медицина саласының ардагерлері қатысты.

Жоба аясында Атырау медицина колледжінің, АМУ-дың дефектология және дене шынықтыру факультетінің түлектері, мемлекеттік медицина, педагогикалық түзету мекемесінің мамандары, ерекше қажеттілікті талап ететін балалардың ата-анасы мен инсульт ауруына шалдыққандардың туыстары оқытылады. «БолашақК» ҚҚ-ның қозғалыс және когнитивті бұзылыстары бар балаларды қалпына келтіру және медициналық оңалту саласында 20 жылдық тәжірибесі бар. Оның қатарында ДЦП, Даун синдромы, жүйке жүйесінің туғаннан немесе жүре пайда болған аурулары бар. Қор соңғы бес жылда кешенді оңалтумен айналысып келеді, оның ішінде медициналық, педагогикалық және психологиялық түзету қызметтері қарастырылған. «БолашақК» мамандары республикалық жетекші оңалту орталықтарында, Травматология ғылыми-зерттеу институтында оқып келген. Сонымен қатар, «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмокостюм ойлап тапқан атақты профессор В.Исанованың, неміс реабилитологы Анетте Хайнцтің іскерлік мастер-классынан өтіп, тренингтеріне қатысты. Одан қалса, Санкт-Петербор  медициналық-әлеуметтік институтында эрготерапия және шынықтыру терапиясынан кәсіби біліктілігін арттыру курсына қатысқан.

-Бүгінде біз көрген-білгенімізбен, тәжірибемізбен бөлісетін дәрежеге жеттік. Курстың теориялық бөлімі бойынша Нұр-Сұлтаннан шақыртылған мамандар дәріс оқыса, практикалық бөлігін біздің мамандар жүргізеді. Оқуға іріктеп алған 372 адамның 240-ы медициналық және әлеуметтік қызметкерлер де, қалғаны ДЦП балалардың ата-анасы мен инсульт ауруына шалдыққан науқастардың туыстары, – дейді «БолашақК» ҚҚ жетекшісі Жібек БИСЕНОВА.


-Мен бес баланың анасымын, оның екеуі - ДЦП. Екі науқас баламен облыстан басқа жаққа шығу оңай емес. Сондықтан көбіне балаларым осы орталықта оңалту ем-шарасынан өтеді.  Көптен осы балаларымның  оңалуына көмектесу үшін өзім білім алып, маманданғым келіп жүр еді. Бірақ оқу өте қымбат. 2018 жылы осы мәселемен «БолашақК» қорына жолыққанмын. Мұндағылар ол ойымды құптады. Мені бірнеше рет астанаға оқуға жіберді, қазір логопед мамандығын игеріп, сол бойынша жұмыс жасау мүмкіндігін иелендім, - дейді Лаура ЕСПАКОВА.

Айгүл БАЯМИРОВАНЫҢ немересіне логопедтің көмегі қажет болған еді. Жақсы маман іздеп жүргенде бірқатар мәселелерге тап болды.

-Бізде Атырауда логопед қызметін тегін көрсететін орталық пен кабинеттер бар, квота арқылы басқа қаладағы медициналық орталықтарда кеңес алып, емделуге болады. Сол квотаға қол жеткізу өте қиын. Ал тегін алған ем ешқандай нәтиже бермейді. Ақыры немеремнің барлық еміне ақшаны өзім төледім. Шүкір, қазір екінші сыныпта оқитын бала өте жақсы сөйлейді, үздік оқушы атанып жүр. Дегенмен, неге тегін емделетін орталықтарда қызмет сапасы өте төмен деңгейде? Жеке клиникада ем алуға артық ақшасы жоқ көп балалы аналар қайтеді? – деп сұрақтың астына алды ол.


Барлығына да жағымды жаңалық – медициналық сақтандыру жүйесін енгізгеннен кейін жеке оңалту орталықтары науқастарды тегін емдеу мүмкіндігін алды. Олар үшін үкімет төлейді. Бастысы – құжаттарды ауруханаға жатқызу бюросы арқылы МӘМС аясында рәсімдеу. Тіпті бір жылда бірнеше орталықтан емделіп шығуға болады. Тек емделу курстарының арасына 3 ай салу қажет, әйтпесе жолдама берілмейді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

25 ақпан 2020, 23:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.