Атырау, 23 қараша 08:02
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зейнетақы туралы тағы бірнеше сұрақ-жауап

6 989 просмотра


Зейнетақы туралы түсіп жатқан сұрақтарға БЖЗҚ Атырау филиалының көшпелі қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Айбек БАҒЫТОВ жауап береді.

– Мен ұзақ уақыт базарда бейресми жұмыс істедім және жалақымды қолма-қол алып жүрдім. Сол себепті менде зейнеткерлік келісімшарт, есепшот та болған жоқ. Енді мен бір компанияға жұмысқа кірдім, бірақ маған БЖЗҚ шотын ашудың керегі жоқ деп хабарлады. Сол дұрыс па?

– Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы шотын ашу рәсімі осыдан бір жыл бұрын қысқартылды. «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңына 2019 жылғы 8 қаңтарда енгізілген өзгерістерге сәйкес, БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін жеке тұлғаға БЖЗҚ кеңселеріне жүгінудің қажеті жоқ. Шот автоматты түрде алғашқы жарна келіп түскен кезде ашылады. Бұл ретте жеке тұлға МЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді Қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алатын болады. Осылайша автоматтандырылған рәсім көмегімен 2019 жылы шамамен 400 мың міндетті зейнетақы жарналары бойынша шоттар ашылды.

 Жақында алған инфаркт салдарынан маған екінші топ мүгедектігі тағайындалды. Енді мен өзімнің барлық жинағымды емделу үшін бірден ала алам ба?

– Дәл қазіргі қолданыстағы «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңына сәйкес, БЖЗҚ  зейнетақы төлемдерін алу құқығы нақты талаптар барысында, оның ішінде I және II топ мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған жағдайда беріледі. Егер адам зейнеткерлік жасқа жетпесе, бірақ оған мерзімсіз уақытқа I және II топ мүгедектігі тағайындалған болса, онда оған БЖЗҚ  зейнетақы төлемдерін алу құқығы беріледі. Алайда кез келген жағдайда әңгіме тек белгіленген кесте бойынша берілетін ай сайынғы төлемдер туралы болып отыр.

Қазір ел президентінің тапсырмасы бойынша үкімет жанынан арнайы құрылған жұмыс тобы зейнетақы жинақтарын зейнетақы төлемдерінен басқа мақсаттарға, жекелей алғанда, жинақтың бір бөлігін емделуге қолдану сияқты түрлі нұсқаларын  қарастырып жатыр.

Алайда дәл қазір бұл мәселе нақты шешілген жоқ.

- Менің апам алыс ауылда тұрады, онда зейнетақы қорының филиалы жоқ, ал аудан орталығы болса ауылдан өте алыс. Ол кеңесті қалай ала алады?

– БЖЗҚ еліміздің шалғай елді мекендерін зейнетақы қызметтерімен қамту үшін жаңа жобалар енгізіп жатыр. Айталық, «Мобильді кеңсе». Бұл салымшыларға қызмет көрсету үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған қазіргі заманғы шағын автобус және ол спутниктік байланыспен қамтылған. Шалғай елді мекеннің тұрғындары «Мобильдік кеңседен» БЖЗҚ бөлімшелеріндегідей қызметтер ала алады. Жекелей айтқанда, шоттардан көшірме немесе зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аударуға өтініш беру, ерікті зейнетақы жарналары бойынша дербес зейнетақы шоттарын ашу, ақпараттандыру тәсілдерін өзгерту және басқа да көптеген қызметтер көрсетеді. Қазір «Мобильді кеңсе» Алматы, Атырау, Қостанай, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасап жатыр. Биыл «Мобильді кеңсені» тағы да үш аймақ - Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында енгізу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, сізге «Қазпошта» бөлімшелерінің желісін қолдануға болады. «Қазпошта» операторлары оқытылды және олардан «БЖЗҚ» АҚ қызметтерін ала аласыз. «Қазпошта» арқылы қызметтерді  бірқатар облыстардың елді мекендері, оның ішінде Атырау облысы да ала алады. Толық тізімді enpf.kz сайтынан қарауға болады.

Егер сіздің туысқаныңыз осы елді мекендердің бірінде тұратын болса, онда ол мына қызметтерді ала алады: салымшының қосымша реквизиттерін өзгерту туралы өтініш бере алады; ақпараттандыру тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қояды (оның ішінде электрондық форматта  «БЖЗҚ» АҚ қызметтерін алу үшін).

Сондай-ақ, сіздің апайыңыз «Мобильді кеңсе» және «Қазпошта» бөлімшелерінде ақпараттандыру тәсілін электронды форматқа өзгерте алады. Осылайша, ол enpf.kz сайтында немесе біздің мобильді қосымшада өзінің зейнетақы шотын жеке өзі бақылауға ала алады. Бүгінде қор мынадай электронды қызмет түрлерін ұсынып отыр:

1) ерікті зейнетақы жарналары есебінен (өз пайдасына) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу;

2) жеке деректемелерге, оның ішінде хабарлау тәсіліне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

3) жеке зейнетақы шотынан (ЖЗШ) үзінді көшірмені қарау;

4) ЖЗШ-дан үзінді көшірмені электрондық мекенжайға жіберу;

5) ЖЗШ бар болуы туралы анықтама алу;

6) ЖЗШ ашу туралы өтінішті/зейнетақымен қамсыздандыру туралы жаңа редакциядағы шартты («телнұсқа») алу;

7) I немесе II топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін рәсімдеу туралы өтініш беру;

– Мен өз отбасыммен Ресейде тұрамын. Атырауда тұратын анамды көшіріп алсам деп ойлаймын. Жалғыз зейнетақыға өмір сүру қиын болады деп уайымдаймын. Бірақ ол өзінің еңбек өтілі бойынша жинағын жақсы зейнетақы алуға толығымен жетеді деп есептейді. Зейнеткерлік жасына шығуға оған бір жыл ғана қалды. Анамның болашақта алатын зейнетақысының шамамен қанша болатынын білгім келеді. Мұны қалай білуге болады?

– Болашақта алатын зейнетақыны болжамдық зейнетақы калькуляторы көмегімен оңай есептеуге болады. Болжамды зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақы төлемдері бойынша әр түрлі актуарлық есептеулер жүргізуге болады. Бұл ретте ол мемлекеттік базалық зейнетақы, жасына байланысты (ортақ) зейнетақы және БЖЗҚ төлемдері бойынша автоматты түрде болжам жасайды. Одан басқа міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) немесе ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен ашылған зейнетақы шоттары бар болса, калькулятор болашақ төлемдердің болжамды сомасын лезде шығарып береді.

Болашақ зейнетақыны есептеу үшін зейнетақы калькуляторындағы – туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, зейнетақы жинақтарының сомасы және соңғы уақытта алып жүрген жалақысының көлеміне қатысты барлық бағандарды толтыру қажет. Егер сіздің анаңыз қордың enpf.kz сайтының жеке кабинетінде тіркелген болса, жинақтардың сомасы автоматты түрде көрсетіледі.

Осылайша есептеу нәтижесі пессимистік, реалистік және оптимистік деп аталатын үш сценарий бойынша көрсетіледі. Барлық үш нұсқа табыстылықтың инфляциядан жоғары болжамды деңгейін ескереді. Болжамды нәтижелер (болжамды кезеңге тиесілі инфляция деңгейін алып тастағанда) нақты құндық шама ретінде көрсетіледі.

Айта кетелік, таяу жылдары зейнетке шығатын салымшылар үшін Қор сайтында «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» жұмыс жасайды.

Мен зейнеткерлікке шығамын, енді мемлекеттік кепілдікті қалай рәсімдеймін, қайда бару керек?

–  Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді. «Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

Мемлекеттік кепілдік – мемлекеттік бюджет есебінен берілетін біржолғы өтемақы. Салымшылар мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу құқығына зейнеткерлік жасқа толған кезде ие болады. Бұдан басқа, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен айырма сомасын алуға құқылы. Сонымен қатар мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқылы азамат қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері де айырма сомасын ала алады.

Бұл санаттағы азаматтар зейнетақы төлемдері үшін БЖЗҚ баруы керек, ал мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  халыққа қызмет көрсету орталығы жүзеге асырады.

2018 жылдың қазан айынан бастап зейнеткерлік жасқа толуына байланысты бірыңғай өтініш беру бойынша «бір терезе» қағидатын пайдалана отырып, өтініш беру бойынша композиттік қызмет енгізілді, оның аясында зейнеткерлік жасқа толған алушы бірыңғай өтінішпен және құжаттар пакетімен тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік корпорация бөлімшелеріне (яғни, ХҚО-ға) жүгінеді.

Осы өтінішке сәйкес, мемлекеттік кепілдік төлемдері әр адам  үшін жеке арнайы жасақталған әдістеме бойынша есептеледі және адамдар оны өзінің банк шотынан алатын болады.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

25 ақпан 2020, 13:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.