2019 жылы «азаматтардың хал актілерін тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді жетілдіру мақсатында» мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Неке (ерлі-зайыптылар) және отбасы туралы» Кодексінің 50-ден аса бабына түзетулер енгізілді. Маңызды заңнамалық құжатта не өзгерді – бұл туралы Атырау облысы әділет департаменті бөлімінің бас маманы Айгүл АХАТОВА айтып береді.
Азаматтарға қолайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлері, куәліктер мен анықтамаларды қайтадан беру бойынша эксаумақтық қағида енгізілді. Енді қайтадан куәлік алу қажеттілігі туған жағдайда адамдардың қай аймақта туғанына қарамастан кез келген тіркеу органынан алуға болады. Айталық, егер сіз астана тұрғыны болмасаңыз, Нұр-Сұлтанда жүріп сізге туу туралы куәлік қажет болса, онда бұл құжатты кез-келген астаналық ХҚКО ала аласыз.
Ата-аналардың таңдауы бойынша баланың тууын проактивті тәсілмен, айталық sms-хабарлама арқылы тіркеуге болады. Баланы тіркеп, туу туралы куәлікті алуға анасының жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған жағдайда да мүмкіндік қарастырылған.
Тағы бір жаңашылдық – енді қос есім беруге және әкесінің атын дефис арқылы жазуға болады. Мысалы, егер әкесінің есімі Әли-Асқар болса, онда Әли-Асқарович немесе Әли-Асқарұлы деп жазуға болады.
ҚР аумағынан тыс жерде берілген куәліктері бар балаларды тіркеуде өзгерістер бар. Егер бала Өзбекстанда туса және куәлік туған жері бойынша берілген болса, түзетулерге сәйкес ата-анасы баланың нақты туған жерін көрсете отырып, кез келген тіркеу органынан қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлікті ала алады. Сондай-ақ, ата-аналар мектепке дейінгі балалар мекемесіне кезекке тұру, медициналық ұйымдарға тіркелу, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, қарыз жүктемесін азайту және басқа да мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық түрде ала алады.
Автоматтандыруға байланысты азаматтардың хал актілерін тіркеудің кейбір түрлері жойылды. Туу туралы және баланы асырап алу, әкелікті тану туралы 2 куәліктің орнына тіркеу органдары тек бір ғана баланың туу туралы куәлігін береді. Онда баланың жеке мәліметтері мен оның ата-анасы туралы мәліметтер болады.
Бұдан басқа, сот шешімінің негізінде некені бұзу рәсімдері де автоматтандырылды. Аталмыш мәліметтер автоматты түрде Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне түседі және некені тіркеу туралы акт жазбасына оның бұзылғаны туралы белгі қойылады. Тіркеуші органдардың мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен (ҚР тіркелген акт жазбалары туралы мәліметтер, сот шешімдері және т.б.) ала алатын құжаттарды азаматтардан талап ету жойылды.
Фархат ӘБІЛОВ