Атырау, 23 қараша 10:50
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әкім есебі: екі ай бір жылдай

3 922 просмотра


М.Өтемісов атындағы академиялық драма театрында осыдан екі ай бұрын тағайындалған Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ әкімдіктің 2019 жылы атқарған жұмысына есеп берді. Зал лық толды. Алдыңғы қатарларда шенеуніктер, кейінгі қатарларда қоғам өкілдері орналасып, өңір басшысының баяндамасын тыңдады.

Биыл алғашқы рет облыстың жеті аудан тұрғындары кездесуге онлайн қосылып, ауданнан тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік жасалған.

Дәстүр бойынша есеп мұнай-газ саласындағы жетістіктерден басталды.  Былтыр 49,4 млн тонна мұнай және 25,1 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндірілді. Мемлекет бюджетіне 3 трлн теңге түсті.

Өңірде кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы саласы, әкімнің айтуынша, қазір аяққа тұрып келеді. 370-тен астам шаруа қожалығына субсидия берілген. Биыл Атырауда 500 бас мал бордақылау алаңы іске қосылады. Құрманғазы ауданында Атырау халқын жылына 435 тонна құс етімен қамтамасыз ететін бройлер етін өндіру кәсіпорны жұмысын бастайды деп күтілуде. Махамбет ауданында да осындай, қуаты 5 мың тонна құс етін өндіретін «Мекен-Чикен» атты жоба іске асырылады.

Осылайша облыста құс етіне деген сұраныс қамтылады деді Досмұхамбетов.



2019 жылы 7 мың пәтер пайдалануға берілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. Ал биыл «Нұрлы жер» бағдарламасымен 16 көп қабатты үй тапсыру жоспарланып отыр.

Биыл мектепке дейінгі жастағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтуды көздеп отырмыз. Қазір 4 балабақша салынып жатса, тағы 5 балабақша күрделі жөндеуден өтеді, - деді әкім.

Қазір облыста 5 мектеп апатты жағдайда тұр, 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Ал 12 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқиды.

Денсаулық сақтау саласында ана мен бала өлімі көрсеткіштері өскенін де атап өтті Досмұхамбетов.

-Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде, денсаулығында кінәраты бар жаңа туған нәрестелерді емдеуге арналған арнайы аппараттар сатып алынды.

Қалалық перзентханада Алматы медицина-генетикалық орталықтың филиалы ашылды. Онда жүкті әйелдерге биохимиялық перинаталдық тексеру және сәбилерге неонаталдық тексеру жүргізіледі.

-Қазір алматылық дәрігерлер біздің жергілікті кадрды тегін оқытып жатыр. Бұл жұмыстар өз нәтижесін береді деп үміттенеміз. Оның үстіне дәрігерлер жетіспейді. Өткен жылы өңірімізге 130 дәрігер келсе, әлі де 200 маман жетіспейді. Кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін биыл ЖОО-на 110 грант бөлу жоспарланып отыр, - деді әкім.

ЗАЛДАН ҚОЙЫЛҒАН СҰРАҚТАР


Әдеттегідей, әкім мен халықтың өзара сұрақ-жауабы әсерлі әрі ұзақ болды. Алғашқы сұрақты қала тұрғыны Арман ХАЙРУЛЛИН жолдады:

-Біз, атырау тұрғындары, Мақат ауданында салынғалы жатқан газ өңдеу зауытына қатысты қоғамдық тыңдау болады деп күткенбіз. Алайда бұл 20 желтоқсанда өтіп кетіпті. Ұйымдастырушылардың бірі - Табиғи ресурс және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бәрі заң аясында өтті деп сендірді. Қоғамдық тыңдауда ҮЕҰ өкілдері болған жоқ, тек тапсырыс беруші мен жобалаушы ғана қатысқан. Экология министрлігіне жолдаған сұранысыма «біз оған араласпаймыз» деген жауап алдым. Мен «Қазгидромет» РМК-ден желдің жылдық орташа жылдамдығын сұрадым, себебі Атыраудағы желдің 2/3 бөлігі шығыстан соғады. Болашақ зауыттың санитарлық аймағы 1200 метр, ал Қарабатандағы «Болашақ» зауытының санитарлық аймағы 7 шақырым. Бірақ Қарабатан ауылы тұрғындарының қазіргі денсаулығы туралы бәріміз біліп отырмыз.  Зауыттың құрылысына байланысты қоғамдық тыңдауды Атырау қаласында өткізсін.

-Газ өңдеу зауытының құрылысына жеке инвестор тартылып, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асырады. Қоғамдық тыңдау өтті, ал сіздің өтінішіңізді заң аясында қарастырамыз.  

Нұрбол ИСЛАМ, 10 жас:

- Мен туғанымнан ауруға шалдықтым, 3 ай сайын Алматыға емге барып тұрамын.

Әрі қарай жағдайды баланың анасы түсіндірді:

- Баламның бетіне туғаннан гемангиома шықты. 10 жыл бойы Алматы мен Астанаға емге барып тұрамыз. Бізге Мәскеуге емге баруға көмектесуіңізді сұраймын. Ресей дәрігерлерімен сөйлестік, ісікті алып тастауға дайынбыз деді. Мен алты баланың анасымын. Оған баламды апаруға жағдайым жетпейді. Мүмкін сіз демеуші тауып берерсіз?

-Мен сізді жеке қабылдаймын және бұл мәселені орындау үшін денсаулық сақтау басқармасының басшысына тапсырамын.  

Ескене ауылының тұрғыны Серік ТӘЖІҒАЛИЕВ:

-Бізді, Ескене ауылының тұрғындарын қалаға көшіруіңізді сұраймыз. Ауылда бала туу саны азайды. Көпшілігі отбасымен қалада пәтер жалдап тұрады. Алдағы уақытта ауылда мектепке баратын оқушы қалмайды. Ауылға 5 шақырым жерден жаңа зауыт салайын деп жатыр. Біздің жағдайымыз не болады? Бізге Мақаттан үй ұсынды, бірақ онда не жұмыс жоқ және үйлер де ескі.

- Заң бойынша біз сізге сол ауданнан үй тауып бере аламыз. Бірақ сіздер келіспей отырсыздар, қалада тұрғыларыңыз келеді. Бұл мәселені тағы да пысықтаймыз. Сізге көмектесу үшін демеуші табуымыз керек екенін түсініңіз. Шешу жолдарын әлі қарастырамыз.

Шоқан, ІІ топ мүгедегі:

- Жолдасым екеуіміз 2012 жылы несие алып, өз ісімізді бастағанбыз. Бір жыл өткеннен кейін жолдасым қайтыс болды. Дегенмен өмір жалғасып жатыр. 2013 жылы НКОК компаниясына аутсорсинг бойынша техникалық маман болып жұмысқа орналастым. Менің балам лейкемиямен ауырады. Үкіметтен ақша сұрамадым. 2018 жылы компания өзара келісімшартты бұзып, жұмыссыз қалдым. Мүгедектігіме байланысты жұмыстан шығарылдың деп түсіндірді. Заң талаптарына сәйкес, мүгедек адамды жұмыстан шығарып жібере алмайды. Мен еңбек инспекциясынан, «Нұр Отан» партиясынан, президент көмекшісінен көмек сұрадым. 2019 жылдың 21 қарашасында бұрынғы әкім Нұрлан Ноғаев мені жеке қабылдап, заң бәріне бірдей деді. Ол өзінің орынбасары Крамбаевқа менің мәселеммен айналысуды тапсырды, бірақ нәтиже болған жоқ. Мен өз жұмысыма қайта тұрғым келеді, баламның еміне айына 100 мың теңге кетеді.

-Алдымен біз жағдаймен толық танысуымыз керек. Аутсорсинг арқылы жұмыс жасаған екенсіз, екінші жақты да тыңдауымыз керек. Компания өкілдері маған барлық құжаттарды тез әкелсін, әрі қарай заң бойынша әрекет етеміз.

«Глобус» экология-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА да Мақаттағы газ өңдеу зауытына қатысты сұрақ қойды. Сонымен қатар ол Жайықтың тайыздану мәселесін көтерді.

- Жоғарыда айтқанымдай, қоғамдық тыңдау заң аясында өтті ме, оны тексереміз. Құрылыс онша ауқымды емес – 1 млрд текше метр газ өңдейді. Егер біз үй, жол, әлеуметтік нысандар мен мәдениет үйлерін салғымыз келсе, Қашаған мен Теңіз сияқты бірегей жобалар даму керек. Бәрі өзара байланыста, - деп қорытындылады әкім.

Жайықтың жағдайына қатысты әкім соңғы жылдары климаттағы белгілі өзгерістердің әсері деп қынжылды.

-Оның үстіне биыл қыста қар аз түсті, өр суы келмейтін болды. Ресей аймағында өзеннің жоғарғы жағын реттеу де жағдайды қиындатып отыр, бірақ әлі де келіссөздер жүргізілуде. Жақында Су кодексі талқыланды, онда осы мәселеге қатысты 10 жылға арналған бағдарлама әзірленді. Әзірге біз бар суды тиімді пайдалануымыз қажет. Табиғатқа қарсы келе алмаймыз, ал көрші елмен келісімге келеміз деп ойлаймын, - деп сендірді әкім.

Досмұхамбетовтың есебі 5 сағатқа созылды. Одан кейін ол тұрғындарды жеке қабылдау үшін облыстық әкімдікке кетті.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

20 ақпан 2020, 12:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.