Алматы түбіндегі ұшақ апатынан кейін Қазақстанда әуежай маңындағы үйлер құрылысының заңдылығы жөнінде мәселе көтерілген болатын. Бізге алысқа барудың қажеті жоқ, өзіміздің Атырауда ұшақтар Нұрсая, Лесхоз ықшамаудандарындағы жеке үйлердің ауласының үстімен қалықтап, әуежайға қонатынын бәрі көріп жүр. Ал тұрғындар сол ұшақтармен түскен «романтикалық» бейнежазбаларын әлеуметтік желіде жиі жариялайды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 27 желтоқсанында BekAir әуе компаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы 93 жолаушысы бар ұшақ көтеріліп барып, жерге құлап, 12 адам қаза болды. Көпшілігі ауыр жарақат алды. Ұшақ жоғары көтеріле алмай, бетон қоршауды бұзып өтіп, салынып жатқан екі қабатты құрылысқа соқты. Егер бұл үй болмағанда қаза болғандар саны барынша аз, тіпті мүлдем болмайтын ба еді? Осыдан кейін әлеуметтік желілерде ұшақтардың ұшу-қону жолағына жақын маңдағы, әсіресе, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Атырау қалаларындағы жеке үйлерге қатысты әңгіме қызу талқыланған болатын.
2011 жылдың мамырында бекітілген «Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидасын бекіту туралы» үкімет қаулысына сәйкес тұрғын үй нысандарының құрылысын әуе айлағының бақылау нүктесінен 46 километр радиусте орналастыру үшін Азаматтық авиация комитетінің рұқсаты талап етіледі.
2014 жылы ҚР Бас көлік прокуратурасы Атырау қаласының әкімдігі 2011-2012 жылдары әуеайлақ аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін азаматтық авиация комитетінің және Атырау халықаралық әуежайының келісімінсіз жер учаскесін берді деп хабарлады. 2016 жылы Атырау облысының көлік прокуратурасы облыс жерлерін қорғау және қолдануды бақылау жөніндегі басқарма басшысы Ғ.Сүлейменовтің атына заңнамалардың бұзылуын жою, атап айтқанда, әуежай маңындағы жер учаскелерін заңсыз беру фактілері бойынша ұйғарым шығарды. Ұйғарымда 2011-2012 жылдары Атырау қаласының әкімдігі әуежайдың тұрақты жұмыс істейтін комиссиясының қорытындысы және тиісті рұқсаты болмаса да, заңсыз жеке тұрғын үй құрылысы үшін 66 жер учаскесін бергендігі хабарланған. Ал «АЖ» ақпараты бойынша, әуежай маңынан жалпы жиынтығы 105 учаске берілген. Құжаттарда Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімовтің, әкім орынбасары Әділбек Нұрлығожиевтің, әкім орынбасары Әділбек Зайдуллиннің, әкім орынбасары Мейірім Қалауидың қолдары тұр. Заңсыз жер беру 2017 жылға дейін жалғасқан.
«МАҒАН ЖЕР УЧАСКЕСІН БЕРГЕНДЕР ЖАУАП БЕРСІН»
Атыраулықтар жеке тұрғын үй салуға жер алу кезегін көп жылдар бойы күтеді. «АЖ»-ға қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Наурызбек ҚҰМАРОВ хабарлағандай, қазір 2005 жылы берілген арыздар қаралып жатыр екен. Бірақ кейде басқаша да болады. Мысалы, қазіргі әуежай «көршілерінің» бірі арызды 2011 жылдың маусым айында жазған және жер учаскесін 2012 жылдың сәуір айында алып үлгерген, ал мемлекеттік актісін бір айдың ішінде рәсімдеп алған. Ол - Атырау халықаралық әуежай маңынан сол кезде жер алғандардың ішінен АЖ тілшісімен сөйлесуге келіскен жалғыз адам - Индер ауданының әкімі Мейірім ҚАЛАУИ.
– Иә, менің аты-жөнім сол тізімде бар, - деді М.Қалауи. – Адамдар мені өз байланыстары арқылы сол жерді заңсыз алды деп жазып та, айтып жүр, бірақ олай емес. Мен бұл үйлер заңсыз салынды деп айтпас едім, өйткені әуежай маңына салынған үйлер әлемнің көптеген қалаларында бар. Бір кездері қала билігі біздерге рұқсат беріп, инфрақұрылым жүргізді. Мен дәл осы жерді бер деп ешкімнен сұрағаным жоқ. Арыз жаздым, өз кезегімді күттім, кезек келгенде жерімді алдым. Сондай-ақ, бұл жерде кілең байлар тұрады деген де әңгіме бар. Алайда олай емес. Менің көршілерім Атыраудың қарапайым ғана тұрғындары. Жалпы әуежай маңындағы жерлерді неге «элиталық» деп атайды соны түсінбеймін? Атырауда қандай жерлер «элиталық» екенін өздеріңіз жақсы білесіздер ғой.
– Сіз мемлекеттік актті бір ай ішінде алдыңыз. Мен айталық, бұл құжаттармен бір жылға жуық жүрдім.
– Бір ай ішінде? Бұл жақсы екен! Тағы да қайталап айтам, мен арыз жаздым, күттім, заң тәртібі бойынша жерді алдым. Жерді берген адамдар жауап берсін. Мен ешкімге ештеңе берген жоқпын.
– Атырау халықаралық әуежайы маңындағы соңғы қалған учаскелер 2017 жылы сіз Атырау қаласы әкімінің орынбасары болған кезде де беріле бастады. Сол кезде сіз ол жерді беруге болмайтынын білген жоқсыз ба?
– Менде ондай құқық болған жоқ. Бәлкім, сіз қателесіп отырған шығарсыз. Тағы да айтамын, учаскелерді беру барысында барлық құзырлы органдар бұл рәсімдердің заңдылығын тексереді.
– Егер мемлекет жер заңсыз берілген деп шешсе, онда сіз оны мемлекет меншігіне беруге дайынсыз ба?
– Егер сот менің жерді заңсыз алғанымды дәлелдеп, шешім шығарса, мен сот қаулысын орындаймын.
АСТАНАДАН СҰРАНЫС
«АЖ» қала әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ атына редакция сауалын жолдады, бірақ әлі жауап келе қойған жоқ. Алайда «АЖ»-ның құқыққорғау органдарындағы ақпарат көздері Нұр-Сұлтанның Атырау әуежайы маңынан берілген жер учаскелерінің құжаттарын сұратқанын хабарлады.
Фархат ӘБІЛОВ