Атырау, 23 қараша 10:50
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ақшаны тек жеке куәлік арқылы күндіз айырбастауға үлгеріңіз

2 971 просмотра


Биыл 1 ақпаннан бастап Қазақстанда айырбастау орындарында (кейбіреуін қоспағанда) бірыңғай жұмыс регламенті белгінленді: 9.00-ден 20.00-ге дейін. Енді шамалы ақшаны айырбастау үшін де жеке куәлік қажет. Бұл жаңадан енгізілген тәртіпке қатысты бірнеше сұрақтарға Ұлттық банктің Атырау филиалының валюталық операцияларды бақылау бөлімінің бастығы Арсен КӨБЕКОВ жауап берді.

- Қазақстанда айырбастау пункттерінің жұмыс тәртібі неге өзгерді?

- Жұмыс кестесінің өзгеруі айырбастау пункттері мен олардың клиенттерінің қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл шара сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта қолма-қол шетел валютасын сату бағамын көтеру және халық арасында негізсіз дүрлігу тудыру фактілерін болдырмауға көмектеседі.

Бұл жалпы әлемдік тәжірибе. Көптеген елдерде мысалы, Италия, БАӘ, Польша, Грузия, Таиланд және т.б. айырбастау пункттері күндіз жұмыс істейді.

- Туристер немесе шетелге баратын адамдар не істейді?  Оларға түн ішінде қолма-қол ақша керек болса қайтеді?

– Адамдарға қолайлы болу үшін елімізге әуежай, т/ж вокзалы және мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттері арқылы келетін/шығатын жердегі айырбастау пункттерінің жұмыс тәртібі шектелмейді – олар тәулік бойы жұмыс жасайды. Ал бірінші санаттағы ірі сауда орталықтарында 22.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

- Қазір ақша айырбастау үшін неге құжат талап етіледі?

- Деректерді тіркеу жеңілдетілген түрде жүргізіледі. Егер 500 мың теңгеге дейін ақша айырбастайтын болса, клиент тек жеке басын куәландыратын құжатты ғана ұсынады.  Бұл көптеген елдерде қолданылатын халықаралық тәжірибе. Бұл шаралар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған.

Клиент өзі ешқандай құжат толтырып, уақытын текке жоймайды. Айырбастау пункттерінің иелері процесті автоматтандырып, азаматтың электрондық жеке куәлігінің чипінен ақпаратты оқитын құралдар пайдалануға болады. Бұл кәсіпкердің қалауы бойынша іске асырылады.

- Кассирлер 500 мың теңгеден астам валюта айырбастағанда клиенттен тұрғылықты жері бойынша тіркеу мекенжайын сұрай ма? Мекенжай анықтамасы қажет пе?

- Мұндай талап бұрыннан бар. Ол 2018 жылдан бастап енгізілген. 500 мың теңгеден астам сомаға ақша қаражатын айырбастау кезінде бұрын қолданыста болған деректерді тіркеу тәртібі пайдаланылады. Қызметкерлер клиенттің заңды мекенжайын (тіркеу орнын) сұратады. Ұсынылған деректердің дұрыстығына клиенттердің өзі жауап береді.

- Қазақстандықтардың жеке мәліметтерін не істейді?

- Клиенттердің деректері айырбастау пункттерінің тізілімдері журналында электрондық түрде тіркеледі және басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Тек қаржы мониторингін жүргізетін органдар жекелеген азаматтар бойынша олардың қызметін заңдылық тұрғысынан тексеру үшін ақпарат сұраған жағдайда тиісті жауап беріледі. 

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

4 ақпан 2020, 12:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.