Атырау, 23 қараша 10:49
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Үш алып» айналасындағы мұнай-сервистік толқулар

3 536 просмотра


Қазақстанның  мұнай-газ саласының  «Үш алыбы» - ТШО, НКОК және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (КПО) – тауар, жұмыс, қызмет (ТЖҚ) бойынша таяу жылдардағы сатып алулар тізімін жариялады. Бұл әрине, дұрыс. Алайда барлығымыз ірі тендерлерді негізінен шетелдік компаниялардың ұтып алатынын білеміз. 2019 жылдың маусымында Атырауға келген сапарында президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 2018 жылы осы үш оператордың ТЖҚ сатып алу көлемі бойынша Қазақстандағы шетелдік компаниялардың барлық ТЖҚ сатып алу көлемінің бар-жоғы 34%-ын құрағанын атап өтті. Үш «алыптың» үлестік салмағын ескерер болсақ, бұл аз. Тоқаев сол кезде-ақ үкіметке операторлармен жұмыс жүргізуді және тендерлерде сатып алу шегін 20 миллион доллардан төмен белгілеуді тапсырған еді. Ал бүгін өкілетті орган сатып алулардың 20 млн доллардан жоғары тендерлерді бекітеді, ал одан төмен болса, оны операторлардың өздері шешеді.

Бұл туралы Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының президиум төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ былай дейді:

- Мұнай сервис компаниялары қашан да мұнай өндіруші компаниялардың  қажеттілігін біледі – бұл олардың жейтін наны. Өндірістік қажеттіліктер бәрінде бірдей, тек мәселе технологиялық артықшылықтар мен бюджетте ғана. Мұнай-газ компанияларының ТЖҚ сатып алу бойынша өз интернет-ресурстарындағы жарияланымдарына келетін болсақ, бұл бюджеті, тендер мерзімі және жұмыс пен қызметтің қысқаша сипаттамасы жоқ ақпарат. Оның үстіне кез келген жоспарға түзетулер енгізілуі мүмкін. Ал бизнеске шығындарды ешкім өтеп бермейді. Біз әлемдік экономикадағы жағдайға тәуелдіміз. 10 күн бұрын баррель үшін  баға $70 болды деп бөркімізді аспанға лақтырып қуандық, ал бүгін баға  $59 болды. Біз наурызда қандай баға болатынын болжай алмаймыз, бәлкім $40 болуы да мүмкін ғой. Баға одан әрі төмендеген жағдайда инвесторлар кез келген сәтте эконом режиміне көшуі мүмкін, демек, өздерінің сатып алу жоспарларын қайта қарайды.

Жақсылықовтың сөзіне қарағанда мұнай үштігінің шетелдік компаниялармен ұзақ жылғы қатынасын бұл нарықтағы лобби түріндегі  қалыптасқан дәстүрін  есептен шығарып тастауға болмайды. Сондықтан да Қазақстанға үкімет атынан мұнай сервистік компаниялармен жергілікті қамтуды арттыру үшін әлі де жұмыс жасау керек.

 - Мен мұны ұлы жеңіс деп қабылдай алмаймын. Бірақ  бұл мұнай сервистік компаниялардың, атап айтқанда, үш оператордың тендерлік рәсімдерінің дұрыс бағытта жақсаруына маңызды қозғау салып отыр. Бұған қатысты келіссөздер мен даулардың жалғасып келе жатқаны бір жыл емес. Сондай-ақ, бізде қазақстандық компаниялардың заңды мәртебесінің айқындылығына қатысты мәселе бар. Кәсіпорынның 50%-дан кем емес жарғылық/акционерлік үлесі Қазақстан азаматының иелігінде болса, мұны қазақстандық компания деп есептеу керек деп ойлаймыз. Бұдан басқа, біздің бизнес кадрлары, біліктілік және басқа да жағдайлар бойынша шетелдік деңгейге жетпейді деген ұғым өткеннің еншісінде қалуы керек. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде бұл таптаурынды жоққа шығаратын мысалдар жеткілікті.  Егер олар сатып алуға кепілдік беріп, оның көп бөлігін қазақстандық құрылтайшысы бар компанияларға береміз деген болса, міне сонда ғана қуануға болады. Бұл үлкен нарық, қыруар ақша. Мұнай сервисінің барлық айналымынан бұл 5 трлн теңге және 75-80%-ы үш шетелдік өндірушіге тиесілі, демек, бұл 4 трлн теңгеден сәл артық. Бұл жағдайды өзгерту үшін бәлкім бірлескен кәсіпорын құру керек шығар, себебі кез келген шетелдік бас мердігер бұл жерде бәсеке тудыруға мүдделі емес. Сондықтан да біз осы шетелдік компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құруға тиістіміз. Тек солай ғана.  Екінші – президент те, премьер-министр де, үкімет те жергілікті адамдардың қамтылуын жеке бақылауында ұстауы тиіс. Мұнай сервистік компаниялар үшін жақсы бағдарламалар керек. Бұл еліміздің қазынасына салықтан да көп қаражат әкелетін сала. Біз 2019 жыл қорытындысы бойынша 500 млрд теңге түсіреді деп жоспарлап отырмыз. Мұндай қолдау тағы не үшін керек? Біз, мұнай сервистік мамандары, қалай болғанда да операторларға тәуелдіміз. Ол қара тізімге енгізіп, өз жобасына кіргізбеуі де мүмкін. Бұл мәселені үкімет операторлармен, инвесторлармен және бизнеспен бірлесе отырып айналысуы қажет.

Ал Одақтың бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ ақпаратқа қол жеткізу жұмыс ауқымын сезінуге мүмкіндік бергенмен, ірі мұнай-газ операторларының тікелей жеткізушісі болуға ешқандай мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

- 2010 жылдан бастап ҚР Үкіметі барлық мұнай өндіруші компанияларды жылдық және орташа мерзімді сатып алулар жоспарын жариялап отыруға міндеттеді. Бұл талаптар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодексте де сақталды. Барлық мұнай өндіруші компаниялардың жоспарланған және іс жүзіндегі сатып алуларын ҚР энергетика министрлігінің порталынан көруге болады. Жеткізушілерге бар болғаны тіркелу керек.  Біз қазіргі жарияланымдарға байланысты бизнесмендерден аса бір қызығушылық байқағанымыз жоқ, барлығы да жәй ғана цифрларды емес, «келісім жасауды» қалайды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

4 ақпан 2020, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.