Атырау, 24 қараша 03:38
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау облыстық перзентханасының дәрігерлері президентке хат жазды

4 270 просмотра


Өз еріктерімен жұмыстан кетуге арызданған Атырау облыстық перинаталдық  орталығының 31 қызметкері әзірше штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне перинатальды орталықтың баспасөз-қызметі хабарлаған. Алайда, дәрігерлер өз арыздарын кері алмаған.

 Баспасөз-қызметі ҚР Еңбек кодексінің 56 бабына, оның ішінде «Жұмыскер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын жазбаша хабардар ете отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы» деген бөліміне сүйене отырып, «Олар өз ойларынан қайтқан жоқ» - деп хабарлады.

Оның үстіне бұл мерзім жұмыс берушінің арызға қол қойған күнінен бастап емес, қызметкердің арызды берген күнінен бастап есептеледі.

Облыстық перинаталды орталықтың баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша бұл жерде 400-ден аса адам еңбек етеді, оның 62-сі дәрігерлер. Бүгінгі таңда 35 дәрігер жұмыс жасап жатыр, ал қалғандары декреттік немесе еңбек демалыстарында.

Оның үстіне, бүгін 10 қазанда орталықтың 23 қызметкері қол қойған президент Қасым-Жомарат ТОҚАЕВТЫҢ атына жазылған ашық хаты жарияланды. Сондай-ақ, хатта былай деп жазылған: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іс сотқа жетпей жатып БАҚ-на ақпарат таратып үлгерді.  Бұл перинаталды орталық дәрігерлерін қылмыскерлермен қатар қойғанмен бірдей деген сөз. Дәрігерлерге деген халық наразылығы одан сайын күшейді. Біз өз әріптестерімізді ақтап отырғанымыз жоқ, олардың кінәсін тиісті органдар дәлелдейтін болады. Бізді істің ақ-қарасы шешілмей жатып, біздің бәрімізді қылмыскер деп танытқандары қынжылтып отыр. Мұндай жағдайда өз міндеттерімізді толыққанды атқару мүмкін емес, сондықтан да біз жұмыстан кетуге мәжбүр болып отырмыз».

Бұдан бұрын әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ОПО гинекология бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Бақыт ШУКАБАЕВА былай деген еді:  

- Өз жұмысымызды атқарғаннан басқа бізден  тағы да жауап алып жатыр. БАҚ-да  алдын-ала жарияланған ақпараттар, әлеуметтік желілердегі жағымсыз комментарийлер міне, осының салдары 31 адамның бір уақытта жұмыстан кетеміз деп арыз жазуына әкелді.

Еске сала кетейік, 30 қыркүйекте Атырау облыстық перинаталды орталық директоры Қуаныш НЫСАНБАЕВ және акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАН жаңа туған баланы өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің болжамы бойынша, нәрестені өлі туды деп толтырылған құжатты қайта өзгерту үшін баланы тоңазытқыш камерасына  салған. Бұл іс тек біздің аймақта ғана емес, бүкіл елімізді дүрліктірді.

Фархат ӘБІЛОВ

10 қазан 2019, 17:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.