Атырау, 26 сәуір 13:19
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Кез-келген ақау сіздің есебіңізден

1 670 просмотра

- Біз үйдің шатыры үшін танымал атыраулық бір компанияға металл черепицаға тапсырыс бердік. Олар бізге тапсырысты сапалы орындауға уәде еткен болатын. Нәтижесінде үйдің шатырын әбден жауып болып келгенде металл черепицаның түрінің әр түрлі екендігі белгілі болды. Біз бірден компанияға кемшіліктерін айтып, талап ете бастадық. Олар өз кінәларын  мойындағанмен, келтірілген зияндарын толық өтеуден бас тартты. Бізге тапсырыстың құнынан ондаған есе төмен 70 мың теңгені ғана қайтаратындарын мәлімдеді. Сонда қалай, ақыр соңында біз черепицаны өз ақшамызға ауыстыруға тиіспіз бе? Біз өз құқығымызды қалай қорғай аламыз? Қолымызда төлем чегі мен металл черепицаға берілген бір жылдық кепілдік бар.

Телефон арқылы

Сауалға адвокат Гүлсім САБИРОВА түсінік берді:

– Бұл жағдайда сатып алушы сатып алу-сату келісімін жүзеге асырған тараптардың бірі, яғни, тұтынушы болып табылады. Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңның 14-бабы, 1-тармағынан сәйкес, тиiстi емес сападағы тауарды сатып алған тұтынушы өз таңдауы бойынша сатып алу бағасын мөлшерлес кемiтудi, тауардың кемшiлiктерiн өтеусiз жоюды, тауардағы кемшiлiктердi жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеудi, сатып алу бағасын тиiсiнше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельдi, артикульдi) сондай тауарға ауыстыруды, шартты бұзуды және тауар үшiн төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

Алдымен тұтынушы сатушыға, яғни, тауар жеткізушіге шағымын жазбаша түрде беруі керек, шағымның берілуіне байланысты орын алған жағдайды нақты түрде баяндап көрсетуі тиіс. Черепицаны ауыстыру барысында келтірілетін зиянды есептей отырып негізгі соманы көрсетуі қажет (материалдық талап сомаларына негізделген құжаттардың көшірмесін жалғауға болады). Шағымда жауап беру мерзімін және сатып алушының талаптарын: сатып алу бағасын азайту, тауар ақаулығын қайтарымсыз жою, сапалы тауарға ауыстыру немесе келтірілген шығындарды өтеу келісім-шартын бұзуды көрсетуге болады. Арызды міндетті түрде пошта арқылы жолдау керек. Егер шағымда мерзімі көрсетілмеген болса, сатушы (жеткізуші) жауапты 10 күн ішінде беруге міндетті.

Егер жеткізіп беруші сатып алушының заңды талаптарын қанағаттандырмаса немесе берілген шағымды елемесе, онда сот тәртібі бойынша сатушыдан нақты соманы өндіріп алуға немесе тауарды ауыстырып беруге міндеттеуге болады.

24 қазан 2012, 23:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.