Жол көлік апатынан кейін мүгедек арбасына таңылса да, тағдырдың ауыр соққысына мойымай, өзінің жеке кәсібін ашпаққа ниеттенген Индер ауданы Елтай ауылының тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Қуат ЖАНЕСЕЕВ туралы жеті жыл бұрын «АЖ» мақала жариялаған болатын. Қазір кәсібін дөңгелетіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген, жүзінен өмірге деген асқан құлшынысты көруге болатын жас жігітке еріксіз риза боласың.
...2010 жылғы 10 қазан күнгі кеш енді ғана 20 жасқа толатын жігіттің жаяу жүргінші жолындағы жол апаты өмірін түбегейлі өзгертіп жіберді.
- Бұл тағдыр, мен ешкімді кіналағым келген жоқ. Сол кездегі апатқа себепші болған автобус жүргізушісіне де есімді жиғасын кешірім бергенмін. Бастапқыда арбаға таңылып қалармын деген ой болған жоқ, қиын шақтар, естің кіресілі-шығасылы кезі. Бірнеше сағатқа созылған ауыр оталар. Оның бәрі күні кешегідей есімде сақталып қалыпты. Жаныма жалау, көңіліме демеу болып табылған әке-шешем, бірге туған апаларым, жолдастарым, одан қалса сүйген қызым...
Ол бір сәтке үнсіз қалды. Бірақ, демде отты жанары жарқырап, маңызды бір нәрсе айтқысы келгендей әңгімесін ары қарай жалғастырды.
- Оның есімін айта алмаймын, құпия болып қалсын, ол қазір біреудің сүйген жары, бақытты ана. Әлі хабарласып тұрамыз. Бірақ бұл жолы туысқандық, бауырмалдық ниетте ғана. Оның махаббатына беріктігі сол - менің жұлыныма зақым келіп, орнымнан тұруым, тұрмауым белгісіз болғанда да қасымнан кеткен жоқ, көзінен таса қалдырмады. Аруханада жатқанда үнемі жанымнан табылатын, тіпті Елтайға келгенде екі жыл бойы мені бағуға әке-шешеммен бірге, бірдей жәрдемдесті. Ата-анасы оның қалуына қарсы болды, оларды мен жек көрмеймін. Қай ата-ана да баласының бақытын тілейді ғой. Бірақ ол қыз оларды тыңдағысы келмеді, менің қасымда мәңгі қалуды ұйғарды. Енді мен қарсы болдым, оның өмірінің өксімеуін айтып, рұқсатты өзім бердім. Қанша қиналсам да осы шешімді дұрыс деп таптым. Мен оған өте ризамын, алғысым шексіз. Ол қиындықта мені тастап кетпеді. Мен өмірге қайта оралдым,- дейді Қуат.
Төрт қабырғаға телміріп, сырқаты жанына батып, келешектен күдер үзе бастаған шақта өзі оператор болып жұмыс жасаған «Шуақ қала» ЖШС-нің директоры Жалель НУРЕКЕШОВ зор азаматтық танытты. Арада тоғыз жыл өтсе де әлі күнге Қуатты ЖШС-нің бір қызметкері ретінде танып, еңбекақы төлеп келеді. Сыйақы, жаңажылдық сыйлықтар әлі үзілген емес. Оны ұжымы ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Оларға деген Қуаттың тілегі шексіз, қатты риза. Ж.Нурекешов үйде жатқан жас жігітке ноутбукті сыйға тартты. Бос мезгілі көп Қуат ғаламторды ақтарып, түрлі ойға берілетін.
- Достарым Қуандық Жақсылықов, Бағдат Мүкиев, Мирас Мүкиев, Сағдат Баймұқатов, Самет Кенжеғалиев, Мұстафа Жұматов күн-түн демей қасымнан табылатын. Олар келген сайын «Қуат сен мықтысың, бәрін жеңесің» дейтін. Ата-анам, апаларым, інім менен көп үміт күткен. Бар жағдайымды жасап жүгірген әке-шешемді аядым. Ойлана келе, жоқ мен жата бермеуім керек, оларға масыл болмауым керек деп өзімді жігерлендірдім. Бұл жатысыма намыстандым. Бірдеңе жасау керек екенін ұқтым, бірақ неден бастауым керек. Бірде халыққа қызмет көрсету орталығына барсам, ксерокөшірме шығаратын жер жоқ екен. Сонда ой түсті. Мүгедектікке берілген ақшаның басын қосып, көшірме аппаратын сатып алдым. Сол кездегі аудан әкіміне кіріп, ғимараттан орын беруді сұрадым. Ол кісі мені қолдады, сөйтіп жалға аудандық қызмет көрсету орталығынан орын алып, аппаратымды қойдым. Елтай мен аудан орталығы Индербор кентінің арасы оншақты шақырым. Әкем екеуміз алғаш жұмысымызды бастадық. Ескі болса да көлік бар. Бірақ мұнымен тоқталмай Мирас пен Бағдат үшеуміз әрқайсымыз 20 мың теңгеден қаржы шығарып, Атырауға таксимен барып, «А-4» қағазын көтеріп алып, қала ішіне жүріп сата бастадық. Тиындап жинап, түскен ақшаға тағы сатып алып кәсіпті жалғастырдық. Олар оны мен үшін жасаған, жатып қалмасын деп осы кәсіпке бейімдеді.
Қуат тағы не істесем екен деп ойлады, ол мұнымен шектеліп қалмақ емес-тін. Өнерлі қыздардың басын қосып, «Әдемі-ай» би тобын ұйымдастырды. Жанды дауыспен ән айтып, қыз ұзату, келін түсіру, құдалық күту, шілдехана сияқты той қызығын осы топ көтереді. Аудан емес, облыс орталығына таныла бастады. Тапсырыстар қабылдау, би көйлектерін сатып алу, ақысын уақтылы төлеу бәрі Қуаттың мойнында, жетекші өзі. Одан қалса, жаңа ашылған ғимараттар, мектеп бітіру, алғашқы қоңырау кезінде ғимараттардың сыртын түрлі шарлармен безендіруді міндетіне алған. Одан кейін Астраханнан балалар ойнайтын батут сатып алды. Алдымен ауылға құрды. Кейін көрші ауылдарға да апарды. Тегін тәттілер, попкорн сата бастады. «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» деген өмірлік ұстанымымен жағдайы төмен, асыраушысы жоқ, жетім және мүгедек балаларға тегін қызмет етеді. Нәтиже көріне бастады, «Жас проект» бағдарлама ашылып, одан 1 млн теңге грантқа ие болды.
- Ауыл емес аудан орталығында балалар ойнайтын орын ашу ниетіндемін. Оған мүмкіндік бар. Егер сол ойым іске асып кетсе, балалар үшін қуанышты болар еді. Қолымнан келгенше, шағын бизнесімді дамытқым келеді. Бірақ денсаулықты ойлап қоймаса болмайды. Мен осындағы М.Сиранов мектебінде оқығанда спорттың түр-түріне қатысқанмын. Соның пайдасы тиіп жатыр. Мектеп ауласындағы турникке асылу үшін інім Сұңғат екеуміз бірге барамыз. Ол ауылда фельдшер. Отбасы бар. Маған көмекке келетін сол бауырым. Параолимпиадаға қатысып, штанга көтеруден облыста бірінші, республикада жетінші орынға ие болдым. Шахмат-дойбы, стол теннисінен басты жүлделерге ие болып жүрмін. Осы спортпен айналысқалы жүріп кетпесем де, емін-еркін қозғала аламын. Үнемі біреудің жәрдеміне мойынұсына бергеннен гөрі өзің ұмтылғаның жөн. Жасымай, жігерлілік таныту керек қой.
-Арманың бар ма, Қуат?
- Ең бастысы аяғымнан тұрсам деймін. Жуырда Алматыға барамын, емделу жалғаса береді... Бизнесімді дамыту, сүйгенімді тауып, отбасын құру. Әзірге өміріме серік болатын адамымды кездестірмедім. Бірақ міндетті түрде жолығатынына сенімдімін!
Қуаттың әлеуметтік желідегі жазбасынан:
- Мен өзімді бақытты сезінемін. Өмір өте қысқа. Өз өміріңізді сүйіңіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор