Атырау, 15 қараша 07:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 493.85
€ 519.04
₽ 4.97

Қылмыстық кодекстегі өзгерістер

6 364 просмотра

5-ші ақпанда «Қылмыстық заңнамаларды әрі қарай ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылық кепілдіктерді күшейту мәселелері бойынша кейбір ҚР заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді.

Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде қандай өзгерістер болғандығын әңгімелеп беруді адвокат Нұрлан ЖОЛБОЛОВТАН өтінген едік.

«Экономикалық саладағы қылмыстан бастайық. Заң шығарушылар, бәлкім, шағын және орта бизнесті қолдағылары, шамадан тыс айыппұлдардан босатқысы келген шығар, бастысы, шағын және орташа ауырлықтағы экономикалық қылмыс үшін бас бостандығынан айырылу үрейінен құтқарғысы келген болар.

Алайда күш құрылымдары өз ұстанымдарын қорғап шықты деп есептеймін, өйткені, бастапқыда қылмыстық заңда қарастырылған 70-тен астам экономикалық қылмыстың 21-ші құрамын (бабын емес) толықтай қылмыс деп танымау жоспарланған. Олардың бір бөлігін әкімшілік құқық бұзушылық санатына аударуы, ал бір бөлігін құқықтық саладан мүлдем алып тастауы тиіс болатын.

Алайда іс жүзінде тек «өлі» баптарды ғана алып тастаған. Мәселен, «Тұтынушыларды алдау», «Жер қойнауы бойынша заңсыз келісімдерді тіркеу», «Несиені өтеуден жалтару» және т.б. 222-ші бапқа («Ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтару») қол ұшын да тигізбеген деуге болады. Тіпті, салық төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын бастапқы деңгей де бұрынғыша 2000 айлық есептік көрсеткіш боп қалған. Жаңа өзгерістерге байланысты  «төленбеген кедендік алым сомасын өтеген тұлға қылмыстық жауапкершіліктен босатылады» делінген 214-ші баптан («Кеден төлемдерін төлеуден жалтару») айырмашылығы - 222-ші бапқа мұндай норма енгізілмеген.   

Жеке басқа қарсы қылмыс бөлімінде 105-ші бап – «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы қылмыс деп танылмаған. Осы бап бойынша кімді болса да жазалауға болатын еді. Дәлел келтіру үшін ұзындығы қолға түскен жарты сантиметрдей сызат пен бір куәгердің анық емес жауабы болса жеткілікті болатын. Сол үшін қасақана қылмыс жасаған боп сотталатынсың.

Айтпақшы, осы бапқа қатысты сотта азғантай мөлшерде ғана ақтау үкімдері болған еді. Енді, ол мүлдем болмайды деп ойлаймын.

«Мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы сыбайластық жемқорлық және өзге де қылмыстар» деп аталатын баптар аса елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Одан ешқашан қолданылмаған «қамау» (жаза түрі ретінде) дегенді алып тастаған, ал бас бостандығынан айыру мерзімдерін сол күйінде қалдырған.

Есесіне 54-ші бап («қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар») тармақпен толықтырылған. Соған сәйкес, енді құқыққорғау органының қызметкері немесе судья өзінің қызметтік бабын пайдаланып қылмыс жасаса, қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай деп есептелетін болады.

Егер бұрын үкімнің орындалу мерзімін кейінге қалдыру тек әйелдерге ғана қатысты қолданылса, енді сәби балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдарға да бұл жеңілдік тиесілі. Тергеу кезінде зайыбымен ажырасқан ер адамдар сот алдына жалғызбасты әке ретінде келуі мүмкін.

Заң шығарушылар есірткіге әуесқұмарларды да қуантып тастады. Енді «ірі мөлшерде» (ал бұл 1 келіге дейінгі марихуана, 200 граммға дейінгі гашиш, 100 граммға дейінгі апиын және 1 граммға дейінгі героин) есірткіні заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе сақтау, егер бұл оны өткізуге байланысты болмаса, қылмыстық жазаланатын әрекет боп табылмайды. Ол әкімшілік құқықбұзушылық құрамына ауысады.  

Осы баптың 1-ші тармағын қылмыс деп санамау мақсаттылығы туралы талқыға салынғанда, полицейлердің есірткілерді салып жіберу фактілері туралы көп айтылған. Заң шығарушылар, бәлкім, оларды «аса ірі мөлшерде» салып жіберуге болатынын білмеген шығар. Оның үстіне героин үшін бұл норма 1 граммнан асса болғаны, ал баптың санкциясы – тәркілеумен бірге 7 жылға бас бостандығынан айыру.

Қылмыстық-іс жүргізу кодексіне де елеулі өзгерістер енгізілген. Енді қылмыс жасады деп күдіктелген тұлғаға (айыпталушыға) қатысты тыйым салу шарасын қолданбайды. Оған жаза түрінде бес жылдан кем түспейтін мерзімге (өзгеше жағдайлар да бар) бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұрын бұл деңгей екі жылға тең болатын.

Үй қамағында отырған тұлғаларды тексеру күндіз екі мәртеден аспауы және түнде бір реттен аспауы тиіс. Қамалушының үйінде полиция қызметкерлері мен басқа тексерушілер тек олардың «қамқорлығындағы тұлғаның» рұқсатымен 30 минуттан аспайтын уақыт болуға құқылы.

Айыпталушыға электронды аңду құралдарын қолдануды реттеу нормалары енгізілген.

Қылмыс объектісі жұртшылық пен мемлекеттің мүддесі боп табылатын істер бойынша сотталушымен ымыраға келу туралы сотқа мәлімдеу құқығы прокурорға берілген.

Егер бұрын қылмыс туралы жасырын арыздар қылмыстық істі қозғау үшін негіз боп табылса, енді олай болмайды».

Ал жалпы, мемлекет заңнамаға, әсіресе, қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізер кезде, оны талқылауға тәжірибесі мол адвокаттар мен судьяларды, прокурорларды көбірек тартулары керек деп есептеймін. Мен, мәселен, параны, егер алынған ақша сомасы немесе алынған мүлік құны 10 АЕК-тен асатын жағдайда ғана, оны қылмыстық жазаланатын әрекет деп қарауды ұсынар едім. Ұсақ шенеунік немесе орташа лауазымды тұлға 5000 теңге параны жағдайы жақсы болғаннан алмайды ғой. Мұндайды әрі қарай мемлекеттік қызметтен шеттетіп, әкімшілік құқықбұзушылық санатына ауыстыруға болар еді. Ал қазір бұл үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуға болады.   

Жазып алған Лев ГУЗИКОВ

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.