Атырау, 25 қараша 08:58
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қаңғыбастар қайдан келген?

Сурет Бейнежазба
6 213 просмотра


Атырауда «Қаңғыбас» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Екі күн ішінде полиция белгілі бір мекенжайы жоқ 220 адамды анықтап, есепке қойды. Олар мұнайлы астанада аз емес екен. Полицейлермен бірге қаңғыбастарға жаны ашыған «АЖ» тілшісі де болды. Алайда рейдтен кейін жағымсыз иісті кетіру үшін ұзақ жуынып-шайынуға тура келді.

- Қаңғыбасты, әдетте, алыстан танисың. Олар бізді көргеніне қуана қоймайды, көпшілігі алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Бірақ алысқа ұзамайды – денсаулығы мүмкіндік бермейді, ал мен керісінше, үнемі спортпен айналысамын, - дейді жартылай әзілдеп, жартылай байыппен ҚПБ криминалдық полициясы бөлімінің аға жедел уәкілі Бақытжан НҰРИДЕНОВ қала көшелерімен келе жатқанда.

- Менің білуімше, сіздің бөлім белгісіз мәйіттермен жұмыс істейді ғой.

- Иә, ашығын айтайын, егер қаңғыбастарды дер кезінде ұстамасақ, болашақта олардың көбі белгісіз мәйітке айналады. Зиянды әдеттер, ең арзан азықты талғажау қылу денсаулығына зиян келтіреді. Мәселен, жаздың ыстығында инфаркт немесе инсульт соғып, өліп жатады. Құжаттары, дымы жоқ болғасын мәйіттің жеке басын анықтау мүмкін емес. Сондықтан да осындай рейдтер жүргіземіз. Олардың көмектен бас тартып, қашып кетуге тырысатыны жаман.

Міне, алғашқы «клиент» - өңі сұрқай тартқан, лас киімді ер адам көрінді. Нұриденов өзін таныстырып, куәлігі мен жедел-алдын алу шарасын өткізу туралы бұйрықты көрсетті. Әлгі адам мұндай кішіпейілділікке қатты таң қалғанға ұқсайды, бірақ жанында құжаты болмай шықты. Өзін Қарақалпақстан азаматы Батыр ХҰДИЯРОВПЫН деп таныстырды:

- Атырауда жүргеніме бес жыл болды, қала шетінде мал бағамын. Құжаттарымды мас болып жүріп жоғалтып алдым. Бұған дейін полициядан қашық жүрген едім, енді бүгін жолым болмай қалды, - деп мұңайды қарақалпақ бауырымыз.


Қалалық полиция басқармасында Бақытжан резин қолғап киіп, Хұдияровтың саусақ іздерінің таңбасын түсіріп алып, түсініктеме жазғызды. Суреті мен бейнежазба есебіне қойып, содан соң оны жергілікті полиция қызметінің қабылдау-тарату орнына жіберді («Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығымен» шатастырмаңыз). Ол сол жерде бір айдай болып, кейін сот шешімімен отанына жер аударылады.

Көп ұзамай қаланың ескі бөлігінде алдыңғы адамнан ұқыптырақ киінген ер адамға жақындадық. Ол да құжатсыз болып шықты. Өзі Өзбекстан тумасы екенін, мас кезінде төлқұжатын жоғалтып алғанын, Атырауда мейрамханада музыкант болып жұмыс жасайтынын айтты. Ол да қабылдау-тарату орнына жіберілді. Бұл камерасы, күзеті, тікенекті сымды дуалмен қоршалған, серуендейтін ауласы бар режимдік типтегі мекеме. 


Сол күні бұл жерге қаңғыбас кейіптегі, қилы тағдыры бар 20-дан астам адам жеткізілді. Көбі Өзбекстаннан немесе Ресейден екен, біреуінде тіпті КСРО паспорты бар болып шықты. Олар жеке басы толықтай анықталғанша осы жерде болады, ал содан кейін, сот шешімімен өз еліне қоныс аударылады.

Бұдан басқа, рейд барысында хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болған екі азамат табылып, іздеу жарияланған екі қылмыскер ұсталды.

…Жылдар бойы жуынбаған дененің, нәжістің қолқаны қапқан жағымсыз иісінен рейд тезірек аяқталса екен деп тілеумен болдым.

- Бақытжан, мұндай иіске қалай шыдайсыңдар? Жолдары бар ма?

- Бұл жұмыс қой. Сен әлі бұзылып кеткен мәйіттің иісі қандай болатынын білмейсің ғой.


Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

28 мамыр 2019, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.