Атырау, 22 қараша 07:17
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Орталықтағы қилы тағдыр

Сурет
4 462 просмотра


«Бұл жердің тұрғыны емес екеніңізді бірден түсіндім. Сіз әлеуметтік қамсыздандыру бөліміненсіз немесе бізге көмек көрсеткісі келетін жансыз», - деп қарсы алды мені Атыраудағы Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығындағы тұрғындардың бірі. Бұл жер жаңа жылдан бері осылай аталады. Ал бұрын «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» болатын. Қалай дегенмен де, мұңдарын аяушылықпен мұқият тыңдағаным болмаса, бұл адамдарға түбегейлі көмектесе алуым екіталай...

Орталық директоры Өміржан ЖҰМАНИЯЗОВ пен директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбала ҚАБИ

Алдымен Орталық директоры Өміржан ЖҰМАНИЯЗОВПЕН сөйлестім.

– Қазір бізде 34 адам тұрады: мүгедектер, бұрын сотталғандар, қайыр сұрайтын қарттар бар. Бірақ бәрін қабылдамаймыз - мысалы, біз тері аурулары бар, туберкулезбен ауыратын адамдарды қабылдамаймыз. Жыл басынан бері 20 адамды қабылдап, осы уақыт ішінде 16 адамды жібердік, - дейді Жұманиязов.

40 орынға арналған орталық медицинадан бастап құқықтық қызметке дейін 8 түрлі әлеуметтік қызмет түрін ұсынады. Мүмкін, орталық тұрғындарының ресми түрде «қызмет алушылар» деп аталатыны содан шығар.

- Көпшілігінде жеке бас куәлігі жоқ – біреуі жоғалтып алған, біреуі ұрлатқан. Бізде құжаттарды қалпына келтірумен айналысатын мамандар бар, содан кейін зейнетақы рәсімдеу үшін құжаттарды жинауға кірісеміз, - дейді Жұманиязов.

- Бұл жерде әрі кеткенде бір жыл бола алады. Ерекше жағдайларда бір жарым жыл болуы мүмкін, мысалы, біреулері құжаттарын күтеді, енді бірі ауырып қалады. Егер I немесе II топтағы мүгедек болса, оны қарттар үйіне жібереміз, - деп әңгімеге директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гүлбала ҚАБИ қосыла кетті. - Бірақ, ол жаққа оңайлықпен қабылдай қоймайтынын білесіздер , олар тексереді. Біз де тексереміз. Мысалы, сол жерге ата-аналарын жіберіп, әр айдың басында зейнетақысын алуға немерелерін жіберетін жандар бар. Бұл масқара, ұят нәрсе ғой! Қазір мемлекет осы қарттардың зейнетақыларының бір бөлігін оларды асырау үшін ұстап қалады, бұл дұрыс... Біз де олардың балалары бар ма, қайда тұрады, қай жерде жұмыс жасайды, неліктен ата-анасынан бас тартқанын тексеруге тырысамыз.

- Тіпті, кей жағдайларда бұл орталық ресми тіркелген жері бола алады екен.

- Иә. Мысалға, пәтер жалдап тұратын адамдар болса, олар қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі арқылы бізге тіркеле алады. Бізге тіркелгеннің арқасында біреулер атаулы әлеуметтік көмек, біреулері – зейнетақы ала алады. Қазір бізде осылайша 14 адам тіркелген.


УАҚЫТША ТҰРҒЫНДАР МЕН ТҮНЕУШІЛЕР

Орталыққа барған кезде аулада түнеуге келген бірнеше адамды кездестірдім. Иә, мұнда тұрғындардан басқа, олар «келушілерді» де қабылдайды екен. Оларға душқа түсуге болады, кереует беріледі,  асханадан (таңғы асты қоспағанда) тамақ та ішуге болады екен.

- Орталыққа жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді, биыл 48 миллион теңге бөлінді. Ал Алмагүлде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған орталық бар - оған 16 млн теңге бөлінді, - деді Жұманиязов.

Орталықта ұйықтайтын орындар, оқшаулағыш (жаңадан келгендер үшін), душ кабинасы, асхана, санитарлық бөлім, «түнеушілерге» арналған бөлек орынжай, кітапхана (№4 қалалық кітапхана кітаптар беріп көмектеседі; мұнда тұратындар арасында оқырмандар да бар) бар. Әйелдер мен ерлер бөлек бөлмелерде тұрады. Жалпы алғанда, хостел дерлік - бірақ өзгешелеу иіс пен «қызмет алушылардың» көңілсіз жүздерінен олай ойлау жаңсақ екенін түсінесің.

- Адамдарды көшеден өздеріңіз алып келесіздер ме?

- Иә, бізде «Көше патрулі» қызметі жұмыс істейді. Біздің қызметкерлеріміз күн сайын Атырау көшелерін аралап шығады. Егер адам келіссе, орталыққа әкелеміз, ең болмағанда осы жерде түнейді. Ал егер қаламаса, өз еркі, біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Қыста келгісі келетіндер көп болады. Ал күн жылынған кезде мұнда келгілері келмейді.

- Жақында судьялармен кездесу кезінде заңгерлеріңіз орталықта бұрын сотталған бірнеше адамның тұрып жатқанын айтқан еді.

- Жыл басынан бері алаяқтық, ұрлық үшін жазаларын өтеген 6 адамды қабылдадық. Олар басқалардан ерекшеленбейді, ереже бәріне бірдей. Ережені бұзсаң - көшеде қаласың.

-Орталықта қайтыс болғандар болды ма?

- Жан бар жерде қаза бар. Жыл басынан бері бізде екі адам қайтыс болды. Мұндай жағдайда егер табылса және туған жеріне жерлегісі келсе, туыстарына хабарлаймыз. Егер жоқ болса, жедел жәрдем мен полицияны шақырамыз. Дене мүрдеханаға жіберіліп, содан кейін мемлекеттің есебінен зиратқа жерленеді. Әрине, ешкім де өз өмірін осылай аяқтағысы келмейді ғой, бірақ не істей аласың.

Мұндағылардың кейбірі жұмыс істейді екен. Мысалы, тұрғылықты мекені жоқ адамға жүк тиеуші болу жұмысы ыңғайлы.

- Таңертең кетіп, кешке келеді. Біреулері жалақыларын жинаса, енді бірі өзіне қажетті нәрселерін сатып алады. Бір нәрсемен айналысқандары жақсы ғой.


ТАҒДЫР

«Қызмет алушылар» әңгімелері:

Әсия, 69 жаста:

- Мен биыл босап шықтым, 190-бап (алаяқтық – Ф.Ә.) бойынша сотталған едім. Қарағанды облысында отырып келдім. Қазір осы орталықта тұрамын, ұлым келіп тұрады. Оның екі бөлмелі пәтері бар, бірақ онда үш баласымен тұрады, ол жерге барып не істеймін? Болашақта үй сатып аламын деп уәде берді. Ең бастысы, өзі аман-есен, дені сау болсын.

Балтабай ҚОНАРОВ


Балтабай, 62 жаста:

- Өзім Астраханнанмын. Керемет отбасым, балаларым бар. Бірақ Атырауға келіп, айналғанда көшеде қалдым. Міне, қазір осындамын. Отбасыма оралғым келген, бірақ бұрынғы әйелімнің басқа күйеуі бар. Не істейін, тағдырым осылай болды.


Ольга ЛЕСКОВА


Ольга, 74 жаста:

- Мен 1944 жылы Астраханда дүниеге келдім. Содан соң Гурьевке келіп, осы жерде қалдық. Осында тұрдым, жұмыс істедім, қартайғанда жалғыз қалдым. Ешкімге ренжімеймін. Көмек қолдарын созғаны үшін орталыққа рахмет. Дұрыс тамақтандырады, қызметкерлер жақсы қарайды. Мені қарттар үйіне ауыстырмақшы. Мына жерден тіпті, кеткім де келмейді.

Ардак ӨТЕПҚАЛИЕВА


Дәлізден 40 жастағы Ардақ ӨТЕПҚАЛИЕВАНЫ жолықтырдым. Ол жарты жылдан бері осында екен. Өкінішке орай, сөйлей алмайды. Бірақ қолымен жүрегін көрсетті. Еһ, өмір...

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

7 мамыр 2019, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.