Атырау, 19 наурыз 07:15
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Полицейлердің қарымтасы ма?

Сурет
4 148 просмотра


Жаңа 2019 жыл Атыраудың күш құрылымдары үшін сырт қарағанда әдеттегідей көрінетін эпизодтан басталды. Бірақ іс жүзінде ол қатардағы жағдай болмай шықты. 2 қаңтарда сағат 03:53-те Махамбет-Уәлиханов көшелерінің қиылысында арнайы 4 көлікпен полиция қызметкерлері Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Өмірбек НӘЖІМОВ жүргізіп келе жатқан көлікті тоқтатады. Нәжімов мұнайлы астананың полицейлерімен жақсы «таныс»: бұрын оның тікелей қатысуымен Атырау қалалық ІІБ бастығының орынбасары Ж.Қайралапов, көші-қон полициясының бөлім бастығының міндетін атқарушы А.Мәукенов және полицияның жоғары шенді басқа да қызметкерлері ұсталған болатын.


«ТОСЫП ТҰРУ»

Нәжімовтің пікірінше, түнгі тұтқындау және одан кейінгі оқиғалар «қарымта жауапқа», сондай-ақ Ұлттық Бюро Департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметінің қызметкері Рамазан КАМЕЛДІҢ полицейлермен бірге әдейі қудалауына көбірек ұқсайды.  

Өмірбек НӘЖІМОВ
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-тармағы (Ішкі істер органдары қызметкерінің алкогольдік масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау) бойынша әкімшілік істің қозғалуымен аяқталған осы ұстау оқиғасы туралы Нәжімов биылғы қаңтарда болған Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының процесінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді:

- «Ұстау» кезінде мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері екенімді айтып өзімді таныстырмадым, қызметтік куәлігімді көрсетпедім, өйткені ресми түрде науқастануыма байланысты демалыста едім, оның үстіне демалыс күн болатын. Менің құжаттарымды тексерген ЖПҚ қызметкері ішімдік іштің бе деп сұрады. Мен ішпегенімді айттым. Содан соң полицей көлігімнен түсіп, патрульдік көлікке отыруымды сұрады. Тәртіп сақшысының талабына бағынып, көлігімнен шықтым. Шыққан кезде ЖПҚ-ның 8 қызметкерімен болып жатқан жағдайды бейнекамераға түсіріп жүрген Ұлттық бюро департаментінің Ішкі қауіпсіздік қызметкері Рамазан Камелді көрдім. Сол кезде мұның бәрі жоспарланған шара екенін түсіндім. ЖПҚ арнайы көлігіне отырғаным сол еді, көлік жүріп кетті. Қайда барамыз, менің көлігіме не болды деген сұрағыма, полиция қызметкерлері «наркологияға барамыз» деп, көлігімді әріптестерінің әкелетінін айтты. Мен арнайы көліктің артқы орындығында абдырап, болып жатқан жағдайды үнсіз бақылап отыра бердім.

«ОЛ МАС ПА? ОЛАЙ ЕМЕС СИЯҚТЫ»

- Жұмыс ерекшелігіне қарай, негізінен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істерді тергеймін. 2017-2018 жылдар аралығында менің өндірісімде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты 20 қылмыстық іс болды. Оның 14-і сотқа жолданды (бәріне үкім шығарылды), қалғандары қылмыс құрамы жоқ болғандықтан тоқтатылды. Олардың әрекетінен тек тәртіптік заң бұзушылық анықталып, олар жұмыстан шығаруға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әрине, менің қызметім полиция қызметкерлерінің наразылығын, кей жағдайда олардың тарапынан арандатушылық тудырады. Бұдан кейінгі әрекеттердің барлығын мен осылай деп бағалаймын. Ұстағаннан кейін полиция қызметкерлері куәландыруға жолдама толтырмастан, мені Балықшыдағы наркологиялық диспансерге жеткізді. Бақылау камераларынан полиция қызметкерлері келгенше кезекші дәрігердің кабинетіне ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Рамазан Камелдің кіргенін көрдім. Бұл да менің күдігімді тудырды.

Мені тоқтатуға және көліктен шығаруға, куәландыруға жіберуге  қандай негіз бар екенін түсіндірместен Камелов менің осы куәландырудан өтуімді талап ете бастады. Полиция қызметкерлері кабинетте отырды, ешкім жақ ашпады. Сол кезде мен өз құқығымды пайдаланып, медициналық куәландырудан бас тартып, бұл ұстаудың алдын ала жоспарланғанын және арандатушылық әрекет екенін алға тарттым.

Ал сол түні ол өзінің сау екенін дәлелдеу үшін тергеуші ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 4 маусымда бекітілген «Мас күйiн куәландыруға жiберу және оның нәтижелерiн ресімдеу ережесiне» сәйкес, екі сағат ішінде қайтадан куәландырудан өтеді. Наркологтың қорытындысына сәйкес, ол сау болған.


Нәжімовтің адвокаты Руслан ЖАКУПОВ редакцияға полицейлердің бейнежетондарындағы және наркологиялық диспансердегі жазбаларды ұсынды. Жазбаларға сүйенсек, полиция қызметкерлерінің өздері өз әрекеттерінің заңсыздығын сезінген, олардың диспансердің жанында айтқан сөздері естіледі:

- Ал ол ішіп алған ба?  

- Олай емес сияқты.

- Одеколонның иісі ғой. Алкогольдің иісі жоқ.

- Егер жоқ болса, онда неге алып келдік, неге бірден айтпадық.

- Сол жерде әлгі эсбэшник камерамен жүрді ғой, оның сау екенін айта алмадым.

Сот процесі барысында полиция қызметкері Қуандық ЕРМЕКБАЕВ Нәжімовтің көлігін өз батальонының командирі Нұрлан ӘБУДІҢ және жергілікті Ұлттық бюро қызметкері Рамазан Камелдің бұйрығымен тоқтатқанын мойындады. Жакуповтың Нәжімовті медициналық куәландыруға жолдау үшін қандай негіздер болғанын сұрағанда полицейлер жауап бере алмады. Олар бекітілген ереже бұзылып, жолдаманың ұсталған жерде емес, наркологиялық диспансердің ішінде толтырылғанын мойындады. Оның үстіне, Ережені бұзып, олар Нәжімовті осы жолдамамен таныстырмаған. Ереже бойынша, мас күйде белгілері болған жағдайда ғана жүргізуші куәландыруға жіберіледі. Бірақ сотта полицейлер Нәжімовте ондай белгілер байқалмағанын растады. Өз кезегінде нарколог Бибігүл БУТПЕНОВА Нәжімовтен күмәнді иіс сезбегенін түсіндірді.

Қорғау өтініші бойынша бірінші сатыдағы сотта полицейлердің бейнежетондарындағы бүкіл жазбалар тексерілді. Бірақ судья Жанат ХАБАРОВТЫҢ қаулысымен Өмірбек Нәжімов ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабының 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, үш жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.


«ПОЛИЦЕЙЛЕР ӘРЕКЕТІ ЗАҢСЫЗ БОЛАТЫН»

Қалалық әкімшілік сотта жеңілгеннен кейін Өмірбек Нәжімов пен оның адвокаты облыстық сотқа апелляциялық шағым берді. Сотқа полиция қызметкерлері Қуандық Ермекбаев, Руслан Танашев пен Нұрлан Әбу екі мәрте шақырылды. Бірақ тек Ермекбаев келді. Екінші отырыстан кейін судья Полиция департаментінен соңғы екеуінің сотқа келуін қамтамасыз етуді талап етті. Бірақ олар ақыры келмеді.

- Бұл сотқа деген құрметсіздік ғой. Егер полицейлер осылай жасаса, қалғандарынан не күтуге болады? – деп наразылық білдірді судья Дина ТҰХФАТОВА.

Екінші сатыдағы сотта адвокат Руслан Жакуповтың сөйлеген сөзінен:

- Ережеге сәйкес, жүргізушіде алкоголь иiсi, дене тұрысының бұзылуы, сөздің бұзылуы және т.б. мастық белгілері анықталса, куәландыруға жіберу үшін міндетті негіз болады. Бірінші сот сатысында анықталғандай, полиция қызметкерлері Нәжімовтен мұндай мастық белгілерін таппаған. Бұл туралы олар бірінші сотта ғана емес, одан бұрын Нәжімовті диспансерге апарған кезде де айтқан. Қызметкерлердің өзара сөйлескен сөздері бейнежетонда жазылып қалған. Атап айтқанда, аталмыш жазбаларда Танашев уайымдап, былай дейді: «Ештеңе шықпайды, анық одеколон, қате істеп қойдым, бекер алып келдік» және т.б. деген жазбалары бар. Ермекбаевтың дәрігер-наркологтың кабинетінде толтырған жолдамасының өзі - куәландыруға жіберуге негіз жоқ екенінің айқын дәлелі. Онда тиісті баған бос тұр. Көлік құралын тоқтату үшін Нәжімов Жол жүрісі ережесін бұзбаған, полиция қызметкерлері одан мастық белгілерін таппаған. Істе осындай қиыспаушылықтар өте көп...

Судья Атырау облысы Прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Ақтан ҚУАНОВҚА сөз берді.

- Іс материалдарынан бүкіл дәлелдер процеске қатысушылардың құқықтары бұзылып алынғаны, көлік құралын тоқтату Ұлттық бюро қызметкері Рамазан Камелдің нұсқауымен жүзеге асырылғаны, Нәжімовті медициналық куәландыруға жіберу заңсыз болғаны, өйткені онда мастық белгілері болмағаны анықталды. Нәжімовке тиісті құжаттарсыз мақсатты, рұқсат етілмеген бақылау жүргізілген. Осы айтылғандардың негізінде соттан Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысын жоюды және Нәжімовтің әрекеттерінде құқық бұзушылық құрам жоқ болғандықтан істі тоқтатуды сұраймын, - деді прокурор.

Облыстық сот полицейлердің іс-әрекеттерін заңсыз деп танып, бірінші сатыдағы соттың қаулысын жойды. Шешімде, атап айтқанда, былай деп жазылған: «Сотта Өмірбек Нәжімовтің бірлескен жедел-алдын алу шарасы кезінде ұсталғаны туралы дәлелдер ұсынылған жоқ. Бірде-бір органда бірлескен жедел-алдын алу шараларын жүргізу туралы бұйрық берілмеген. Сонымен қатар, бейнежазбаларда полиция қызметкерлерінің Нәжімовті Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Рамазан Камелдің нұсқауы бойынша аңдығаны анықталды. Сотта полиция қызметкерлерінің Өмірбек Нәжімов жүргізіп келе жатқан көлікті тоқтату әрекеттері заңсыз екені, оны медициналық куәландыруға жіберуге негіз болмағаны анықталды».

Бұдан басқа, судья Дина Тұхфатова прокурорға Өмірбек Нәжімовтің құқықтарын бұзған полиция қызметкерлері Қуандық Ермекбаевқа, Руслан Танашевқа және Нұрлан Әбуге, сондай-ақ, Ұлттық бюро қызметкері Рамазан Камелге қатысты шара алу қажеттігін мәлімдеді.


«ТАЗА АР-ҰЖДАНЫММЕН КЕТЕМІН»

Бірінші сот сатысында және қызметтік тексеру жұмыстары кезінде көңілі қалып, өзіне деген әділетсіздікті сезінген Өмірбек Нәжімов Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы Нығмеджан САПАРОВҚА өз қалауымен жұмыстан кететіндігі туралы баянат жазған.

- Қаңтардың басында Ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкері Рамазан Камелдің баянаты бойынша Ұлттық бюро департаменті басшысының бұйрығымен маған қатысты қатарынан үш қызметтік тексеру жүргізілді: оның екеуі сол ұстауға байланысты, үшіншісі – менің жаңа жыл алдында «жалған» науқастанғаным бойынша болды. Бірақ адвокатымның мықты жүйелі қорғаныс желісінің, қатысқан прокурордың бірбеткей ұстанымының және судьяның объективті қорытындысының арқасында әкімшілік іс тоқтатылып, полицейлердің әрекеті заңсыз деп танылды. Әділдік орнады. Осымен нүкте қоюға болар еді. Бірақ көңілде кірбің қалды: Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу, оның ішінде ішкі істер органдарындағы сыбайластықпен күрес туралы тапсырмасын орындау үшін көп жылдар бойы мінсіз қызмет еткеніме қарамастан, лас әдістерді пайдаланып, абыройымды түсіргілері келді. Сондықтан сот менің кінәсіз екенімді таныған соң, бұл жұмыстан кету туралы түпкілікті шешім қабылдадым. Осы жылдар бойы жедел-тергеу жұмысында жинақталған білімімді, дағдыларым мен тәжірибемді құқық қорғау қызметінің басқа салаларында қолдана аламын деп ойлаймын, - деді 31 жастағы тергеуші Нәжімов.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

23 наурыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.