Атырау, 20 сәуір 08:29
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Анаңның қолымен пісірген дәм тәтті

Сурет
3 108 просмотра


Өткен демалыс күндері Атыраудағы УГ-157/1 мекемесінде (тергеу абақтысы) түрме қабырғасында жазаларын өтеп жатқан сотталушылардың туыстарына арналған «Ашық есік күні» өтті. Тергеу абақтысында қамауға алынып, сот отырысын күткен тергеуде жүргендер ғана емес, осы жерде шаруашылық жұмыстарын атқарып жүрген сотталушылар да отыр. Бүгінде олардың саны саусақпен санарлық: 14 сотталушы мен 230 тергелуші бар.

Тергелушілерге арналған блок камералары: құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері үшін (ол жерде, мәселен, қазір парақорлыққа айыпталған Атырау ҚІІБ жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары мен сол қызметтің бөлімше бастығы отыр), кәнігі қылмыскерлер үшін және қалғандары үшін бөлек оқшауланған. Ереже бойынша бір істегі күдіктілер бір камерада отыра алмайды, оларға серуен кезінде де араласуға тыйым салынған.

Бәлкім, бұл қарама-қайшы шығар, бірақ бұл жерде сотталғандардың жағдайы тергелушілерге қарағанда едәуір жұмсақ. Алайда ҚР Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің 19-бабында:  «Әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады» делінген. Бірақ идеалист болмай-ақ қояйық... Сотталғандарда теледидар да, шағын асүй де бар, олар тергеу абақтысында еркін қозғалып, туыстарымен де көбірек кездеседі.


ҚОЛЫҢНАН ІС КЕЛСЕ

Бұл жерде, негізінен, ұрлық пен алаяқтық үшін сотталғандар жазаларын өтеу үшін қалады және менің түсінуімше, олардың қолынан іс келетіндерін таңдап алады: түрме - үлкен шаруашылық, оған қызмет көрсету керек.


- Менің күйеуім осында. Ұрлық үшін аз мерзім алған, сондықтан тергеу абақтысында отырған шығар. Бұл жер де бостандық емес қой, бірақ режимі анағұрлым жеңілірек, - дейді жұбайымен кездесуді күтіп отырған әйел.

- Сұрағым үшін кешіріңіз, сізде үкімнен кейін ажырасатын ойыңыз болған жоқ па?

- Жоқ. Ол тек қателесті ғой. Бостандыққа шыққаннан кейін бәрі басқаша болады деп ойлаймын.

Мұқият тексеріп шыққаннан кейін сотталғандардың туыстарын УГ-157/1 мекемесінің бастығы Абай ҚАДЫРОВ жылы қабылдады:

- Білесіздер ме, маған, тіпті, сіздердің туыстарыңызды сотталушы деп атаудың өзі ауыр. Өйткені олар бізге әріптес секілді болып кетті. Олар да таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істейді, жалақы алады. Бұл жерде тергелушілерге тамақ дайындайтын аспаз, жарықпен қамтамасыз ететін электриктер және т.б. бар. Бәрі де өз міндеттерін мүлтіксіз атқарады. Айтпақшы, осылайша шартты - мерзімінен бұрын бостандыққа шығуға мүмкіндік алады.

- Тергеу абақтысында жазасын өтеу үшін сотталушылар қандай қағида бойынша іріктеледі? – деп сұрадым Қадыровтан.

- Шаруашылық секторында жұмыс істейтіндер бұрын сотталмаған болуы тиіс, жаза мерзімі – 5 жылдан аспауы керек. Бұдан басқа, сот үкімі бойынша жаза өтейтін жер орташа қауіпсіздік мекемесі – бұрын аталғандай, жалпы режимдегі колония болуы тиіс. Әр үміткердің мінез-құлқын, дағдыларын қарайтын комиссия құрылады. Тамақ жақсы дайындайтын болса, бұл жерде аспаз болады. Мұнда кітапханашы да, сантехник те, каптерщик те, басқа да мамандар бар. Олардың жалақысы – 50 мың теңге шамасында.

- Өткен жылы тергеу абақтысынан бостандыққа қанша адам шықты?

- Өткен жылы алты адам шартты-мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, ал жыл басынан бері төртеу болды. Құдайға шүкір, әзірге ешкім қайтып оралған жоқ.

Шараның ресми бөлімінен кейін сотталғандардың туыстары түрме аумағына кірді: биік дуалдар тікенекті сыммен оралған, мұнараларда қарауылдар күзетіп тұр, үлкен шамдар мен дуалда «Өте қауіпті зона!» деген қызыл түспен жазылған жазу көрінді.

Алдымен оларға сотталғандар ұйықтайтын жерді көрсетті.

- Мама, мен осында ұйықтаймын. Әр адамның өз кереуеті бар, - деді жас жігіт.

- Тоңып жүрген жоқсың ба? – деп сұрады жылағаннан беті ісіп кеткен анасы.

- Жоқ, жылы. Келем де, бірден ұйықтап кетемін. Күні бойына жұмыста болам ғой.

Әр кереуеттің қасына сотталушының аты-жөні жазылған, жанында жеке тумбасы тұр. Санитарлық торап олардың жеке заттары сақталған қоймаға қарсы орналасқан. Акт залында ай сайын түрлі концерттер өтіп тұрады. Ал бір апта бұрын, тергеу абақтысы қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерде той болған: қалыңдық ақ көйлек киіп, күйеу бала костюм киіп, галстук таққан, некені АХАЖ қызметкері салтанатты түрде тіркепті. Неке туралы куәлікте неке қию салтанаты өтетін орынның көрсетілмейтіні жақсы. Әрі қарай жастар, Құдай қаласа, өз қалауынша өмірлерін құра алады.

ЕШТЕН КЕШ ЖАҚСЫ...

Түрме ішіне «экскурсия» жасап болғаннан кейін меймандар мерекелік дастархан жайып, дастархан басында әңгіме басталды. Аналары манты, балық, торт және басқа да дәмді тамақтар әкеліпті. Бірақ бәрі бірдей араласа кетпеді, сотталғандардың кейбірі ыңғайсызданып отырды.


- Ол бізден ұялады, тіпті, келмеңдер деп өтінген еді, бірақ мен келдім, сағынып қалдым. Ұлым қателесті, бірақ ол менің арыстаным ғой, - дейді қария кемсеңдеп. Оның сөзінен кейін тергеу абақтысының қызметкерлері жігіттен әкесімен бірге отырып тамақтануды өтінді. Ол үнсіз келісті. Біраз уақыттан кейін әкесі үй-ішіндегі жаңалықтарын айтып жатқанда, оның жүзінде жымиыс пайда болды.

...Тағы бір жігіттің дастархан басында нәр татпастан, мұңайып отырғанын байқадым.

- Бүгін оған ешкім келген жоқ, сосын да көңіл-күйі жоқ, - деп сыбырлады қызметкер. Кейінірек жігіт дастархан басынан тұрып, көрінбей кетті. Ал жарты сағаттан кейін бөлмеге ер адам мен әйел адам келді. Сөйтсек, туыстары кездесуге сәл кешігіп қалыпты. Сол мезет жігіт шығып, олармен бірге анасының туыстары арқылы беріп жіберген мантысын жеуге асханаға бет алды.

- Ақыры келдіңіздер-ау, келіп болған шығар деп ойлап едім, анамның мантысына жететіні жоқ қой, - дейді сотталушы дірілдеген дауыспен.


Дастарханнан кейін сотталушылар мен туыстары әр жерге оңаша сөйлесуге кетті, өзара айтар әңгімелері бар ғой. Балалардың да дауысы естіледі.

- Ештеңе білмейтіні қандай жақсы, тіпті, қазір түрме ішінде ойнап жүргенінен де бейхабар, - дейді сотталушы әкесімен кездестіру үшін алып келген сәбиге қарап.


«БОСТАНДЫҚҚА ДЕЙІН КЕЗДЕСКЕНШЕ!»

Меймандар кеткеннен кейін ең жас сотталушы И.Д. (жасы 21-де) шағын сұхбат беруге келісім берді.


- Осы жерде отырғаныма 8 айдай болды. Ұрлық жасап, тергеу абақтысына түстім. Үкім оқылғаннан кейін мені түрмеде қалдырды. Шаруашылық бойынша жұмыс істеймін, шаруа жетеді. Жалақы аламын, бір бөлігін үйіме жіберемін, бір бөлігі өзімде қалады. Бостандыққа шыққан кезде ақшам болуы керек ғой. Қазір тергеу абақтысының әкімшілігі шартты-мерзімінен бұрын бостандыққа жіберу үшін менің ісімді сотқа қарауға жолдады. Оң шешім шығады деп үміттенемін, сол күнді күтіп жүрмін. Өйткені, осы жерде өткізген күндерім - өмірімдегі ең ұзақ күндер. Сабақ алдым, енді түрмеге оралмаймын.

- Бүгін саған кім келді?

- Анам, әйелім мен енем. Оларды көргеніме қатты қуандым. Әрине, олармен бостандықта көріскен жақсы ғой, бірақ бұл күн де алыс емес деп ойлаймын. Фархат, бұл осы жердегі ең алғашқы және ең соңғы сұхбатым деп ойлаймын (күлді). Достарыма сәлем айтуыма бола ма?

- Әрине, болады.

- Бостандықта жүрген жандар – еркіндіктің қадірін біліңдер. Қылмыс жасамаңдар, өйткені, бұл өмірде әр нәрсенің сұрауы бар.

- Бостандықта көріскенше!

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

21 наурыз 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.