Атырау, 28 қараша 15:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Ұлыбритания Еуроодаққа айыппұл төлейді

Бейнежазба
1 303 просмотра


Ұлыбритания Еуроодақтан мезгілінде шықпаса, айыппұл төлейді. Яғни Біріккен корольдік жоспарланған 29 наурызда бар құжатын бекітіп үлгеруі тиіс. 

Ал созбалаңға салса өтемақы төлеуі тиіс. Бұл сома одақтан шығу бойынша келісілген 39 млрд фунт стерлингтен бөлек өтеледі. Мәселен, Лондон одақтан шығуды бір жылға ұзартқысы келсе, ол үшін 13,5 млрд фунт стерлинг төлеуі керек. Ал британиялықтар онсызда шаш етектен шығынға батқандарын айтады. 18 күннен соң Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шығуы тиіс. 

Ал дәл осы құжаттың әлегінен шаршаған Еуроодақ мүшелері Ұлыбританияға сес көрсетті. Бұл туралы британиялық Daily Telegraph баспасы хабарлады. Яғни Брексит жоспарланған күні жүзеге аспаса, Лондон Еуроодақ құрамында қалған әрбір күн үшін өтемақы төлейді. Баспаның есептеуі бойынша Ұлыбритания шығу үдерісін үш айға ұзартқысы келсе, 3 миллиард фунд стерлингтей айыппұл төлеуі қажет. 

Натали Луазо, Еуропа ісі бойынша француз министрі: 

– Британия халқы Еуропалық одақтан шығуға өздері дауыс берді. Оларды ешкім қинаған жоқ. Біз қабылдадық. Бұл үдеріс екі жылға созылды. Нәтиже бүгінгідей. Ұлыбритания парламентінің өзі құжатты қабылдамай отыр. Барлығы қарсы. Екі жыл жүргізілген келіссөз текке кетті. Одан әрі созудың еш қажеті жоқ. 

Еуроодақ мұндай қатаң қадамға неге барып отыр?! Себеп Брюссельдің соңғы ұсынысын Лондон қабылдамай тастаған. Сарапшылар осылай дейді. Премьер Тереза Мэйдің Брекситін парламент екі қайтара қолдамаған соң, Мишель Барнье жаңа жоспар ұсынған болатын. Онда Лондонға одақтан біржақты шығу мүмкіндігі берілетіні айтылған еді. Британиялық парламент бұл ұсынысты бірден қайтарып тастады. Өйткені бэкстопты айналып өту арқылы Солтүстік Ирландия одақ құрамында қала бермек. 

Андреа Ледсом, қауымдар палатасының басшысы: 

– Еуроодақтан көңілім қалды. Біріншіден, «сендер не қалайтындарыңды білмейсіңдер» дейді. Екіншіден «нақты ұсыныстарың жоқ» дегендері – барып тұрған өтірік. Үшіншіден, Мишель Барнье бэкстоптан айналып өту арқылы Солтүстік Ирландияны одақ құрамында қалдыруды айтып отыр. Премьер Тереза Мэй мұндай нұсқадан бірнеше ай бұрын бас тартқан. Мен Еуроодақтың қайта-қайта құбылып, ойын ойнағанына түсінбедім. 

Тараптар екі жылғы еңбектің зая кеткендігін айтып, бір-бірін кінәлап әлек. Ал Біріккен корольдік қаржылай шығынға батып жатыр. New Financial орталығының сараптамасы бойынша 275 қаржы фирмасы Ұлыбританиядан 1,2 трлн доллар көлемінде активтерін алып кетпек. Одан бөлек, 5000 жұмысшы өзге елге көшуді көздейді. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш өсе түсуі мүмкін. Мамандардың есептеуінше, қызметкерлердің көшуіне тағы 3-4 млрд доллар жұмсалады. Сараптамаға сай, қаржы орталықтары Дублинге, банктер Франкфуртке, сауда орталықтары Амстердамға қоныс аударып жатқанға ұқсайды. 

Майк Хос, автоөндірушілер және трейдерлер қоғамдастығының атқарушы директоры: 

– Brexit-тің бұлыңғыр болашағы өндіріс орындарына, инвестицияға және жұмысшыларға әсер етіп жатыр. Бұл үдерістен британдық автокөлік өндіру саласы айтарлықтай есеңгіреп қалды. Jaguar, Honda және Vauxhall сынды компаниялар  жұмысшылар санын қысқартып жатыр. Brexit экономикалық өсім үшін басты қауіпке айналды. 

Қаржылай шығынға батқан Ұлыбританияны енді алда не күтіп тұр? Британиялық баспасөздің басты тақырыбы осы бүгінде. Қорытынды дауыс беру ертең өтетінін ескерсек, Financial Times газеті Брексит қабылданатын нұсқаны жариялапты. Ол ақпарға сай Мэй отсавкаға кететіндігін айтып уәде берсе, парламент депутаттары Брекситті бірауыздан қабылдайды делінген. Ал Даунинг Стрит Мэйдің лауазымын босата қоюы екіталай дейді. Ал енді бірі құжат қабылданбай жатып, Премьер лауазымына үміткерлер таңдап әлек. Британия сыртқы істер министрі көпті мазалаған сұраққа өзі жауап берді. 

Джереми Хант, Ұлыбритания сыртқы істер министрі: 

– Ұлыбританияны алда не күтіп тұр дейсіз бе? Егер құжат бекітілмесе, үкімет заңды орындауы керек. Яғни 29 наурыз күні келісімсіз одақтан кетеді. 

Ал Брекситті тоқтатқысы келсе, құжатты бекітіп, шығу датасын ұзартып, қайта референдум өткізу керек. Бұдан басқа амал жоқ.  Осылайша, Ұлыбритания тығырыққа тірелгенін мойындады. Парламент қолда бар құжатты бекітеді немесе одақтан келісімсіз шығады. Ал одақ құрамында тағы бірнеше ай немесе бірер күн қалса да, ақша төлеуі тиіс. Бір құжат. Бірнеше нұсқа. Соңғы шешім Лондонның өзінде. Ертең парламенттегі соңғы дауыс беру өтеді. Бірақ ресми ақпарға сай Брекситтің бекітілуі екіталай. Өйткені парламентте Мэйді жақтайтын тек 2 депутат қана қалған.

Дереккөз: 24.kz

12 наурыз 2019, 10:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.