Атырау, 21 желтоқсан 21:56
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

«Допинг – мораль мәселесі»

3 282 просмотра
Майра БАҚАШЕВА. Фото: vesti.kz
Өткен жылдың қазан айында Ақтаудағы ҚР чемпионаты қарсаңында атыраулық боксшы қыз Назым ИЩАНОВА допинг қолданды деп екі жылға спорттан шеттетілген болатын. Бұл мәселе жалпы алғанда отандық спорт үшін қаншалықты өзекті? «AЖ» Ұлттық допингке қарсы күрес орталығының директоры Майра БАҚАШЕВАҒА бірнеше сауал қойған еді.

- Майра Қабылқанқызы, жалпы спортшының допинг қолданып, жолдан таюы қаншалықты жоғары?

- Бұл спортшының және оның бапкерінің адами қасиетіне, оның спорт федерациясындағы ахуалдың қаншалықты сау екеніне байланысты. Әділ бола ма, жоқ па, оны әр адам өзі шешеді. Ал біздің ісіміз – заң бұзушыларды анықтау және допингсіз спортты насихаттау.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Допинг (ағылшынша dope — есірткі беру) – ағзаның жұмыс қабілетін мәжбүрлі түрде уақытша арттыру үшін спортшылар қолданатын арнайы дәрілік препараттар. Әдетте, ағзаға жанама әсер етеді. Жаттығу және/немесе сайыстар кезінде көптеген дәрілік құралдарды спортшыларға қолдануға тыйым салынған.

- Медицина тұрғысынан допингтің қаупі қандай?

- Тыйым салынған заттарды бақылаусыз қолдану эндокриндік органдардың, қаңқа бұлшықеттері қызметінің бұзылуына, организмнің нейрогуморальдық  реттелуіне әкеледі және түрлі созылмалы аурулардың пайда болуына ықпал етеді.

- Бүгінгі күні допингсіз үлкен спорттың болуы мүмкін емес деген пікірмен келісесіз бе?

- Жоқ, келіспеймін. Қазақстандық спортшылар, басқа көптеген елдер сияқты допинг қолданбай-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр.

- Допингке қарсы күрестегі әлемдік үрдістер қандай?

- 1999 жылы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (ДДҚА) құрылды, бірыңғай стандарттар мен хаттамалар әзірленді. Әрбір елде допингке қарсы ұйымдар құрылды, олар спортшының әділ бәсекелесуін қамтитын іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға міндетті.

- Бірақ спортшыларға қабылдауға рұқсат етілген препараттар да бар ғой...

- Оларға ДДҚА халықаралық стандарттарына енгізілмеген (тыйым салынған тізім) барлық заттарға рұқсат етіледі. Жыл сайын тыйым салынған тізім жаңартылады. Пайдалануға ыңғайлы болу үшін барлық заттар организмге әсердің негізгі механизміне сәйкес бөлімдерге бөлінген.

- Атырау облысының атынан шығатын қанша спортшы допингке қатысты әшкереленді?

- Біздің Ұлттық орталық 2013 жылы құрылды. Осы уақыт аралығында сіздің өңір бойынша өткен жылдың қазанында бір ғана боксшы - Назым Ищановадан оң сынама анықталды. Спортшы несеп айдайтын құралды пайдаланғаны үшін екі жылға шеттетілді.

- Қазақстан Республикасының қай өңірінде спортшылар допингті жиі қолданады?

- Былай айтайын: Қазақстанның белгілі бір облысының атынан қатысатын ұлттық және халықаралық деңгейдегі спортшылар көбейген сайын, соғұрлым олар допинг бақылауынан өтеді.

- ҚР қалаларында, атап айтқанда, Атырауда сіздің орталықтың филиалы ашыла ма?

- ЮНЕСКО-ның «Спорттағы допингке қарсы күрес» туралы конвенциясына, «Қазақстан Республикасындағы спорт туралы» заңға және Дүниежүзілік допингке қарсы кодекске сәйкес, әрбір елдің тиісті профильдегі бір ұлттық ұйымы болуы тиіс. Аймақтарда филиалдар қарастырылмаған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ


14 ақпан 2019, 20:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.