Атырауда Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында Атырау облыстық Полиция департаментінің бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ 2018 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындарға есеп берді. Айта кету керек, біздің қаламызда полиция басшысы мұндай форматта алғаш рет есеп беріп тұр деуге болады: бұған дейін олар жиналыстарда тек әкімдер алдында, әрі кеткенде – сессияларда депутаттар алдында жауап беретін. «Халық шефпен кездесуге Қайрат Нұртастың концертіне келгендей лық толыпты ғой», - деді залда қатысып отырған учаскелік инспекторлардың бірі әзілдеп.
«БІЗДЕ АДАМ ӨЛТІРУ ҚЫЛМЫСЫН АШУ - ЖҮЗ ПАЙЫЗ»
- Өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстардың жалпы саны 19,5%-ға (7296-дан 5871-ге дейін) төмендеді, оның ішінде, тонау - 23,7% (5126-дан 3912-ге дейін), адам өлтіру - 7,4%, зорлау - 16,1%, - деп А.Дүйсембаев позитивтен бастады: - Зорлау, көлік ұрлығы, қорқытып алу, көлікті айдап кету секілді қылмыстар 100% ашылады. Бірақ денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық және алаяқтық секілді қылмыстардың көбейгені байқалады. Бұдан басқа, балалар қылмысы көбейді - кәмелетке толмағандардың қатысуымен 85 қылмыс жасалды, олардың көпшілігі ұрлық қылмысы. Қазір бізде ювеналдық полицияда 167 қызметкер жұмыс істейді, олардың 126-сы - мектеп инспекторлары. Осы бағыттағы жұмыстарға күш салатын боламыз.
Ол 2018 жылы облыста 25 адам өлтіру қылмысы жасалғанын, оның басым бөлігі көңіл көтеру орындарының қасында түнгі уақытта болғанын мәлімдеді.
- Мәселен, Түркістан облысында енді бүкіл мейрамхана, клубтар тек түнгі 11-ге дейін жұмыс істейтін болды. Бізге де осындай режим енгізу керек.
Өткен жылы облыс бойынша 765 ұялы телефон ұрлығы тіркелген. Айта ету керек, мұндай қылмыстардың ашылуы сирек – тұрғындар ұрылардың ақыры табылмағанына жиі шағымданады.
Содан кейін баяндамашы бүгінгі күні өзекті болып отырған барымташылық тақырыбын қозғады. Оның айтуынша, алдын алу мақсатында 1225 қыстақ тексерілген. Тіркелмеген 19 аңшы қаруы мен 26 заңсыз мигрант анықталған.
759 бейнебақылау камерасының, 52 «интеллектуалды» камерасының және 17 «Кордон» фотофиксаторының көмегімен 67 қылмыс ашылып, 34424 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам.
ҰРЫЛАРДЫҢ ЖАЗБА ҚАЛДЫРМАУЫ ӨКІНІШТІ
Содан кейін залдан сұрақтар қойылды. Ішкі істер органдарының ардагері Баян ЗАРИПОЛЛА бұрынғыша полиция департаментінің ғимаратына кіре алмайтындығына шағымданды:
- Мен зейнеткермін, кейде сіздерге барып, тілдескім келеді, ал есік алдында сержанттар кіргізбейді.
Дүйсембаев күліп:
- Келіңіз, апа, сізге қашан да есігіміз ашық, - деді.
Жұлдыз ықшамауданының тұрғыны Қанат ДОСЫМБЕКОВ Атырау зираттарының бірінде табылған жас әйелдің зорлықпен өлтірілген мүрдесі туралы еске салды:
- Біз сол маңда тұрамыз, бізге полицейлер келіп, бұл әйелді танисыңдар ма деп сұрады. Қазір бала-шаға сыртқа шығуға қорқатын болды. Қылмыскер табылды ма?
- Иә, жедел-іздестіру шаралары барысында үш күннен кейін күдікті ұсталды, қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қала шетіндегі ықшамаудандарда кеш түскенде айнала тас қараңғы болады, біз осы мәселені әкімдік алдына қойдық.
Атырау белсендісі Құбайдолла ШОЛАҚТЫҢ «өткір» мәлімдемесі бәрінің есінде қалды:
- 2018 жылы үйімді тонап кетті, Атырау қалалық ІІБ-не шағым түсірдім. Істің барысын сұрастырған кезде, маған «тергеу жүріп жатыр» деді. Содан кейін мүлдем жауап беруді қойды. Кейінірек прокуратураға шағымдандым, сөйтсе, қылмыстық істі жауып тастаған екен. Бұл қалай болғаны? Мен тіпті полицейлерге бақылау камерасындағы фотоларды да бердім ғой, бәрібір ұстай алмады. Тіпті, менен қылмыскердің аты-жөнін сұрады. Ұрылар маған өз деректерін жазып қалдырып кетіп пе екен? Егер сондай дәрменсіз болсаңыздар, бәлкім басқа елдерден басқа тергеушілер табуымыз керек шығар? Сосын сіздердің қызметкерлеріңіздің мәдениет деңгейі өте төмен. Сәл бірдеңе болса балағаттап, тіл тигізе бастайды.
- Мен сізді түсіндім. Орынбасарларым осы істі бақылауға алады, сізге жауабын береміз, - деді Дүйсембаев.
ӘЗІЛ БОЛСА ДА...
Бибігүл есімді қыз «гендерлік» мәселені көтерді:
- Мен сіздерге жұмысқа орналасқым келген еді, маған полицияға әйелдерді алмайтынын айтты. Бірақ мен сіздерде әйелдердің жұмыс жасайтынын білемін ғой және де аз емес.
- Әне, біреулер бізге ренжиді, ал сіз бізде жұмыс жасағыңыз келеді, - деп әзілдеді Дүйсембаев.- Ал шындығында, жынысына қарамастан, біздің есігіміз барша жан үшін ашық, әрине, белгілі бір талаптарға сәйкес келу керек.
Осыдан кейін Нұрсаядағы ПИК-тердің бірінің заңгері Дана ТҰРАРБЕК сөз алды. Оның айтуынша, коммуналдық қызмет ақысын төлемейтіндердің арасында полиция қызметкерлері де жетерлік екен. Олардың қарыздары 40 мыңнан 100 мың теңгеге дейін барады.
- Бізге борышкерлер тізімін жолдаңыз, олармен өзіміз айналысамыз. Олар тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайды, бәлкім, барып төлеуге уақыттары жоқ шығар, - деп тағы да әзілдеді Дүйсембаев.
ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ ЖӘРДЕМІ
Атырау тұрғыны Лайық ЕРҒАЛИЕВА металл сынықтарын қабылдау қосындарының жұмыстары бақылана ма деп сұрады. Дүйсембаев полицияның ол жерге құбырлар, бейіт қоршаулары және т.б. ұрланғаны туралы шағым түскенде ғана тексеру жүргізе алатынын айтты. Жақында ТШО объектілерінен 100 мың долларлық металлдың ұрлану қылмысы ашылғанын хабарлады, бірақ егжей-тегжей тоқталмады.
Кездесу соңында қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ залдан:
- Өткен жыл ішіндегі Полиция департаментінің жұмысына қандай баға бересіздер? Қанағаттанарлық па? – деп сұрады.
Жауап ретінде зал әр жерден қол шапалақтады. Кездесу осылай тарқасты.
- Қап, пәтер туралы сұрауым керек еді, - деп опынып қалды шығар ауызда жас полицей.
- Ақымақ. Көзге түспегенің жақсы болды, - деді оған әріптесі.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор