Құрманғазы ауданы орталығынан 15 шақырым жердегі «Ганюшкино» станциясы немесе Ақкөл ауылының негізі өткен ғасырдың 70-жылдары Атырау – Астрахан темір жолы салынған кезде қаланған. Қазір мұнда түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қордаланған 5 мыңға жуық адам бар. Бір топ ақкөлдіктер осы жағдайларын баяндау үшін «АЖ» тілшісін ауылдарына шақырды.
Ауыл тұрғындарының басым көпшілігін жұмыспен қамтып отырған «Ганюшкино» теміржол вокзалы 70-жылдардың ортасында салынған. Батыс пен шығысты жалғап тұрған станцияда аптасына мыңдаған адам пойызға мініп-түседі екен. Ғимаратты қызметкерлер өз бетінше сырлап, әктеп отырғанымен, бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Күту залы салқын. Жүк сақтайтын орын, асхана атымен жоқ, балалы адамдарға жағдай жасалмаған. Әжетхана далада ғана бар.
Ауылды электр қуатымен бұрын теміржол мекемесі қамтып келген, кейін олар бұдан бас тартып, бірнеше жыл иесіз қалғаннан кейін жергілікті билік өзіне алған. Тұрғындардың айтуынша, желідегі электр кернеуінің төмендігінен қарапайым тұрмыстық құралдарға күші жетпей, істен шығып жатады екен. Осыншама үлкен ауыл қараңғылық құшағында, көшеде жарық жоқ.
- Таңертең және кеш келетін мектеп оқушыларына қиын болып тұр. Оның үстіне ауылда тас жол да жоқ. Үлкен кісілер жүре алмайды,- дейді ауыл тұрғындары.
Мәселелер мүнымен шектелмейді: ауылдағы жалғыз банкомат тек зейнеткерлерге зейнетақысы түсетін уақытта екі-үш күн жасап, басқа кезде ақша болмайды екен. Жан-жақтан келетін жолаушылар, теміржол мекемесінің бірнеше бөлімдері, мұғалімдер, бюджет қызметкерлері үшін бұл қиындық келтіруде.
Ауылда 33 көппәтерлі үй бар. Бірде-бір ПИК құрылмаған, кәріз желісі қырық жылдан бері жөнделмеген, ескірген. Балабақша да жоқ, алайда 300-ге жуық ата-ана кезекте тұр. Сонымен қатар, ауылда жедел жәрдем көлігінің болмауы да қиын болып тұр.
Ақкөл округінің әкімі Бисенбай РАМАЗАНОВ былай дейді:
- Ауылда теміржол мекемесінің 12 бөлімшесі бар. Сондықтан жұмыссыздық мәселесі жоқ, мұнай саласында ауысымдық негізде қызмет жасап отырғандар бар. Бізде әлеуметтік мәселелер көп. Шешуге тырысып жатырмыз. Электр желілерін жаңғырту үшін сметалық құжат әзірленді, сараптамада жатыр. 2018 жылы 290 орындық балабақшаның құрылысы басталған, биыл бітеді деп отырмыз. Мәдениет үйінің жобалық сметалық құжаты әзірленуде. Медицина саласы туралы айтсақ, амбулаторияда қызметтік көлік бар, бірақ ол науқасты тасуға арналмаған. Банкомат да жиі айтылады, расында қиын. Ауылда болмағандықтан адамдар такси жалдап аудан орталығына барады, онда да кезекке көп. Теміржол вокзалына банкомат қойылса деп бірнеше рет ұсыныс бердік, әзірге еш нәтиже жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор