«АЖ»-ға қала маңындағы Жұмыскер ауылының тұрғыны Жалғас КҮЗЕМБАЕВ хабарласты. Жақында бақылаушылар оған «ауа райы» коэффициенті 1,138 деп көрсетіліп, газ үшін есептелген желтоқсандағы шотты табыс еткен. Бұл сыртқы ауа температурасы есептеліп, 13,8%-ға жоғары тұтынылғанын және тиісінше, төлемі де жоғары болатындығын білдіреді. Бірақ желтоқсан жылы болды, ал бастысы – 6 жыл бұрын бұл «ауа райы» коэффициенті жойылды емес пе, дейді оқырман. Оның күмәнді сауалына жауап беру үшін «АЖ» өткенге көз жүгірткен еді.
2012 жылдың желтоқсанында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау филиалы қоршаған ауа температурасына байланысты газ есептегіштерінің көрсеткіштеріне түзету коэффициенттерін енгізді. Бұл - есептегіштері үй сыртына орнатылған жеке сектордың тұрғындарына қатысты болатын.
Бұл өзгеріс тұтынушыларға келген есепшоттарды едәуір «ауырлатты». Адамдар жаппай наразылық білдіре бастап, БАҚ-тарға шағымдана бастаған соң («АЖ»-да осы тақырыпқа біршама жарияланымдар шықты), атыраулық газ қызметкерлері райынан қайтты: 2013 жылдың ақпанында жеке тұлғалар үшін «ауа райы» коэффициенті жойылды. Ал жылдар өткен соң бұл коэффициенттің Әділет министрлігінде тіркелмеген әдістемелердің негізінде қолданылғаны белгілі болғанша, ол еліміздің қалған өңірлерінде бұрынғыша күшінде қалды. Сөйтіп 2017 жылдың қаңтарынан бастап оның күші тоқтатылды.
Бірақ бұл ұзаққа бармады. 2017 жылдың 29 желтоқсанында энергетика министрлігі «Газдың жұмыс параметрлерін стандартты жағдайларға келтіру жолымен корректорларсыз есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін қайта есептеу әдістемесі» деген күрделі атаумен барлық ережелер бойынша Әділет министрлігіне тіркелген құжатты бекітті. Жаңа, заңдастырылған «ауа райы» коэффициенті бүкіл республика бойынша өткен жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізіле бастады.
Ол мұнай мен газ саласындағы орыс ғалым-өнертапқышы «Владимир Шуховтың саны» негізіндегі өте күрделі формула бойынша есептеледі.
Жеке сектор тұрғындары «ауа райы» коэффициентінің төлемінен қалай құтыла алады? ҚТГА баспасөз қызметіндегілер дүкеннен зауыт корректоры бар газ есептегішін таңдау керектігін түсіндірді – оның атауында «Т» әрпі бар. Одан да жақсысы - әуел баста, газ жабдығын орнатқан кезде есептегішті сыртқа емес, үйдің ішіне орнатқан жөн.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ