О дүниеден оралу
Қала маңындағы Томарлы ауылының "о дүниеден оралған" 63 жастағы тұрғыны Айғали СҰПЫҒАЛИЕВТЫҢ есімі тек Атырау мен Қазақстанда ғана емес, шетелде де резонанс тудырды. Сұмдық жағдай. 2018 жылдың 20 маусымында Айғали үйден шығып, хабарсыз кетеді. Көп ұзамай мәйітханадағы мүрдені тануға туыстарын шақырады. Күннің ыссылығына байланысты мәйіт бұзылып кеткендіктен, ДНК сараптамасы тағайындалып, мүрденің Сұпығалиев екенін 99,92%-ға растап береді. Отбасы мүрдені мұсылмандық жоралғымен жерлеп, барлық қаделерін жасап, өлгені жөнінде анықтама алады. Ал 28 қазанда Айғали үйіне келеді. Сөйтсе, отбасына ескертпестен, шаруа қожалықтарының біріне табыс табуға кетіп қалып, төрт ай жұмыс істеп, үйіне қайтуды ұйғарыпты.
Сонда сараптама қалай жасалған, жерленген кім? 4 қарашада Айғали Сұпығалиевтің есімімен жерленген белгісіз мүрдеге эксгумация жасалды. Бірақ әлі күнге дейін оның жеке басы анықталған жоқ.
Қапастан оралу
13 сәуірде Ақтөбе қалалық соты Атырауда 2016 жылғы «жер» митингісіне қатысқаннан кейін Макс БОҚАЕВПЕН бірге бес жылға бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді Талғат АЯНДЫ босату туралы қаулы шығарды. Алдымен оларды Петропавлдағы түзету мекемесіне этаппен жіберді, кейін Талғатты Ақтөбедеге колонияға ауыстырды. Сөйтіп, 29 сәуірде Талғат үйіне оралды. Жазасының өтелмеген бөлігін бостандығын шектеуге өзгертті. Вокзалда оны туыстары, достары, Атыраудың бей-жай қалмаған тұрғындары жылы қарсы алды. «АЖ»-ға берген сұхбатында Талғат, атап айтқанда, өзінің жазасын жеңілдету үшін заңды құқығын пайдаланғанын айтып, Макс екеуінің кінәларын мойындамағанын атап өтті.
Макс Боқаевқа келер болсақ – қазір ол Ақтөбе облысының орташа режимдегі колониясында жазасын өтеуде. Жақында оған қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері барған еді.
Жыл түнегі
Маусым-шілде айлары электр энергиясының жиі ажыратылуымен қала тұрғындарының есінде қалды, ол мұнайлы астананың тіршілігін тоқтатып тастаған еді. Арнайы шақырылған брифингте «АЖЭО» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВ бұған аномалды ыстықта электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі себеп болғанын айтты. Кейінірек редакция сауалына жауап ретінде ол ауа температурасының өте жоғары болуы салдарынан 2018 жылдың маусымындағы жүктемелердің 2017 жылдың маусымына қарағанда 30 пайызға көп болғанын нақтылады.
Жыл өрті
2 наурызда таңертең Қарабатанда «Газ турбиналық электр станциясы» объектісінің құрылыс алаңында жатақхана өртеніп, алты жұмысшы өртте көз жұмды. Ал келесі күні ауруханада жетіншісі қайтыс болды. Марқұмдардың барлығы – Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Алдын ала себебі - электр сымының қысқа тұйықталуы. Осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-тармағы (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал сәуірде төтенше жағдайды тергеген комиссия өрттің ең алдымен жұмыс берушінің кінәсінен болғанын анықтады. Жатақханада орталық жылу жүйесі болмаған, әр жерде жылыту құралдары қосылады екен.
Жыл тартуы
Астананың 20 жылдығын тойлауға Атырау облысы Есіл өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған көпір тарту етті. Сыйлыққа біздің өңіріміз 6 миллиард теңге жұмсады. Өткел Самал ықшамауданының оң жақ жағалауына салынған және оны сол жақ жағалауда орталық паркпен жалғайды. Көпір параметрлері: ені – 10,5 метр, ұзындығы – 396 метр, қала көрінісі көрінетін екі шолу алаңы бар.
Жыл балы
Биыл Атырауда алғаш рет «Grand Ball» қайырымдылық акциясы өтті. Классикалық вена вальсін ғана емес, полонезді, кадрильді және т.б. билерді айналып билеген жас қыздар мен жігіттер, барлығы 75 жұп кештің сәніне айналды. Сондай-ақ, отандық эстрада жұлдыздары да өнер көрсетті. Билет сатудан түскен 2 миллиондай теңге қаржы «Атырау. Кішкентай ел» ҚБ жетекшісі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВҚА табыс етілді. Бұл ұйым мүгедек балаларды оңалтумен айналысады. Қазір қала сыртынан оңалту деревнясын салып жатыр. Деревняның аналогы Қазақстанда жоқ, тіпті, әлемде саусақпен санарлық қана.
Жылдағы сатып алу
Күзде Атырауда «Атырау» ӘКК қатысуымен құрылған жаңа «Атырау-Автопаркі» үшін қалалық әкімдік сатып алған алғашқы 20 «ДЭУ-217» автобусы таныстырылды. Олар №14 маршрутқа қызмет көрсете бастады. Сәл кейінірек №2, 4, 8 және 12 маршруттар үшін тағы автобустар партиясы сатып алынды. Сонымен қатар, электронды билеттеу жүйесі іске қосылды, рас, ол өте қиындықпен енгізілуде.
2019 жылы мұнайлы астана үшін тағы жаңа 200 автобусты сатып алу жоспарлануда.
Жыл құтқарушылары
20 қарашада 20 жастағы Жалғас ИБРАЙЫМ мен Ринат НҰРҒАЛИЕВ өмірлерін қатерге тігіп, өз-өзіне қол салмақ болған жасөспірім қыздың өмірін сақтап қалды. Сол күні олар Баймұханов-Мечников көпірінің маңында балық аулап отырған. Олар көпірден қас-қағым сәтте Жайықтың мұздай суына секірген қыз баланы көреді. Жалғас киімшең өзенге қойып кетеді, аяғының құрысып қалғанына қарамастан, досының көмегімен суға батқан қызды жағаға шығарып алады. «Кім болса да осылай жасар еді», - дейді кейін ержүрек жігіттер. Бірақ кез-келген жасай алмас еді! Жер бетінде осындай жандардың бар болғаны қандай тамаша!
Перзентханадан ерекше шығарып алу
Қазан айында әлеуметтік желі пайдаланушыларын Атырау перзентханасынан шығу сәті бейнеленген бейнежазба дүрліктірді. Қолына гүл ұстаған бақытты әке төменде жиналған туыстарының қолпаштауымен және зор дыбысты әуеннің сүйемелдеуімен автокөтергіш арқылы төртінші қабаттың терезесіне көтеріледі.
Атыраулықтар «креативті» тәсілдерді ойлап табуға шебер. Бұдан бұрын ақпанда анасы мен сәбиін перзентханадан трактормен қарсы алып, оның шөмішінде арнайы шақырылған әнші ән шырқаған еді.
Комментаторлардың пікірі екі жарылды: бірі мұндай стандартқа сай емес тәсілді қолдаса, енді біреулер – қоғамдық орында мұндай нәрселер жасаудың не керегі бар, бүкіл әлемге жар салудың қажеті қанша және т.б. деп наразылық білдірді. Қалай болғанда да, өз атын шығарғаны сөзсіз, өзгеше шараны көптеген БАҚ жазған еді.
Жыл меймандары
Көктен түсу деп, Новосибирск-Анталия бағыты бойынша ұшатын және 24 маусым күні таңертең Атырау халықаралық әуежайына апатты жағдайда қонған «Pegasus» түрік авиакомпаниясының «Боинг-737» ұшағының жолаушыларын айтуға болады. Бортта 190 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі болды. Жағдай осылай болғандықтан, күтпеген қонақтарды Атырауда жылы қабылдады. Қонақ үйге орналастырып, тамақпен қамтамасыз етіп, медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Олармен облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ кездесті. Содан соң ресейліктерге облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырды. Кешкісін жолаушыларды алып кетуге Амстердамнан ұшақ келді, әуежайда оларды облыс әкімінің орынбасары шығарып салды. Сібір тұрғындары Атырау халқының дархан көңілі мен қонақжайлығына шынайы тәнті болды.
Жыл қасіреті
Желтоқсанның басында экологиялық қатты соққы алдық. Жайықта балықтар жаппай қырылды. Сәл кейінірек тек қара балық емес, балық өсіру зауыттарындағы бекіре балығының да қырылғаны белгілі болды. Бізде мұндай бұрын-соңды болған емес. Арнайы құрылған комиссия кінәлілерді іздей бастады. Технология бойынша өзенге сарқындылар төгетін қала маңындағы 4 кәсіпорын күдікке ілінді. Олардың ішінде «Атырау су арнасы» КМК де бар. Бірақ бүгінгі күні экологиялық қасіретке кімнің кінәлі екені туралы нақты жауап жоқ.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА