...Аппақ қарға оранған дала төсінің ерекше келбеті өзіне ынтықтырып, қызықтырып барады. Тылсым тыныштық. Ақша бұлттар ақ қармен тұтасып кеткен. Тек арасында сойдия көрінген жыңғыл бұталары көкте емес, қара жерде жүргенімізді еске түсіргендей.
Осы жолы Индер ауданы Есбол округіне қарасты қырда мал бағып отырған шаруалар қыстағын аралап шығуды ұйғарғанбыз. Қысқы табиғаттың ғажайып көрінісіне көз тоймай келе жатып, 30 шақырымдай жерді еңсеріп тастағанымызды аңғармай қалыппыз. Қыстақтар қарауыта көріне бастады. Қырларды талай жылдан аралап жүргендіктен, алдымнан арсалаңдап шығатын иттер, дала табиғатымен мінездес, ақ көңіл адамдардың бейнесі көз алдыма келе бастады... Есіктегі қара құлып көңілімізді сап басты.
Одан кейінгі қыстақта да осы көрініс. Есіме Есбол округінің әкімі Ерболат САБИРОВТЫҢ «қазір бұрынғыдай емес, қырда отбасымен отырғандарды көру қиын. Малды бірер көмекшіге тапсырып, өздері орталықта отырып басқаруға көшкен» деп айтқаны сөзі түсті. Алғашқы сезіміміз басылғанмен, кейіпкерлерімізді іздеп, қырға қарай тереңдей бердік. Жол да қиын. Қаланың адамы болса қырға шықпай-ақ қарға батып жолда қалар едік, серігім Қуандық ауылда өскені мен жершілдігін тағы байқатып үлгерді.
- Киік, көөөп киік,- деді ол даусын көтеріп.
Расында ақбөкендер легі алыстан мұнарта көрініп, сайға түсіп жоқ болды. Осыншама жүйрік бола ма, суретке де түсіріп үлгермедік. Тағы бір тобыры зу ете өте шықты.
ШӘЙ ҮСТІНДЕГІ ӘҢГІМЕ
...Тағы қыстақ, тағы қара құлып. Екі шақырым жүргеннен кейін шағын үйге көз түсті. Үйден еңгезердей, келбетті ер адам шықты. Іле-шала ақ орамалы желбіреген әйел көрініп:
- Неғып тұрсыздар, үйге кіріңіздер. Жылынып шай ішіңіздер.
Ақсаңдай басқан ала төбет бір үрді де, үй іргесіне барып еріншектене жата кетті. Кіре берістегі қажетті заттар ұқыптылықпен жиналған. Бір бөлмелі үй пешпен бөлінген. Жып-жылы. Ыждағатты әйел ағаш пен қиды қатарластыра салғаннан кейін пеш одан сайын қыза бастады. Қазан қайнап, демде шәй да келіп қалды.
Бұл КӘКІМҒАЛИЕВТАР отбасы екен. Бар өмірін мал соңында өткізген Нұраш қарт өмірден озса да, оның орынын Мәруа апа балаларымен ұстап қалған екен.
- Жағдайымыз жақсы десе болады. Бәрі бар. Суды бөшкелеп ауылдан күйеу баламыз әкеліп тастайды. Бағана көрген үлкен үй біздікі. Оны жылыту қиын болғаннан кейін бұдан екі жыл бұрын осы шағын үйді салып алғанбыз. Ал үлкен үйге жазда отырамыз. Кешкі сағат алтыға дейін қи жағам, таңға дейін қызуы ұстап тұрады,- дейді Мәруаның қызы Ғазиза КӘКІМҒАЛИЕВА.
- Қала өмірі мен дала өмірі бөлек қой. Жаңа жылды қалай тойлайсыздар?
- (Күлді). Қалаға барсақ тынысымыз тарылады, апам да қалада еді, әрең жатқан болар. Мұнда саф ауа, тыныш өмір. Күнделікті күйбең тірлікке әбден үйренгенбіз. Өзім кітап оқимын, одан қалса, радио тыңдаймыз. Жарықты мына күн сәулесі аппаратынан аламыз, болмаса генератор бар, соны іске қосамыз. Ұялы телефон бар. Жаңа жылда осы маңда оншақты көршілер болып бас құраймыз, көршіміздің өзі 10 шақырым жерде тұрады. Ат шанамен барамыз, қайтарда басын бос жіберсек, үйге өзі алып келеді. Балаларға сыйлық жасаймыз, өлең айтамыз, әңгіме құрамыз. Қырдың да қалаға бергісіз өмірі бар ғой.
Ғазиза жиені Нұрлыбек ШАМБАЛИНМЕН бірге сиырларды жемдеді, шөп салды, сауды. Бұл жұмыстарға әбден машықтанып алғаны көрініп тұр...
«ҚАҢТАР МЕН АҚПАН ҚАЛАЙ БОЛАТЫНЫН КӨРЕРМІЗ»
Келесі бар қыстағымыз - «Бегайдардағы» Баязи АМИРОВ пен жолдасы Айнагүл ТӘЖЕНОВА екеуі де бірнеше жылдан мал шаруашылығымен айналысады. Олар да жатырқамай қарсы алып, қонақжайлылық ниетпен ақ ұсынды. Қырға тілшілер күнде келе бермейді, Баязи өзін көп толғандыратын мәселесін айтып үлгерді:
- 1991 жылдан бері мал соңындамын, әкеме көмекші болдым кейін бөлек шықтық. 2003 жылдан осы қыстақтамыз. Біз совхоз, кейін ЖШС қарамағында жұмыс жасадық, кейін ол тарады. Бірақ осы үйіміздің құжаты жоқ, әрі жерсіз отырмыз. Қаншама дауластық, ештеңе шығара алмадық. Енді не істейміз, білмеймін.
Қармыстағы» көрші отырған Иманбай ШАБДАРОВ пен Исатай ҚАБДЫУАХИТОВТЫҢ қыстағында да қарбалас жұмыс. Исатай қойды өріске айдап, ал шөпті түйе шанамен тасыған Шабдаровтар оны ашық аулаға шашып, сиырларын жемдеп жатыр.
- Доңыз жылы қандай болатынын білмеймін, ауа райы құбылып тұр ғой. Қыстың бір айы жайлы болды біз үшін. Бір кезек малды далаға жайып аламыз, бұл шөпке үнем. Қаңтар мен ақпан нағыз қыс айы. Сол сынақтан аман өтуге тырысамыз. Шөп, суымыз бар, үйге қажеттіні алдын ала жеткізіп алғанбыз. Боран соқса, жол болмай қалуы мүмкін ғой,- дейді Иманбай Шабдаров. - Мен де совхоз қатарында болғанмын, үйдің құжатын іздеп бармаған жеріміз жоқ, мұрағаттан да таба алмадық. Кейін заңгерден сұрағанымызда шаруа қожалығын құрып, жерді аукцион арқылы сатып алсаңдар, үй де өздеріңде қалады деді. Біз сол құжатымызды дайындап өткізіп қойғанбыз.
- Киік келіпті...
- Иә, көріп қуанып жатырмыз, қаншама жылдан бері жоқ еді. Енді аңшылар қасқырды атса, көбейер еді, біздің қолымызда мылтық та жоқ.
Біз кеш батпай жолға ілігуді көздедік. Артымызда даланың суығына төзген, шыныққан адамдар қалып бара жатты. Дала суық, алайда ақ жарқын адамдардың кең пейілі көңілімді жылытып келеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор