Атырау, 27 сәуір 01:43
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Асыл тұқымды сиырлар не жеді? Алма бақтары қалпына келе ме?

3 408 просмотра


Белгісіз себептермен өлген голштин-фриз  асылтұқымды сиырларын зерттеу үшін Венгрия мен Ресейден арнайы мамандар шақыртылған; билік Сартоғайдағы алма бақтарын жаңғыртуға үлкен көңіл бөліп отыр - осы және өзге де жаңалықтармен брифингте Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали АХМЕТОВ бөлісті.

Биыл ауданның ауылшаруашылығы саласына 611 млн. теңге инвестиция тартылып, осы саламен шұғылданатын шаруа қожалықтарының саны 214-ке жеткен.  «Облыстағы дәнді-дақылдардың көпшілігі біздің ауданнан шығады»,- деп атап өтті Ахметов.

«АЖ» сұрақтары:

- Қазан айында Махамбет ауданындағы шаруақожалықтарының бірінде голштин-фриз тұқымды 178 сиыр арам өлген болатын. Себептері анықталды ма?

- Белгісіз бір аурудан өлген асыл тұқымды сиырларды зерттеу үшін облыстан ветеринарлар  шақыртылып, тіпті көрші Ресейден, Венгриядан мамандар келіп қараған болатын. Зерттеудің алғашқы сатысында-ақ белгісіз аурудың адамдарға ешқандай қауіпі жоқ екені анықталды. Сол себепті ет пен сүтті тұтынуға шектеу қойылмады. Шөптен уланғаны анықталып отыр.

- Бұрындары Сарайшық, Жалғансай, Сарытоғай елді мекендері алма бағымен танылған болатын. Қайтадан қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады ма?

- Бұрын бұл бақтар бәріне әйгілі болды.  Алайда ұжымшарлар тарағаннан кейін бұл бақтар қараусыз қалып, жеміс өнімдерін өндіру тоқтатылды. Қазіргі кезде біз бұл олқылықты біртіндеп жойып, жеміс-жидек  бағын қалпына келтіруді  қолға алудамыз. «АтырауАгроӨнімдері» ЖШС жаңа жобаны қолға алып, 1 га жылыжайға лимон жемісін өсіруді, «Гюнеш» шаруа қожалығы интенсивті әдіспен алма бағын өсіруді  бастады.

- Аудандардағы каналдардың жағдайы қалай?

- Ауыл шаруашылы саласын дамытуды су арналарын жөндеуден бастадық. Қазір ауданда жалпы аудан аумағында ұзындығы 488 шақырым 8 канал бар. Бұл каналдар арқылы биыл 10,7 млрд текше метр су беріліп, су пайдаланушы 51 шаруашылыққа облыстық бюджеттен 60 млн теңге субсидия төленді. Тереңөзек каналына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Алға-Егіз, Сары-Өзек  каналдарын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өтті. Жөндеу жұмыстарына қажетті 1 млрд 231 млн. теңгеге облысқа сұраныс берілді.

- Аудан толық газбен қамтылған ба?

- Аудан халқының 98% немесе 23 елді мекеннің 17-і табиғи газ отынын пайдаланып отыр. Қалған 6 елді мекеннің 3-ін  (Көздіқара, Атамбаев, Бала Ораз)  газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Есмахан ауылына газ желісін тарту жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр.

- Жазда біздің газетімізде аудан орталығындағы Самал ықшамауданының және Береке ауылының жарық, жол, су мәселелері туралы жазылды. Бұл шешімін тапты ма?

- Электр желісінің қуатына байланысты сұрақтар болған. Бүгінгі бұл мәселе шешілді. Қалған мәселелер де өз шешімін табады.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

30 қараша 2018, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.