«Қымбатты, Фархат! Сіздің атаңыз мистер Alex-тің ұзақ науқастан кейін Лондон хосписінде көз жұмғанын қайғырып хабарлаймыз. Мистер Alex сізге 12 миллион доллар мұра қалдырды...». Менің электрондық поштама хат жолдаған әлдебір адвокаттың айтуынша, олар мені жер жүзінен ұзақ іздеп, әзер тапқан. Енді мен төлқұжатымның көшірмесін, банк шотымның нөмірін және ақша аударылатын банк туралы барлық мәліметтерімді жіберуім керек екен.
Бірақ менің атам Қазақстанның қарапайым азаматы болған және оның британдық туыстары болмаған. Жалпы алаяқтардың арсыздығы ашуымды келтірді, тіпті, титтей болса да шындыққа жанасатын нәрсе ойлап тапса екен.... Мен «адвокатқа» бүкіл соманы қолма-қол ақшамен алғым келетінін, оған қоса Лондондағы атамның қабіріне бағым келетінін жаздым. Осымен хатымыз тәмамдалды.
Көршілес Ақтөбе қаласында тұратын танысым Айгерім де электрондық поштасынан хат алыпты, онда да 12 миллион доллар туралы айтылған. Тек Alex есімді атай Тұманды Альбионда емес, африкалық мемлекеттердің бірінде ұзақ ғұмыр кешуді ұйғарыпты. Танысым «қармаққа түсіп», телефон нөмірін және барлық банк деректерін жіберген, бір жақсысы, дереу ойынан айнып, Интернеттегі алаяқтарды қызықтыратын жеке мәліметтерін бұғаттап тастаған...
...Алекс атама «қош болыңыз» деп үлгерместен, әлдебір Мария Дэниэль дегеннен басқа бір хат келді. Бұл жолы хаттың мәтіні мүлдем басқа.
«Құрметті Фархад! Халықаралық валюталық қор (ХВҚ) алаяқтардың құрбанына айналған тұлғалардың бүкіл қаржылық шығындарын өтейді. Тізімде сіздің есіміңіз бар. Біздің Western Skye банктік кеңсеміз 850 мың АҚШ доллары көлеміндегі сіздің өтемақыңызды Western Skye bank арқылы аудару үшін ХВҚ-дан мандат алды. Алайда Western Money Money Transfer арқылы аударым тезірек жасалады. Бірақ аударым жасау үшін тек сіздің есіміңіз жеткіліксіз, сіз бізге...» (әрі қарай үйреншікті сценарий бойынша жазылған).
Жыл басынан бері Атырау облысында интернет-алаяқтықтың 135 оқиғасы тіркелген.
Фархат ӘБІЛОВ