15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы - теңгенің айналымға енгізілгеніне 25 жыл толды. Атырау тұрғындары арасында жүргізілген «алғашқы теңге есіңізде қалды ма?» деген шағын сауалнама нәтижесінде көпшілігінің алғашқы теңгені сағынатынын, ал кейбіреулердің айналымнан шығарылған банкноттар мен монеталарды әлі күнге дейін сақтап жүргені белгілі болды. Мысалы, қала тұрғыны Игнат ЧЕРНЯХОВСКИЙ бес жасынан бастап коллекция жинайды екен.
- 90-жылдардың басында, барлық бала секілді, шоколад пен сағыз үшін ақша жинайтынмын. Көп ақша болмағасын, ұзақ уақыт жинадым. Бір кезде анам бүкіл жинаған ақшамды өзіне беруге тиіс екенімді айтты. Әлдебір өзгерістер болғанын, ақшаны басқасына ауыстыру керектігін түсіндірді... Маған, бес жастағы балаға 1992 жылы инфляция деңгейінің мүмкін болатын шектен асып түскенін түсіну қиын болды. Қатты қарсы болдым, бірақ көнуге тура келді. Анам бүкіл отбасылық жинақ ақшамызды жинап алып, бар болғаны бір ғана 50 теңге купюраны алып келгені әлі есімде.
Балақайға купюра ұнаған. Енді ше! Ол түрлі-түсті, қазақ ханы Әбілқайырдың тәкаппар бет-әлпеті бейнеленген, үйреншікті рубльден өзгеше болатын.
- …Әрине, оны ешкім бөліске салмады, сөйтіп, мен жаңа ақшаны жинай бастадым, - деп сөзін жалғастырды Игнат. – Алғашқы купюралар мен монеталар тиын түрінде қолыма түсетін. Сол кезде нан мен автобустың жолақысы, ұмытпасам 20 тиын еді. Коллекция жасау туралы ой бірден келмеді, тек ескерткіш ретінде сақтағым келді. Әрине, ақшамды тәттілер алуға жұмсағым келетін. Бірақ тек қайталанатын артық купюраларды ғана жұмсау керек деп мақсат қойдым. Біртіндеп, купюралардың түрі мен номиналы ауысқан кезде, ескерткішке сақтағым келген қалауым хоббиге айналды. Атам коллекцияма көп үлесін қосты. Ол сол кезде такси жүргізетін, купюроларды монеталарға айырбастайтын. Сол кезде өзіме керектілерін іздейтінмін. Кейінірек дұрыстап қолға алдым, монета мен купюраларға арналған альбомдар сатып алдым.
Қазір Игнат 30 жаста, өз коллекциясын «бала кезімдегі ақша» деп атайды, кейде ұсыныстар түсіп жатса да, оны сатқысы келмейді. Айтпақшы, коллекционердің айтуынша, біздің купюраларымыз бен монеталарымыз отандық коллекционерлер арасында ғана емес, шетелде де кең танымалдылыққа ие екен. Шетелдіктерді, әрине, көбінесе Қазақстанның монета сарайында анағұрлым соңғы кездері соғылған ақшалар қызықтырады.
- Неліктен біздің ақшамызға қызығушылық танытады?
- Біздің монетамыздың көпшілігі қарапайым қорытпадан ғана емес, бағалы металлдардан да жасалған. Кейбірі он мыңдаған теңге тұруы мүмкін. Мәселен, ұлттық валютаның 25 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық монета күмістен жасалған. Бүгінде оны 35 мыңнан арзан бағаға сатып ала алмайсың. Ал нейзильберден жасалған «Үшінші мыңжылдықпен қауышу» немесе «Түркістанға 1500 жыл» монеталары 10 мың теңге және одан жоғары. Біздің ақшамызға түрлі елдердің коллекционерлерінің қызығушылық танытуына, меніңше, Ұлттық банк дизайнерлерінің еңбегі орасан зор. Олар әр ақшаны бар өнерін салып жасайды.
Артур ТІЛЕУЛИН: Алғаш рет үш теңгені үшінші немесе төртінші сынып оқып жүргенде сыныптасым мақтанып, сыныпқа алып келген кезде көрдім. Ата-анасы жалақысын теңгемен алып, қызына мектепке апарып, балаларға көрсетуіне рұқсат берген екен. Бәлкім, рұқсат бермеген де шығар, қалай болғанын білмеймін. Айналғанда ол қыз сол үшін мұғалімнен ұрыс естіді.
Ал өз басым мектеп асханасынан иісі мұрынды жаратын жылы бөлкені 3 теңгеге сатып алатыным есімде қалған. Қазір бұл банкноттар айналымда жоқ, ал сол бөлкенің керемет иісі әлі есімде...
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА