7 қарашада «Магистралды су таратқыш» ЖШС кеңсесінде осы кәсіпорынның өтінімі бойынша сумен жабдықтау тарифін бекіту туралы қоғамдық тыңдау өтті. «Магистралды су таратқыш» ЖШС 2017 жылдың желтоқсанында «ҚазТрансОйл» мұнай құбыры компаниясының (ҚТО) Батыс филиалы құрамынан бөлініп құрылған. Өткен жаздың басында ҚТО-мен сатып алу-сату туралы шарт жасасқаннан кейін «Магистралды су таратқыш» ЖШС Астрахан-Маңғышлақ су таратқышының толық құқықты қожайынына айналды. Ал қазан айында Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қолданыстағы тарифтерден түбегейлі ерекшеленетін тарифтерді бекіту туралы өтінім берді. Комитет өтінімді қарау құқығын Атырау облысындағы өз департаментіне жолдады.
Мұның мәнісі неде? «Магистралды су таратқыш» техникалық судың тарифін бір текше метр үшін 512 теңге және ауыз судың тарифін текше метрге 543 теңге көлемінде енгізуді сұрап отыр. Мұнда Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының тұрғындары үшін су бағасы 13-тен 24 есеге дейін қымбаттайды. Ал тұтынушылар түріне қарай ешқандай сараланған тариф жоқ.
Департамент бөлімінің басшысы Наталья ДҮЙСЕМАЛИЕВА қатысушыларға өтінімді қарау қорытындысы 1 желтоқсанда жарияланатынын айтты.
«Магистралды су таратқыш» ЖШС бас директоры Мадияр БЕРЛІБАЕВ:
- Ұзындығы 1941 километр болатын су таратқыш 1988 жылы салынды. Оның әбден тозығы жеткен, мүмкіндігінше жұмыс істеп тұр. Бастапқыда одан тек Батыс Қазақстанның мұнай кеніштеріне ғана су жіберіледі деп жорамалданды, ал қазір мұнайшылардан басқа оны Атырау мен Маңғыстау облыстарының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық және коммуналдық кәсіпорындары пайдаланады. 31 қазанда «Магистралды су таратқыш» ЖШС-де 328 млн теңге залал есептеліп отыр.
Астрахан-Маңғышлақ су таратқышының негізгі тұтынушылары: 24% - «Қаражанбасмұнай» ЖШС, 24% - «Өзенинвест» МКК, 12% - ТШО, 10% - «Жылыой су» МКК, 5% - «Бейнеу су сервис» МКК, 1-ден 3%-ға дейін - «Тұрмыссервис» және «Қамысқала су арнасы» ЖШС. Бұдан басқа ұсақ тұтынушылар бар.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекіткен әдістеме - егер жекелеген телімдер бөлінбесе және қызметтер екі және одан көп облыстың аумағында көрсетілетін болса, бірыңғай тариф енгізуді қарастырады. Сондықтан тұтынушыларды сараламай бірыңғай тарифті бекітуге өтінім бердік.
«АЖ» сауалдары:
- Сіздің ЖШС қызметкерлерінің штаттық саны мен орташа жалақы мөлшері қандай?
- Штатта 401 адам бар, орташа жалақы - 350-360 мың теңге. Қарауға берілген тарифтік сметада ол - 10%.
Содан кейін «Жылыой тазалық» ЖШС өкілі сөз алды.
- Ал бізде қызметкерлер 48-50 мың теңге алады. Міне, сіздер тарифті 512 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отырсыздар. Біз оның үстіне өзіміздің 215 теңгемізді қосамыз. Сонда бір текше метр судың бағасы 727 теңге болады. Кейбір ауылдарда адамдар субсидияның не екенін де білмейді... Тарифтің көтерілуі тұрғындардың наразылығын тудырады. Мұндай баға өсіруді біртіндеп кезеңмен енгізу керек.
Н.Дүйсемалиева:
- Мен сіздің алаңдаушылығыңызды түсінемін. Тұрғындарға судың бір текше метрін 215 теңгеден сатасыз, оның 180-ін мемлекет субсидиялайды. Сіз субсидиялар кешіктіріліп, тұрғындар төлей алмайды да, өзіңіз шығынға ұшырауыңыз мүмкін деп ойлайсыз ғой. Біз сіздің пікіріңізді қаперге алатын боламыз.
Әріптесін «Қамысқала су арнасы» ЖШС өкілі қолдады:
- Халық онсыз да әзер төлеп отыр. Қазір біз 2019 жылы алатын субсидияға құжаттарымызды тапсырамыз. Әдетте алғашқы үш айда бюджетте ақша болмайды. Ал сіздер жеткізілген судың төлемақысын талап етіп, бұранданы жауып тастаймыз деп қорқытасыздар. Бұл проблема шілде-тамыз айларына дейін жалғасады.
Залдан «Магистралды су таратқыш» басшылығының жоспарын қолдаған жандар табыла кетті. Олардың айтуынша, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін тариф төмен болса, бұл адамдар суды үнемдеуге ынталанбайды. Осы себепті маусым мен қыркүйек аралығында, мәселен, Жылыой ауданында су өте тапшы болады.
«АЖ» сауалы:
- Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен ҚТО компаниясы арасындағы 1 млрд 490 млн теңге көлемінде анықталған негісіз табысқа қатысты даудың соңы не болды? Атырау облысының тұтынушылары үшін уақытша өтемдік тарифтер енгізіле ме?
Берлібаев:
- Менің білуімше, тарифтік сметаның игерілмеуіне және инвестициялық бағдарламаның орындалмауына қатысты талаптар болды. Бұл ҚТО міндеттемесі. Біз нарықтан компания активтерін алдық, сондықтан бұл енді біздің міндеттемеміз емес.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ