Атырау, 30 сәуір 21:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +13
$ 441.44
€ 473.09
₽ 4.75

​Екі жылда мемқызметтердің 90 пайызы электронды форматқа ауысады

1 761 просмотра


Қазақстанда алдағы екі жылда халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Мемлекеттің ашықтығы мен есептілігі - жемқорлыққа қарсы қазіргі саясаттың негізі» атты сұхбат алаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті. 

«Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап ауқымды реформаларды іске асыруда. Еліміз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарға сәйкес келетін тиімді механизмдерін қалыптастыру бағытын ұстанды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ашықтық және ақпаратқа қолжетімділік мәселелерін ерекше атап өткен болатын. Қазіргі таңда Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің жаңа дәуірін бастады», - деді Олжас Бектенов. 

Оның айтуынша, елімізде ашықтық пен айқындық қағидаттарына негізделетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделі қалыптасқан.  

«Жыл басынан бері халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 55 пайызы онлайн-режімге көшірілді. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызметтердің 23 пайызы көрсетіліп жатыр. Яғни, жалпы алғанда мемлекеттік қызметтердің 78 пайызы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің байланысынсыз көрсетілуде. Бұл шаралар аталмыш салада тұрмыстық жемқорлықтың деңгейін 3/4 мөлшерге (75 пайызға) дейін азайтуға мүмкіндік берді. Біздің мақсат - алдағы екі жылда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызын электронды форматқа ауыстыру. Ал қалған қызметтердің 10 пайызын тек «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсету деңгейіне жеткізгіміз келеді», - дейді Олжас Бектенов.

Агенттік төрағасының орынбасары атап өткендей, қазіргі таңда мемлекеттік орган басшыларының халық алдында жариялы түрде есеп беру тәжірибесі де өз жемісін беріп жатыр. 

«Елімізде екі жүзге тарта қоғамдық кеңес жұмыс жүргізуде. Әрбір мемлекеттік орган нормативті-құқықтық құжаттарды даярлау кезінде оны қоғамдық кеңестің талқысына салып, барлық ескертулерді есепке алуы керек. Биыл бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. Жергілікті бюджет тек жергілікті халықтың талқылауынан өткеннен кейін ғана бекітіледі. Осының нәтижесінде, бюджет әрбір өңірдің қажеттілігіне қарай жұмсалатын болады», - дейді ол.  

Дереккөз: inform.kz

1 қараша 2018, 10:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.