Атырау, 25 қараша 17:39
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Вакцинада шошқа майы жоқ

2 573 просмотра


Жақында болған Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың сальмонеллезден жаппай улануына асхана қызметкерлерінің салдыр-салақтығы себеп болған. Бұл туралы брифингте Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат УАИСОВ хабарлады. «АЖ» тілшісінің сұрақтарына жауап берген ол тұмауға қарсы вакцина құрамында шошқа майы бар деген пікірді жоққа шығарды.

Ал бастапқыда Атырау облысында өткір респираторлық вирус инфекциясы (ӨРВИ) мен тұмау індетінің маусымы басталатынын, ол 2019 жылдың мамырына дейін жалғасады деп хабарлады. Өткен маусымда 7782 ӨРВИ тіркелген, оның 74 – тұмау.

«АЖ» сауалдары:

- Жақында болған Теңіздегі жұмысшылардың жаппай улану оқиғасы бойынша жүргізілген зертханалық тексеру жұмыстарының нәтижесі қандай?

- Улану себебі сальмонеллез екені анықталды. Бұл санитарлық нормалардың өрескел бұзылуы салдарынан орын алды. Таңғы асқа жұмыртқа қосылған қуырма нан дайындалған. Ол жақта таңғы астың ерте – таңғы бесте дайындалатынын айта кетейін. Таңғы астан 30 порция қалған екен, соны кейін түскі асқа да берген. Әрі бұл тағам тоңазытқышта емес, жылы жерде сақталған. Міне, осылай.

- Асхана қожайынына қандай шаралар алынады?

- Иә, айтпақшы, «Монтажспецстрой» ЖШС асханасына қызмет көрсетуші компанияның біздің департаменттің рұқсатынсыз жұмыс жасағаны анықталды. Бұл - заңды өрескел бұзу, қазір материалдар Жылыой АІІБ-не жолданды. Қалай болғанда да, бұл асхана біздің департаменттен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алғаннан кейін ғана жұмысын жалғастыра алады.

- Теңіздегі барлық асханаларға тексеру жүргізіле ме?

- Жүргізу керек еді. Бірақ, өкінішке орай, ҚР Кәсіпкерлік кодексі бұған мүмкіндік бермейді.

- Биыл тұмауға қарсы қанша вакцина сатып алынды?

- 2018 жылы 53 миллион теңге бюджет қаржысына Ресейден өндірілген «Гриппол +» вакцинасының 61613 дозасы сатып алынды. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен медицина қызметкерлеріне, медициналық бақылауда болуы тиіс балаларға, алты айдан жоғары жастағы жиі ауыратын балаларға, жетім балаларға, екінші немесе үшінші семестрдегі жүкті әйелдерге, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы сырқаты бар тұлғаларға және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцина егіледі.

- Ақылы негізде вакцина екпесі қанша тұрады?

- Вакцинаны емханаларда ектіруге болады, бағасы 2500-ден 3500 теңгеге дейін. Статистика келтірейін. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 42 мың адам, жұмыс берушінің есебінен – 25 561 адам, жекелей ақылы негізде – 3 790 адам тұмауға қарсы егілді.

- Кейбір адамдар тұмауға қарсы вакцинаның құрамында шошқа майы бар деген уәжбен екпе ектіруден бас тартады. Бұл рас па?

- Әрине, жоқ. Өзіңіз ойлап қараңызшы:  вакцинада шошқа майы не үшін болу керек?

-  Қандай белгілер болғанда ауруханаға жатқызу керек болады?

- Тұмау инфекциясының даму механизмінің бірқатар ерекшеліктері бар. Алғашқы белгілер ағзаға түскен вирустық бөлшектер санына, адамның иммундық жүйесіне, вирус түріне байланысты болады. Ауру инкубация кезеңінен басталады. Жұқтырудан бастап алғашқы белгілер пайда болғанша бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін уақыт өтеді. Шұғыл медициналық жәрдемді қажет ететін белгілер – 3-5 күнен көп уақытқа созылатын 38-40°-тан жоғары температура, қатты бас ауруы, тіпті, демігу, қалтырау, теріде геморрагиялық бөртпенің пайда болуы.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

26 қазан 2018, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.