Атырау, 26 желтоқсан 06:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Итальяндықтың Атыраудағы қиямет күндері

2 470 просмотра

Флавио СИДАНИ (суретте), «Аджип ККО» компаниясының бұрынғы қаржы топ-менеджері, қазір есірткі таратқаны үшін атыраулық 157/1 колониясында жазасын өтеп отыр. Осыдан 2,5 жыл бұрын оның «Ренко» қонақ үйінде ұсталғандығы (таныстарымен бірге марихуанна шегіп отырған) және оған қатысты болған сот туралы «АЖ» газеті жазған болатын. Астаналық қылмыстық-түзету жүйесі комитетімен арадағы ұзақ хат жазудан соң ақыры мен ресми түрде рұқсат алып, 57 жастағы Флавиомен сотталғандармен жүздесуге арналған кішкене ғана қараңғы бөлмеде кездестім. Бір кездері мен Италияда тұрғанмын және сол тілде аз-мұз сөйлей де аламын. Менің тарапымнан итальян сөзін естіген ол әңгімелесуге ниет білдірді.

Әрине, ол өзіне тағайындалған жазаны орынды емес деп есептеп отыр. Өйткені, ол «есірткіні таратпайды, бар-жоғы шегетіні ғана». Бірақ, ҚР заңдары қатаң. Қазір оның бар үміті – Қазақстанмен итальяндық тараптың тұтқынды табыстау жөніндегі келісімге қол қойылуында болып отыр.

- Бастапқыда мені «коммерциялық құрал» ретінде, яғни, пайда табу мақсатымен қолданғысы келді-ау деген ой болды. Алайда, компания кез-келген жағдайда маған көмектесуге тырысатындықтарын мәлімдеді және мен үшін адвокат жалдады. Сондай-ақ, сатып алу және пара беру секілді, яғни, заңға қайшы ешқандай әрекетке бармайтындықтарын айтты. Оны елдің бәрі түсінген кезде мен «саяси құралға» айналдым. Сол бойда-ақ, елшіліктің өкілдері келді, екі елдің премьер-министрлері араласа бастады.

Мені шығарып алуға жұмыстанғандардың бәріне ризамын, бірақ, менің ісімнің дәл осындай саяси деңгейге дейін жеткендігіне таңданып қалдым. Қысқасы, қазір саяси айла-шарғы құралына айналған сияқтымын, бірақ, менің ісіме қатысқан тараптардың жоғары деңгейіне қарамастан әлі күнге түрмеде қалып отырмын.

2011 жылдың желтоқсанында Италия елшілігі Қазақстанға тұтқындарды табыстау жөніндегі келісім жобасын қарауды ұсынған болатын. Егер Қазақстан оған қол қоюға келіскен болса, оған менің ойымша қағазбастылықтар кедергі келтіріп, уақытты алуда, әйтпесе, оның бәрі баяғыда-ақ шешілер еді

- Флавио, өзіңіздің саулығыңыз қалай? Қажетті дәрігерлік көмекті алып жүрсіз бе?

- Денсаулығыма қатысты маңызды проблемалар мазалап жүр: омыртқам сырқат, сондықтан да аяғымды әрең басамын, артрит тізелерім ауырады, қан қысымым және холестерин деңгейі жоғары. «Аджип ККО» компаниясының дәрігерлері маған қажетті деген дәрі-дәрмекті беріп жіберіп отыр. Сондай-ақ, менде Уортин ісігі бар, оған операция жасату керек. Кейде тіпті, ауру ұстап қалады, ондайда дәрі, дәрігерлік қосын болғанымен табылмай қалады.

- Мұнда тамақ жағы жақсы ма? Итальяндық тағам түрін дайындау мүмкіндігі бар ма?

- Менде асүйде шағын электр плитасы бар (орысша айтты), онда тамақты өзім дайындаймын. Маған қазақ достарым апта сайын азық-түлік жіберіп тұрады. Өзім тағам әзірлегенді қатты ұнатамын, бұл менің кітап оқудан кейінгі ермегім.

- Гигиенаны сақтауға, басқа да жағдайлар жасалған ба? Теледидар бар ма?

- Біз барақ типтегі үйлерде тұрамыз. Біздің бөлмемізде 15 тұтқын бар. Бізде асүй, асхана, теледидары бар бөлме бар, мен тілді түсінбеген соң теледидарды сирек қараймын. Біздер ақша жинап, кір жуатын машина сатып алдық. Өзіміздің түрмеде отырғанымызды ескеріп, мен жағдайға бола шағымдана алмаймын.

- Атыраулық ыстыққа шыдап жүрсіз бе?

- Менің бұрынғы қазақстандық әріптестерім маған салқындатқышты (сплит-система) сыйға тартты. Оны біз бөлмеге орнатып алдық.

- Түрмедегі режим қандай? Сіз жұмыс жасайсыз ба?

- Мен шаруашылық жұмыстарын жасаймын. Барақты жинаймын, еденді, ыдысты жуамын және басқа тұтқындарға келген сәлемдемелерін таратамын. Бұл жерде жұмыс істегеніме жылдан асты, алайда, менің жеке әлеуметтік кодым болмағандықтан, маған еңбекақы төлеген жоқ. Жақында бұл мәселе шешілді, менімен еңбек шарты жасалды. Енді бір айға 25 000 теңгееңбекақы төлейміз деп уәде етіп отыр. Әзірге ақша ала қойғаным жоқ...

- Басқа тұтқындардың сізге, яғни, шетелдікке деген қарым-қатынастары қалай?

- Мен өзімді тіл білмегендігімнен бұл жердегі өмірден сырт қалғандай сезінемін. Мені мазалайтын бір ғана нәрсе, ол бұл жерде маған басқаша көзқараспен қарайды... Менің жасым 57-де ғой, айналамдағылардың көпшілігіне мен әкесіндей адаммын, тіпті, кейбіріне атамын деуге болады, бірақ олар менімен ойнайды немесе олардың өздері айтқандай қалжыңдасады. Мәселен, менің оқып жатқан кітабымды тығып қояды. Сосын оны іздеп әлекке түсемін. Егер егде жастағы қазақ болсам олар мені сыйлаған болар еді. Олар бұрын мен араласып көрмеген ортаның адамдары. Мен әлі күнге дейін олардың арасында өзімді қалай ұстау керектігін білмеймін.

- Олармен қалай сөйлесесіз? Достар таптыңыз ба? Тіл үйрендіңіз бе?

- Мен күніне бір сағаттан екі тұтқынға ағылшын тілін үйретемін. Олардың ағылшын тілінің негізгі базалық білімдері болды, ал бір жылдан кейін олар қазір біраз нәрсені үйренді және жеңіл-желпі әңгіме-дүкен құра алады. Сондай-ақ, бұл жердегілер бостандыққа шыққан соң бірлескен бизнес бастауға ұсыныс беруде.

- Күзетшілер сізге қалай қарайды?

- Күзетшілер мені ешқашан ұрып, не қорқытып көрген емес. Барынша сыпайы сөйлеседі.

- Бұл жерден сіз басқа шетелдіктерді кезіктірген жоқсыз ба?

- Жоқ, өзбектерден басқа ешкімді кездестірмедім.

- Анаңызбен қалай хабарласып тұрсыз?

- Әйелім арқылы. Бізге телефон қолдануға рұқсат етпейді.Жұбайым менің сәлемімді анама жолдайды, кейін оның хабарын маған айтады.

- Бұл жерде сіз бұрынғыға қарағанда дінге барынша көп көңіл бөле бастадыңыз ба?

- Мен атеистпін және бұл жерде бұрынғыдан бетер нағыз атеистке айналғандаймын. Мен әлемде құдайдың әділдігі жоқ деп есептеймін. Яғни, жоғары әділдік жоқ. Менің анам да діншіл болған емес. Бірақ, енді ол мен үшін жалбарына бастады.

- Достарыңыз, әріптестеріңіз келіп тұра ма?

- Достарым мен әріптестерім маған келе алмайды. Маған жолығуға келетін бір ғана адам – ол менің әйелім. Ол да сирек келеді. Мұндағы басқа тұтқындар достарымен, әріптестерімен кездесе береді, ал, маған болмайды. Қазақстандық тұтқын өз достарымен кездесе алады да, ал, мен не себепті жолыға алмаймын? Егер менің достарым кездесуге келетін болса, онда міндетті түрде жүрісі көп тексерулерден өтуге міндетті болады. Мен шағымданатын бір ғана нәрсе - кездесуге шектеудің қойылуы.

- Бұл жерде басыңыздан өткен күндердің жақсы – жаманы болды ма?

- Бұл жер түзету мекемесі деп аталады. Бірақ ол түзетпейді, керісінше, өміріңнің бәрін бұзып, бүлдіреді. Мен қылмыскер емеспін. Бұл түрмеде басымнан екі кезеңді өткіздім. Алғашқы 13 ай мен үшін қорқынышқа толы болды. Мені нағыз қылмыскерлердің арасында ұстады. Үнемі қауіптеніп жүрдім. Олар менің Аджипте қаржы директоры болғанымды біліп, үнемі ақша талап етіп отырды. Ұдайы олардан қысым көрдім. Олар мені тура алтын жұмыртқа басып шығаратын тауыққа теңеді. Түрменің осы бөлігіне ауыстырғаннан кейін мен жұмыс істей бастадым, өмірім аз да болса жақсарғандай болды. Қазір табиғатынан қылмыскер емес жандардың ортасындамын. Олар өз өмірлерінде қателіктер жіберді, міне, енді сол үшін жазаларын алып жүр.

- Мұнда жүріп сіз өмірден қандай сабақ алдыңыз?

- Бұл кезең ішінде мен өзімнің нағыз достарымның кім екенін білдім. Бір кездері қызметте жүргенімде, олар менің достығымды қажет етті. Мен оларға керек едім. Енді олар маған бір ауыз сәлем де жолдамайды. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды, өмірден соны түйдім...

УГ-157/1 мекемесі бастығының орынбасары Ғарифолла ТҮРЕКЕШЕВ:         - Адами тұрғыдан алып қарағанда, оған жаның ашиды. Менің ойымша, оның бізге қояр талабы жоқ шығар. Оның рақымшылыққа ілігіп немесе өз еліне табыстау туралы шешімнің тезірек шығуын тілейміз. Ол өте сыпайы және ақылды адам, рақымшылықты асыға күтіп жүр. 

- Сіздің Қазақстанға деген көзқарасыңыз өзгерді ме?

- 10 жылдың ішінде мен бұл жерде өмір сүріп, жұмыс істеп жатқаныма бақытты едім. Жақсы еңбекақым болды, мен жергілікті үлестің артуы үшін және ұлттық кадрларды дайындауда біраз жұмыстар атқардым. Енді мен оның басқа жағын көріп отырмын. Өз қателігім үшін шеккен азабымның маған қаншалықты қымбатқа түскендігін білемін. Италияда ең көп дегенде әкімшілік айыппұл төлесем, мені босатып жіберген болар еді. Мен осы 28 айдың ішінде маған қолдау танытып, апта сайын тағамдар әкеліп тұрған өзімнің бұрынғы әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді. Оларға үлкен рахмет. Және бұл жерде тағы бір таңқаларлығы, көмекті итальяндық жолдастарымнан гөрі қазақстандық достарым жасап жатыр. Итальяндықтардың еңбекақысы жоғары ғой. Алайда, қазақтардың көрсеткен көмегі басым.

Флавионың сақтықпен берген жауаптарына қарағанда, оның түрмедегі өмірінің аса ауыр еместігін аңғаруға болады. Маған ол біздің пенитенциарлық жүйеге қарсы сын айтудан қашып, жақсы әсер қалдыруға тырысып отырғандай көрінді. Өйткені, ол өзінің тағдырын өзгертетін шешімге, яғни, рақымшылыққа үміт артып отыр.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА, «АЖ» қосымшасы - West KazakhstanToday редакторы

 

8 тамыз 2012, 22:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.