Махатма Гандидің туғанына 150 жыл толуына орай, 16 қазанда Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Вастрам: үнді тоқымасының әсем әлемі» атты көрме ашылды.
- Махатма Гандидің тоқымашылықты дамытуға зор мән бергені белгілі, - дейді Астанадағы Үндістан елшілігінің жанындағы Свами Вивекананда атындағы Мәдениет орталығының директоры Санджай Гарг (суретте). - Оның чархка (қол ұршығын) иіріп отырған суреті есіңізде шығар, үндінің ұлттық маталары мен киімдерін өндіруді сол кісі бастады. Осылайша, ол халқының өзін-өзі қамтамасыз етуіне және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болуына қол жеткізді. Ол кездері қазіргі заманғы байланыс құралдары болған жоқ, бұл ұлттық киім арқылы отарлаушыларға қарсы өзіндік сипаттағы азаттық күреске шақыру болатын.
Көрмеге Үндістанның әртүрлі өңірлерінен 40-қа жуық қолөнер бұйымдары қойылды: Кашмирдің жібек кілемі, Ориссаның сариі мен жейдесі, Батыс Бенгалия, Бихар, Махараштраның қабырғаға ілетін гобелен әшекейлері мен асүй дастархандары, Нагаланд палантиндері. Әр өңір өз стилімен ерекшеленеді, бірақ олардың барлығын бояулар ашықтығы мен қанықтығы біріктіреді.
«Вастрам» санскритте мата дегенді білдіреді, қаладан қалаға саяхат жасайды. Қазақстанға бұл көрме Бухаресттен келген, 25 қазанға дейін жалғасады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.
Суретті түсірген автор