Атырау, 26 желтоқсан 06:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Бұл кейін жасалған сценарий ме?

7 328 просмотра

Атырау қаласының тұрғыны Талап ӘМІРОВ осы жылдың 29 ақпанында көз жұмды. Алайда, оның өлім себебі әлі күнге дейін анықталмаған күйде қалып отыр. Марқұмның жолдасы шындық іздеу жолында табанын тоздырып жүр.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ «ҮЛГЕРМЕДІ»

Әміров аурухана палатасында (облыстық аурухананың жедел хирургиялық бөлімшесі) жан тапсырғанымен, дәрігерлердің толтырған қағазы бойынша ауруханадан бір күн бұрын, яғни 28 ақпан күні аяқтай шығарылған болып отыр. Оған дәлел - №2287 есептен шығару эпикризі. Ал 29 ақпан күні Әміровтың өлі денесі өзінің үйіне жеткізілгенде, бір адамдар қалалық жедел медициналық жәрдем қызметін шақырып қойған. Мекен-жай бойынша келіп жеткен бригада сүйек жатқан үйде «03 келгенше болған өлім» деген учаскелік дәрігерге жіберілетін №78 дабыл парағын жазып берген. Марқұмның әйелі мұның бәрі дәрігерлердің Талапты ауруханадан емес, үйден өлді дегенге келтіру үшін ойластырылған сценарий деп отыр.

- Мен 28 ақпан күні облыстық ауруханада жатқан күйеуіме тамақ алып барғанда, оның емдеуші дәрігері Абзал НӘЖІМЕДЕНОВПЕН сөйлестім. Сонда ол маған: «Жолдасыңызды ертең шығарамыз, киімін алып келіңіз», – деді. Ал 29 ақпан күні қаннен қаперсіз, Талапты шығарып алып келемін деп, оның киімін дайындап жатқанымда, ол қайтыс болды деген суық хабар естідім,- дейді марқұмның жолдасы.

Енді ол эпикриз бен дабыл парағына қарап, жолдасы қиналған кезде оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеген деп күдіктенеді.

-11 наурыз күні облыстық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Дәулен ЕЛЕУОВКЕ бардым. Осы кезде облыстық аурухананың хирургиялық ісі жөніндегі орынбасары Хайрекен ҚАДИРОВ пен А.Нәжімеденов «бұл адаммен өзіміз сөйлесеміз» деп, мені басқа бөлмеге алып кетті. «Ойламаған жерден осылай болды, біз де түсінбей қалдық. Сізге өзіңіздің жергілікті емханаңыздан жолдасыңыздың өлгені жөніндегі анықтаманы алып берсек қалай болады, әрі қарай мәселені қозғамайсыз ғой», - деді олар. Мен оған келіспедім.

 

МӘЙІТ ЖӘНЕ ҮШ ТҮРЛІ ДИАГНОЗ

Осылайша, екі ай жарым өтті, ал ол күйеуінің қайтыс болғандығы жөніндегі анықтаманы ала алмағасын, амалсыздан эксгумация жасатуға мәжбүр болған. 14 мамыр күні сот-медициналық сараптамасы жасалғаннан кейін қолына күйеуінің қайтқандығын растайтын қағаз алды.

Комиссиялық сот-дәрігерлік сараптама қорытындысында «Т.Әміровтың өліміне қатерлі ісіктің ыдырауы салдарынан, геморрогиялық шоктың дамуына алып келген қан құйылудың себепші болғанын» жазады. Ал гистологиялық зерттеу нәтижесі – лимфосаркома (онкологиялық ауру) екендігін көрсеткен.

- Егер де күйеуім қатерлі ісікпен ауырса, оны неге маған айтпайды? 15 ақпан күні күйеуімді онколог тексергенде онкологиялық ауру байқалмайды деп жазып, диагнозды кистаның ыдырауы деп қойған. №2287 есептен шығару эпикризінде басқа диагноз жазылады: «левосторонний свернувшийся средостения». Ал оның алдында қалалық аурухана дәрігерлері «өткір панкреатит» деген диагноз қойған болатын. Үш түрлі медициналық мекеме үш түрлі диагноз қойып отыр, - дейді марқұмның әйелі.

Сот-медициналық сараптамашы С.СЕЙДЕШОВ басшылығының рұқсатынсыз комментарий бере алмайтынын түсіндірді. Ал Әміровке ота жасаған дәрігерлердің бірі Хайреккен Қадиров болса, Әміровтен лимфосаркоманы бірден анықтағандығына сендіреді.

- Неге бұл туралы эпикризде айтылмайды және қатерлі ісіктің бар екендігі әйеліне неге хабарланбаған?

- Науқастың туыстарына бәрі де ескертілген болатын. 28 ақпан күні толтырылған эпикризге ешқандай қатысым жоқ. Қателік А.Нәжімеденовтың шығару эпикризін жазып тұрып, науқасты сол күні шығармағандығында. Оның айтуынша, науқастың әйеліне күйеуін 28 ақпан күні шығарылады дегенде, әйелі: «Тағы бір күн бола тұрсыншы, үйімді ретке келтірейін деп едім», - деп өтінген. Нәжімеденов те келіскен.

Абзал Нәжімеденовтың өзіжалпы комментарий беруден бас тартты. Әміровтың әйелі күйеуіне 28 ақпан күні барғанда, ақхалаттылардың біреуі де сол күні оны шығаратынын айтқан емес дейді:

- Мен оны қуана алып кетер едім. Онсыз да аядай таза бөлменің қай жерін тазалаймын?

 

БАР ҮМІТ АСТАНАДА МА?

Бұл жағдайға байланысты марқұмның әйелі аталмыш оқиға бойынша медицина қызметкерлеріне шара қолдану туралы ҚІІБ мен облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің департаментіне арызданды.

Жүргізілген тексеріс барысында Әміровты емдеген дәрігерлер түсініктеме жазып, онда жалған эпикризді өз қолымен толтырғандарын мойындаған. Мұның бәрі облыстық аурухана бас дәрігері Айбек ҒАБДУЛЛИННІҢ өзінің қарамағындағы дәрігерлерге құр ескерту беруімен шектелген.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, бұл іске қатысты қылмыс құрамы болмауына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған.

Осы іс бойынша Әміровтың жолдасы облыстық прокуратураға шағым түсірді. Сондай-ақ, ол қайтадан сот-медициналық сараптама көмегіне жүгінбек. Бірақ, бұл жолы материалдарды Астанаға жібермекші.

Айнұр САПАРОВА

8 тамыз 2012, 21:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.