Атырау, 10 қазан 16:54
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

«Бұл жерден шындық таппаймыз»

3 619 просмотра

26 шілдеде қаза тапқан шекарашылардың 60-қа жуық туыстары Үшаралға жиналды. Онда Индербор поселкесінен шыққан әлі күнге тағдыры белгісіз шекарашы Мейірхан ИМЕНОВТЫҢ (суретте) туыстары да болып қайтты.

ҮШАРАЛДА

- Бұл сапар жолдасым мен туыстарымызға ауыр соқты. Мен де барғым келген, «сен ауырып, талып қаласың» деп қарсы болды. Бірақ сағат сайын Сағындықпен хабарласып отырдым, мүмкін ұлымыз туралы бір дерек білді ме деп, - дейді көзі жасаураған Мейірханның анасы Айгүл БАҚТЫГЕРЕЕВА. Оның қасында сапардан жаңа оралған күйеуі Сағындық ИМЕНОВ те отыр. Ол Үшаралға қайнағасы Айболат БАҚТЫГЕРЕЕВ, Атырауда тұратын туған қарындастары Гүлбаршын ЖАКИЕВА және Дәметкен ИМЕНОВАМЕН бірге барған. Олар Атыраудан 26 шілде күні шықты. Сол күні кешке шекара әскерлері қолбасшылығымен кездесу өткен.

- Мен осы кездесуден ұлым туралы қандайма бір мәлімет аламын деп үміттенгем. Бірақ біз қойған сұрақтарымызға бірде-бір дұрыс жауап ала алмадық. Мәселен: шекара бекетінде шын мәнінде не болды? Германияда өткізіліп жатқан шекарашылардың сүйек қалдықтарының сараптама қорытындысы неге әлі күнге жоқ? Балам кейде аспаздың ұялы телефонымен хабарласатын. Осы да өзге жалдамалы жұмысшыларды қайда екен деп іздестіргенде бірін де таппадым. Естуімше, олардың бәрін де жұмыстан шығарып жіберген, - дейді С.Именов.

«АРҚАН-КЕРГЕНДЕ»

Мейірханның ата-анасы - Сағындық Именов пен Айгүл Бақтыгереева.Таңертең 27 шілдеде сарбаздардың туыстарын тікұшақпен «Арқан-Керген» шекара бекетіне жеткізген. Сарбаздар мерт болған жерде олардың жатқан керуеттері, темір тұрбалар, күйік шалған ағаштар және қоршалған жердегі күл ғана қалған.

- Барлық кереуеттерде сарбаздардың есімдері жазылған тақтайша болды. Ал Мейірханның кереуетінде ондай тақтайша болған жоқ. Мен оның себебін сұрағанымда, маған Мейірханның өртенген денесі басқа бөлмеден табылған деп жауап берді. Бірақ, басында бізге сарбаздар өртеніп кеткен сүйектері казармадан табылды деген болатын. Енді жаңа бір жайттар анықталып отыр. Кімге сенеріңді білмейсің, - дейді Сағындық. - Бұрын бізге «Арқан-Кергенге» машинамен жетуге мүмкіндік жоқ – жол жоқ деген болатын. Сөйтсек, машина жолы бар болып шықты. Ал жалпы, біз барған жер шекара бекеті емес, қала сыртындағы қожалыққа көбірек келеді. Біз мұнда бос күйі жабық тұрған екі үй көрдік. Меніңше, біздің балаларды бұл жерге шекара күзетуге емес, біреуге жұмыс істетуге әкелген. Балам соңғы сөйлескенде: «Папа, мен «Арқан-Кергенге» бара жатырмын, онда тыныш әрі жері керемет, тек, аз ғана жұмыс жасауға тура келеді», - деген болатын.

 

ШЕТЕЛ САРАПТАМАСЫНА ҮМІТ АРТУ

Именовтар отбасына облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЕН қаржылай көмек берілетіндігі жөніндегі уәдесі жазылған көңіл айту жеделхатын 8 маусым күні таксист әкеліп тастаған.

-Ол ақшаны әзірге көргеніміз жоқ, оның бізге қажеті де жоқ. Тек ұлымды аман-есен қайта оралтса болды, - дейді Айгүл.

- «Арқан-Кергенде» боздақ болған шекарашылардың есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылды. Біз қойды құрбандыққа шалып, Құран бағыштадық. Ұлымның есімін қаза болғандардың ішінен көру ауыр соқты, - дейді Мейірханның әкесі Сағындық Именов. - Балам тірі ғой, құмалақшылар оны бір жерде ұстап отыр дейді. Мен соған имандай сенемін. Тағы да қосарым: бұл оқиғада билік тарапынан шындық айтылмай келеді. Көбі жалған. Сондықтан біз шетелге үміт артып отырмыз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

"Арқан-Керген" шекара бекетінде Сағындық Именов түсірген суреттер

2 тамыз 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.