Табандатқан екі айдан кейін жылу беру маусымы басталады. Индер ауданында қысқа дайындық барысындағы кейбір жайлар күрделі күйде қалған.
БӘРІ ҚАРЖЫҒА ТІРЕЛІП ТҰР
Аудан көлеміндегі тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік сала нысандарының 2012-2013 жылдардың күзгі, қысқы кезеңіне дайындық барысы көңілді көншітпей тұр. Бұл науқандық жұмысқа бюджеттен 23 млн теңге қаралғанымен әлі бітпеген жұмыстар бар. Аудан мектептеріндегі жай жөндеу жұмыстары аяқталғанымен Сәкен Сейфуллин атындағы және Мұрат Мөңкеұлы атындағы мектептер, сондай-ақ, Аққала және Ынтымақ орта мектептері жаңа оқу жылына дайындық актісіне қол жеткізе алмай отыр.
Облыстық бюджеттен денсаулық сақтау саласындағы 9 нысанды жәй және күрделі жөндеуге тиісті 3 млн теңге шамасында қаржы әлі күнге бөлінбеген. Көктоғай селосындағы орталық жылу қазанын орнатуға және құбырларын ауыстыруға 7 млн 400 мың теңге бөлінгенімен мердігер «Достық Универсал» ЖШС қаржы жетпестігін алға тартып, жұмыстан бас тартқан. Оның орнына басқа мердігер мекеме келмек.
Ал 2010 жылы Индербор поселкесіндегі «Райхан» балабақшасының жылу қазандығы мен құбырларын ауыстыруға бюджеттен 19 млн теңге, Өрлік селосындағы мектеп, мәдениет үйі және дәрігерлік амбулатория ғимаратының жылу қазандықтарын жөндеуге 28 млн теңге бөлінген болатын. Сол жылы осы аталған жұмыстарды атқаруды өз міндетіне алған «СнабОилСтрой» ЖШС өз жұмысын әлі күнге толық бітіре алмағандықтан, мемлекеттік қабылдау актісі алынбаған. Соған қарамастан, жылу қазандықтары іске қосылған.
Аудандық тұрғын-үй, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы Орынғали ХАСАНОВ мердігерге жылу қазандықтарында орын алған ақаулықтар жөнінде қайта-қайта ескертілгенін айтады.
АВТОНОМИЯ ҚАЖЕТ
Осыған дейін Индербор поселкесіндегі көпқабатты 14 үй поселкелік әкімдіктің балансындағы 8 жылу қазандығынан жылу алып отырған болатын.
Индербор поселкесінің әкімі Бөкенбай НҰРҒАЛИ көпқабатты пәтерлерді тұрғындардың иелікке алатын уақыты жеткенін айтады.
- Әлі де болса әкімдікке арқа сүйегендер ПИК құруға да ынта танытпай отыр. Әзірше 2 ПИК құрылуда, олар 4 көпқабатты үйді мойындарына алмақшы. Қалған 10 үйдің жағдайы белгісіз.
- Жертөлелерді тазартуды кім жүргізбекші?
- Тұрғындардың өздері. Бұған бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Ал демеуші табу оңай емес, тұрғындарға 2000 теңгеден ақша жинаңдар дегенбіз.
Тығырықтан шығудың жалғыз жолы - дербес қазандық орнату. Ол үшін бірнеше ортақ мұржалар қажет. Ал мұржа жасауға демеуші болмаса, бюджеттен ақша бөлінбейді.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВТЫҢ айтуынша,мұржаларды жасауға 13 млн теңге қажет.
- Біз демеуші арқылы әзірге 5 млн теңге таптық. Қазір мұржа жасау жұмысы басталып кетті. Ал қалған 8 млн теңгені қайдан алатынымыз белгісіз. Бірақ қарап қалып жатқан жоқпыз, іздестіріп жатырмыз. Қайтсек те ол қаржыны табамыз. Ең бастысы, газшылардан мұржа жасауға рұқсат алдық. Жұмыс біткесін ғана заңдастыру жүреді. Және тұрғындардың тарапынан ынта болуы тиіс. Әйтпесе бастаған ісіміз құрдымға кетеді.
«Югстантехмонтаж» ЖШС-нің монтаждаушысы Болашақ ҚҰРМАШЕВТЫҢ айтуынша,мұржа жасау жұмысына бүгінде 5 адам бөлінген.
Дербес қазандық орнату ақысы бөлмелердің көлеміне сәйкес 134-154 мың теңге аралығын құрайды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА