Атырау, 11 қазан 16:06
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Өткен күннен бір белгі

4 453 просмотра

Биылғы жылдың маусымында біз облыстағы мұнай кеніштері бойынша сапар ұйымдастырып, мазут төгілген біршама аумақты анықтаған едік («АЖ» №25, 14 маусым 2012 жыл, «Туған жердің лайланды-ау тұнығы»). Бұл қалдықтар не болмақ? Осы сұраққа жауап алу үшін «АЖ» «“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру» АҚ мен «ҚазТрансОйл» АҚ-на хабарласқан едік.

 

40 ГА ЖЕРДІ ТАЗАРТУ КЕРЕК

«“ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру» АҚ-ның өндіріс бойынша бас директорының орынбасары Абат НҰРСЕЙІТОВТІҢ айтуынша, 2004 жылы «Жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» РМК қызметкерлері бүлінген және мазутталған жерлерге инвентаризация жүргізіп, олардың құнарлылығын қалпына келтіру жобасын әзірледі. Нәтижесінде, 2009 жылдың аяғына дейін 405 гектар жер анықталып, толығымен тазартылды. 2010 жылы тағы 107 гектар мұнаймен ластанған жердің құнарлылығы қалпына келтірілді. Қазіргі кезде «Қазақ мұнай және газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ мазутталған жерлерге қосымша инвентаризациялау жүргізіп, сондай-ақ жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру сметасын әзірлеуде. Жобалау құжаттары мен сметаларды компания үстіміздегі жылдың қыркүйегінде өкілетті органдардың қорытындыларын алғаннан кейін бекітетін болады. Алдын-ала жасалған мәліметтер бойынша, «“ҚМГ” БӨ» АҚ шарттық аумағында бұрын 2004 жылы инвентаризациялау кезінде ескерілмеген тарихи мазутталған учаскелер алаңы біздің облысымызда 40 гектардай жерді құрайды.

2004-2010 жылдары мазутталған жерлерді тазарту мен құнарлылығын қалпына келтіру Балғымбаев атындағы, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Нұржанов атындағы, Тереңөзек, Құлсары, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Қаратон, Қосшағыл, Байшонас, Қарсақ және Мақат кеніштерінде жүргізілді. Байшонас, Қарсақ, Алтыкөл, Комсомольск, Қошқар, Доссор, Солтүстік Мақат, Бек-Бике, Сағыз, Таңатар, Ескене, Тереңөзек, Батыс Прорва және Қосшағыл кеніштері биологиялық жолмен тазартылды. «“ҚМГ” БӨ» АҚ-ның 2005 жылдан 2011 жылдар аралығында Маңғыстау мен Атырау облыстарына табиғат қорғау шараларына бөлген инвестициялары 31 млрд теңге құрады.

Өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жаратуға келер болсақ: қазір «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес, 2012 жылға мазутталған жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру және жыл аяғына дейін 5 мың тонна көлемінде мазутталған топырақты өңдеу жобасы мен сметасын әзірлеуде.

А. Нұрсейітовтің айтуынша, соңғы жыл бойына «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ үшін ұңғыларды бұрғылауды мердігер мекемелер жүргізіп, пайдалануға «кілтпен тапсыру» арқылы қабылдайды екен. Мердігерлер бұрғылау шламдарын және ерітінділерді кәдеге жаратумен өздері айналысады. Бұдан басқа, бұрғылаумен және ұңғыларды жөндеумен айналысатын мердігерлер қамбасыз дайындау әдісімен жұмыс жасайды.

 

МЕШКЕЙ МИКРОБ

«АЖ» тілшісінің Маңғыстау облысының Боранкөл поселкесіндегі «Опорная» стансасының маңындағы мұнаймен ластанған жерлерді анықтауына қатысты «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Қайыргелді ҚАБЫЛДИН комментарий берді.

Оның айтуынша, құлсарылық МӨБ-ның «Өзен-Атырау-Самара» магистральды мұнай құбырының 433-шақырымындағы «Опорная» СТН маңында өткен ғасырдың 70-жылдары мұнай төгіндісі орын алған («ҚазТрансОйл» компаниясы 1997 жылы құрылған). Бұл «Өзен-Атырау-Самара» ыстық магистральды мұнай құбырын іске қосқан кезде төгілген. Ол кезде ластанған топырақты кәдеге жаратып, бүлінген жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген, ал мұнай төгілген жердің бетіне топырақ сеуіп тастаған.

2009 жылы тарихи ластанған учаскелердің алаңдарын анықтау жұмыстары жүргізілді. Ол 6,5 гектар құрады. Содан соң бүлінген жерлердің құнарлылығын қалпына келтіру бағдарламасы әзірленді. Оның шеңберінде 2010-2011 жылдары мұнаймен ластанған жерлерді тазарту және тасып шығару, биологиялық тазарту әдісімен зарарсыздандыру және 3,2 гектар алаңда жер құнарлылығын қалпына келтіру шаралары жүргізілді. Өңделген жер жаңа топырақпен толтырылып, аумақтағы жердің құнарлылығы қалпына келтіріліп, көпжылдық шөптердің тұқымы себілді. Бұған кететін шығындар 500 млн теңгеден астам қаржыны құрады.

Биыл ластанған топырақтың қалған көлемін тазарту жұмыстарын жалғастыру жоспарланған. Жұмысты бірнеше ай ішінде топырақ құрамындағы мұнайды 98 пайызға дейін жоюға қабілетті мұнай тотықтырушы микроорганизмдердің аборигендік штаммдарының негізінде әзірленген бактериялық препаратты қолдану арқылы биологиялық тазарту әдісімен 3-4 жыл ішінде аяқтау жоспарланған.

- Биопрепараттың құрамына кіретін микроорганизмдердің штамдары Батыс Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына және тұздылығы жоғары ортаға бейімделген, - дейді Қ. Қабылдин.

Әңгіме мұнаймен ластанған топырақты тазарту үшін қолданылатын «Бакойл-KZ» биопрепараты туралы болып отыр. Өткен жылдың аяғында оны дайындағаны үшін Микробиология және вирусология институтының ұжымы ҚР мемлекеттік сыйлығына ие болды. Марапатталушылардың қатарында «ГИРКАН» Атырау ғылыми-өндірістік орталығының бас директорының орынбасары Ерік ШОРАБАЕВ болды. Атырауда жасалған микробтар сапасы жағынан шетелдік аналогтардан қалыс қалмайды, ал бағасы бойынша - әлденеше есе арзан.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

 

Су астындағы ұңғылар қорымы

2002-2009 жылдары жұмыс істемей тұрған 99 мұнай ұңғысы, соның ішінде Каспий теңізінің су басқан аймағында 47 және құрлықта 52 мұнай ұңғысы жойылды.

Бұл туралы «АЖ» сауалына жауап ретінде ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мұрат САЙДУАҚАСОВ хабарлады. 2010 жылы 2010-2014 жылдың ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігініңстратегиялық жоспарының аясында «Атыраумұнайгазгеология» АҚ «Каспий теңізінің қазақстандық секторының шеңберінде және Каспий теңізінің су басқан аймағында орналасқан 1 900 мұнай ұңғыларын зерттеу» жобасы бойынша жұмыс жасады. Ұңғыларды түгендеу жұмыстары жүргізілді, олардың баланстық тиістілігі анықталып, кадастр жасақталды.

Атап айтқанда, Каспий теңізінің су басқан аймағында 1 262 ұңғы анықталды. Қазіргі кезде осы аймақта Атырау және Маңғыстау облыстарының аумақтарындағы110 ұңғыны жою жоспарланған. Мұнымен жарғылық капиталда мемлекеттің қатысу үлесі 100% болатын «Казнефтескважликвид» АҚ айналысады.

1 тамыз 2012, 21:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.