Атырау, 26 желтоқсан 00:13
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Шағымсыз он күнге жазаланады

1 839 просмотра

Бір қарағанда жаман емес, өз жұмысын біледі, ал ішсе болды – көз алдыңда адам танымастай өзгеріп кетеді. Сенің әрбір сөзіңнен ілік іздеп,  балағаттап, жанжал шығара бастайды, - деп әңгімелейді өз күйеуі туралы Гүлнәр (өтініші бойынша есімі өзгертіліп алынды). – Жоқ, жоқ, құдайға шүкір маған қолын көтермейді, бірақ оның есесіне үйдегі дүниенің барлығын қирата бастайды. Міне, соңғы рет тоңазытқыштың быт-шытын шығарды. Көршілеріміз біздің пәтерден шыққан айқайдан полиция шақырып үлгерген. Учаскелік инспектор күйеуіме қорғау ұйғарымын шығарып кетті. Содан бері бір ай өтті, әзірге тыныштық. Бірақ,  бұл тыныштықтың қашанға дейін созылатындығын білмеймін, бәрібір жарылғыш бөшкенің үстінде отырғандай күй кешіп жүрмін.

АРЫЗ ЖАЗБАСА ДА БОЛАДЫ 

«Қорғаныс ұйғарымы» деген түсінік осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға тиым салу және алдын алу туралы» заңның қабылдануымен бірге пайда болды. Бұл отбасының берекетін алатын төбелесқордан жанұяның басқа мүшелерін қорғау барысында полицияға оны қамауға алуға  негіз болмаған жағдайда қолданылады.  Жаңа заңның қабылдануымен Әкімшілік кодексте қорғаныс ұйғарымын бұзғаны үшін жазаны қарастыратын бап пайда болды. 

–  Биылғы жылдың басынан бері отбасының төбелесқорларына қатысты 350-ден аса қорғаныс ұйғарымдары шығарылды,- дейді Атырау қаласы бойынша ІІБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің аға инспекторы Бейімбет ОСПАНОВ. – Бұл адамдар автоматты түрде ішкі істер органдарындағы профилактикалық есепке  енеді. Ұйғарым мерзімі біткенге дейін учаскелік инспектор осы отбасына жиі келіп, тексеріп отырады.

Үйдегі жанжал шығарушыны тәртіпке салуды сұраған өтінішпен учаскелік инспекторларға, сондай-ақ, 102 кезекшілік тетігіне түсетін қоңыраулардың көп екендігін полицейлер атап өтті. Бірақ, әдетте, жәбірленушілер шағымданудан бас тартады. Ал ұйғарым шағымсыз да шығарылады.

- Іс жүзінде бұл былайша өрбиді: тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуші тұлғаға қолхат арқылы қорғаныс ұйғарымы беріледі. Бұл құжат оған тұрмыстық зорлық көрсетуге ғана тыйым салып қоймайды, жәбірленушінің еркіне қарамастан оны іздеуге, баруға  немесе ауызша не телефонмен сөйлесуге де тыйым салады,- деп түсіндірді Б.Оспанов.

Құжаттың әрекет ету мерзімі  – 10 тәулік. Оның мерзімі прокурордың санкциясы және жәбірленушінің шағымы бойынша 30 тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл тәртіп бұзылған жағдайда іс әкімшілік сотқа жолданады, сөйтіп төбелесқорға 5 АЕК (8 090 теңге) көлеміне дейінгі айыппұл салынады. Егер бұл да көмектеспеген болса, оны 10 тәулікке қамауға алады.

 

НЕ ҮШІН ШЫДАУ КЕРЕК?

Өткен жылы қылмыстық заңнамаларды гуманизациялауға байланысты ҚР ҚК 105-ші «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы алынып тасталған болатын. Енді бұл әрекетке ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-3 бабының 2- ші – «Денсаулықтың қысқа уақыт бұзылуына немесе жалпы еңбек қабiлетiн тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан денсаулыққа қасақана жеңiл зиян келтiру»
тармағына сәйкестендірілді. Мұндай күш көрсетулер үшін айлық есептік көрсеткіштің 50-ден 300-ге дейінгі мөлшерінде  айыппұл салуға немесе 45 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Отбасының мүшелеріне қол көтерген үйдегі жанжал шығарушылар міне, дәл осы баппен жазаланады. Алайда, олардың үстінен шағым-арыз көбіне жазыла бермейді, бұл біздің әйелдерімізге тән қасиет, яғни, жанжалды сыртқа жария етпеуге тырысады.

Дәл осындай жағдайды біздің мақаламыздың тағы бір кейіпкері Александра да өз басынан өткізді:

– Бұл алдымен күйеуімнің мені тоқтаусыз балағаттауынан басталған жанжал болды. Бара-бара ашуға мінген кезде мені ұруды бастады. Таяқтың іздерін шілденің аптап ыстығында ұзын жең көйлек киіп, көзге көзілдірік тағып жасыруға мәжбүр болдым. Сол кезде мен күйеуімнің үстінен арыздандым. Оған 50 мың теңге шамасында айыппұл салды. Содан кейін үйге ол ашулы келді, мені өлтіруден тайынбас деп ойладым. Кейін ешқандай айыппұл да, шағым да мені одан құтқармайтынын түсіндім. Оның бір ғана жолы – ажырасу болды. Ажырасу процесі басталған кезде пәтер жалдауға тура келді, ол болса мені іздеп тауып, үнемі келіп, қоқан-лоққы көрсетіп отырды. Міне, сол кезде мені қорғаныс ұйғарымы құтқарды. Содан бері бір жыл өтті, болған жағдай туралы мен көп ойландым, ойлана келе мына бір шындыққа көз жеткіздім, егер мен басынан-ақ, қол жұмсауға болмайтындығын бірден түсіндіргенде соншама уақыт азап шекпеген болар едім. Бізді қорғайтын заң нормалары тұрғанда қорлыққа көніп, қорыққаннан үндемегеннің керегі не?!    

Тамара СУХОМЛИНОВА

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 79-5 «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер» бабы. 1. Құқық бұзушымен отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы азаматтарға сыйламаушылық көрсетiлiп, былапыт сөйлеу, қорлап тиiсу, кемсiту, үй заттарына зақым келтiру және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегiнде жасалған олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттер, егер бұл iс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден үшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.
 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер, айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не 10 тәулiктен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамауға алуға әкеп соғады.

25 шілде 2012, 21:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.